
Субсидияланатын жұмыс орындарына мансап орталықтары арқылы 129,8 мың адам жіберілген. Оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарында 11,5 мың, жастар практикасында 9,1 мың, қоғамдық жұмыстарда 91,7 мың адам «екі қолға бір күрек» тапқан. Ал «Күміс жас» жобасы аясында 14,8 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 2,6 мың, сондай-ақ «Ұрпақтар келісімшартымен» 90 адам жұмыспен қамтылды. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқыту курсына 48,5 мың жұмыссыз тіркеліп, оның ішінде 45,3 мыңы оқуды аяқтады.
«Бастау Бизнес» жобасында кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 34,6 мың адам қамтылып, 19 мың кәсіп бастаушы оқуды аяқтап, сертификат алды.
Жұмыс берушілердің өтініші негізінде кәсіптік оқытуға 4 610 адам жіберілді, оның ішінде 834 адам оқуды аяқтаған. Бұдан басқа, қызмет саласын таңдау мақсатында кәсіптік орталықтарда 224,3 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтеріне жүгінді.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағытта жүзеге асып, еңбекпен қамтылғандарға міндетті зейнетақы жарналары аударылады. Қаңтар-шілде айлары аралығында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде – 129,8 мың; Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос орындарға – 86,2 мың; Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 66,3 мың; орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалар шеңберінде – 9,9 мың адам жұмыс тапты. Сонымен қатар осы жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 9 мың грант беру көзделген. Бірінші лекте 4,2 мың грант берілді. 11 тамыздан бастап «Business.Enbek» порталында 2-лекке үміткерлерден өтініштерді қабылдау басталды.