
Сурет: pikuco.ru
«Әлеуметтік желіде елді алдайтын «пранк» дейтін дүниеге шектеу қоятын кез келді!», деп ашынды Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.
«Арнайы жасақтың киімін киіп алып, той, туған күндерге кіріп барып, қолдарына кісен салып, өтірік қызметтік құжат көрсетіп, соңында «пранк» деп шығатындар елдің есін алып жүр. Ауруханаға түскендер бар. Мәселен, жақында шетелдік байкерге бір қаскөй жанармай бекетінде екі рет пышақ сұққанда, кейбір куәгерлер «пранк шығар» деп араша түспеген. Қазір бейтаныс біреу пышақ алып жүгірсе, «бұл шын ба, әлде пранк па» деп қарап тұратындар, қалжыңды түсінбей қан қысымы көтеріліп, жүрек талмасы ұстаған фактілер де тіркеле бастапты. «Ойыннан от шықты» деген осы», деп депутат Ішкі істер министріне сауал тастады.
Депутаттың айтуынша, аталған министрлік аталған контенттің авторларын тауып, қатаң ескерту жасап, қолдарындағы қаруларын тәркілеу керек. «Бұл қоғамды толғандырып отырған мәселе», деп дабыл қақты М.Толықбай.
«Пранкшыларды» жүгендемесек, олар тіпті елді қойып, шетел азаматтарын да абдыратпақ болған. Мәселен, интернетте тараған кадрлардың бірінде Гуанчжоуда қазақ қызы серігінің қалтасынан ұялы телефонын алып, өтіп бара жатқан Қытай азаматтарына беріп жатқаны көрсетілген. Содан кейін ол жолдасына телефонның ұрланғанын айтып, өзі қалтасына салып жіберген адамды көрсетеді. Сонымен қатар көшелерде және метрода бейтаныс ер адамдарға жақындап, олардың қолдарынан ұстап немесе аяқтарына қолын тигізгені айналасындағылардың үрейін тудырған. Қазақ қызының бұл өрескел әрекеті қытайлық әлеуметтік желілерде наразылық тудырды. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындармен қалжыңдамақ болған, жақында Қытайдан оралған азаматымызбен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Біздің бейнеролигіміз ешкімді ренжіту мақсатында түсірілген жоқ. Бұл ойластырылмаған әрекет болды. Ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын. Енді контентті жариялаған кезде мұқият болуға уәде беремін», деп ақталды айыпталушы.
Тәртіп сақшылары шетелде жүрген әрбір азамат жергілікті дәстүрді, қоғамдық тәртіп ережелерін құрметтеуге міндетті екенін әрбір азаматтың есіне салады.
Ал елімізде түсірілген әлеуметтік желілерде тағы бір оғаш көрінген «әлеуметтік эксперимент» халықтың ашуын тудырды. Блогерлер көше сыпырған әйелдерге қоғамда бұған рұқсат етілмейтінін түсіндіру мақсатында ренжітетін сөздер айтқан. Видеороликте олардың бірінің көзіне жас алғаны көрініп тұр. Ақырында, блогер екеуіне 5 мың теңге беріп, «пранк» екенін айтады. Бұл таралған видеороликке қатысты журналистер оқиғаның заңдылығына түсініктеме беруді сұрап, полицияға өтініш түсірді. Сот видеоны зерттеп, ер адамды 10 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды. Оның әрекеті «қоғамға құрметсіздік» ретінде бағаланды.
Жыл басынан бері елімізде «пранк» жасау арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, «пранк» жасайтындардың мақсаты контент жасау ғана. Ол үшін олар тіпті «адам өлтіруден» тартынбайды.
«Мысалы, Астанада блогерлер лифт ішінде «мәйіт» тасып, балтамен шабуыл жасап видео түсірген. Бұл видео тұрғындардың үрейін ұшырып, қатты қорқыныш тудырды. Аталған қатыгез пранктің барлық қатысушысы 15-30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Күмәнді көріністі түсірмес бұрын немесе оған қатыспас бұрын салдарын ой елегінен өткізген жөн», деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ Алматы облысында экстремалды трюк жасағысы келген жас жігіт келе жатқан көліктің үстіне секірмек болып, соның салдарынан ауыр жарақат алып, қаза тапты. Сөйтіп ойынның арты орны толмас қайғымен аяқталды.
«Өкінішке қарай, «лайк пен қаралым жолындағы жарыс» әзіл-қалжың мен дұрыс көңіл көтерудің шеңберінен шығып кетті. Авторлар ешкімге зиян келтірмейтін контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көрсетіп, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатыр. Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы керек. Қатыгез пранктер мен қауіпті трюктер өнер емес, бұл – заң бұзушылық», деп түсіндірді Ш.Әлекешев.
Қазір ІІМ блогерлердің әлеуметтік желілеріндегі «пранк» контенттерін мұқият талдап отырады. Жалған куәліктерді, кісендерді және басқа да арнаулы құралдарды қолдана отырып, құқық қорғау органдарының нысанына жасырынған адамдардың қатысуымен сахналау («пранктер») жағдайлары бұзақылық, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын билік өкілі немесе лауазымды адам атағын өз бетінше беру не өзге де әкімшілік немесе қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде саралануы мүмкін екенін ІІМ ескертеді. Әрбір осындай оқиға бойынша тексерулер жүргізіліп, заңнамада белгіленген шаралар қабылданады.
Тіпті Ішкі істер министрлігі «пранк» ұйымдастырып, контент жасайтын азаматтарға үндеу жолдады. Ал мамандар қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, адамның ар-намысын қорлағаны үшін тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершіліктің де барын еске салады.