Қоғам • Бүгін, 09:10

Адвокатура мен медиация жүйесін жетілдіру жолы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адвокаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін құқықтық кепілдіктерді нығайту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру мен халыққа заң көмегінің қолжетімділігін кеңейту – өзекті мәселе. Сенатор Евгений Больгерттің Республикалық адвокаттар алқасының өкілдерімен кездесуінде осы мәселелер әңгіме арқауына айналды. Сондай-ақ адвокатура институтын дамыту, адвокаттар қауымдастығы қызметін жетілдірудің негізгі бағыттары талқыланды.

Адвокатура мен медиация жүйесін жетілдіру жолы

Сурет: baq.kz

Депутат Е.Больгерт Сенат­тың заң шығару қызметі туралы кеңінен айтып, адвокатура мен құқықтық көмек көр­сету жүйесін дамыту мәселе­лері профильдік комитет жұмы­сының басым бағытының бірі екенін атап өтті. Ол кәсіби қауымдастықпен өзара іс-қимыл тиімді заңнамалық бастамаларды әзірлеуге, тәжірибелі заңгерлер мен азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Адвокатура – құқықтық мемлекеттің маңызды элементі. Оның тәуелсіздігі мен кәсібилігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейіне тікелей әсер етеді. Біз адвокаттар өз миссиясын тиімді атқара алатын, ал азаматтар дер кезінде және білікті көмек алатын жағдай жасауымыз керек. Ол үшін заң шығарушылар мен кәсіби қауымдастық арасында тұрақты диалог қажет, сонда әр шешім қоғамның іс жүзіндегі қажеттіліктерінен туындайды», деді Е.Больгерт.

Сонымен қатар депутат Астана қаласындағы Медиация және татуластыру орталығына барып, орталық ұжымы, кәсіби медиа­торлар және судьялар корпу­сымен кездесті. Басқосу бары­сында медиация жүйесін инсти­ту­ционалды тұрғыдан нығайту, оны сотқа дейінгі дауларды шешуде кеңінен қолдану, сон­дай-ақ медиаторлар мен соттар ара­сындағы өзара іс-қимыл тетік­тері талқыланды. Ерекше назар медиацияны сот тәжіри­бесінде кеңейту және норма­тив­тік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелеріне аударылды.

Сенатор елімізде медиативтік келісімдер санының оң динамикасын атап өтіп, медиация институтын барлық өңірде одан әрі дамыту, медиаторлар­дың біліктілігін арттыру және медиация орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігін ерекше атап өтті.