
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Әйелдер халықтың жартысынан көбін құрайды, бұл елдің экономикалық дамуы үшін айрықша маңызды. Сондықтан ерлер мен әйелдердің өмірдің барлық саласына тең қатысуы – басты басымдығымыздың бірі. Елімізде әйелдер ерлермен тең дәрежеде, тіпті кей жағдайда артықшылығымен де өз құқықтары мен мүмкіндіктерін жүзеге асырып отырғанын сеніммен айтуға болады. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 55,8 пайыз, оның ішінде 39,1 пайызы – басшылық лауазымдарда. Судьялардың 50 пайыздан астамы – әйелдер, олардың 47 пайызы – Жоғарғы сот судьялары. Квазимемлекеттік сектордағы басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 46,8 пайыз. Сонымен қатар әйелдер құқық қорғау және дипломатиялық қызметтерде белсенді еңбек етіп келеді. Қазір әйелдердің қоғамдағы рөліне қатысты әлеуметтік нормалар да өзгеріп жатыр, – деді Конференцияның пленарлық отырысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Атап өтсек, 1995 жылы қабылданған Конституция – еліміздің әрбір азаматының құқықтарының кепілі. Бейжің декларациясы болса, гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі жаһандық күн тәртібінің жаңа дәуірін ашқан маңызды халықаралық құжат. Сондай-ақ БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» атты 1325 қарарының қабылданғанына биыл – 25 жыл. Бұл қарар әйелдердің қауіпсіздік пен бейбітшілікке қосқан үлесін бағамдайды.
Жиынға қатысқан Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Мәжіліс депутаттары, Конституциялық және Жоғарғы сот, ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдар өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, гендерлік теңдік мәселелері бойынша әкімдердің штаттан тыс кеңесшілері, ғалымдар мен сарапшылар елімізде әйелдердің конституциялық-құқықтық мәртебесіне ерекше назар аударылып келетінін айтады. Өйткені қолға алынған реформалардың нәтижесі зор. Әсіресе зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар қатаңдатылып, заңмен бекітілді.
– 2023 жылдың соңында Президент Адам құқықтары мен Заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын бекітті. Оны іске асыру үшін 2024 жылғы сәуірде заңдарға тиісті түзетулер енгізілді. Мәселен, қылмыстық заңнамадағы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК 108-1-бабы) және ұрып-соғу (ҚК 109-1-бабы) құрамы қылмыстық жауапкершілікке ауысты. Соттарға ерекше талаптар шеңберінде агрессорларды тұрғын үйден оның балама тұратын жері болмаса да шығару және оларға денсаулық сақтау органдарында мінез-құлықтарын түзету үшін психологиялық көмек тағайындау құқығы берілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері қылмыстық теріс қылықтар шеңберінде 207 адамға қатысты аталған шектеулер белгіленді (ҚК 98-3-бабы), – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ақмарал Серікбаева.
Сондай-ақ оның айтуынша, жалпы қабылданған арнайы заңдар жыл сайын тұрмыстық қылмыс деңгейін орта есеппен 10 пайызға төмендетті. Егер 2005 жылы осындай 1,6 мыңнан аса қылмыс жасалған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,5 еседен аса төмендеді (900 қылмысқа дейін).
Айта кетсек, еліміз – ТМД-дағы полицияда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жеке бөлімшесі бар жалғыз ел. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік отбасы саясаты саласындағы уәкілетті орган ретінде айқындалды.
Жоғарғы сот судьясы Гүлмира Исамберлиева халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер арасында сот жүйесіндегі нақты гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз етіп келе жатқан санаулы мемлекеттің бірі екенін айтады.
– Еліміздегі судья-әйел, сот саласындағы маман – ерекше құбылыс емес, дәйекті мемлекеттік саясаттың, оның ішінде Жоғарғы соттың, Жоғары сот Кеңесінің, басқа да ұйымдардың бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесі. Сот төрелігін атқару сапасына әйел-судьяның қосқан үлесі қомақты. Өйткені олар әр іске жоғарғы деңгейдегі жауапкершілікпен, адалдықпен, әр мән-жайға нақты назар аударатын байқампаздықпен, заң талабы мен әлеуметтік әділдік арасындағы теңгерімге ұмтылысымен ерекшеленеді. Олардың кәсіби көзқарасы әсіресе, отбасы, балалар мүддесі немесе әлеуметтік осал топтарға қатысты істерді қарау барысында айрықша бағалы, – деді Жоғарғы сот судьясы.
Қазіргі елімізде 2 мыңнан аса судья бар, олардың жартысына жуығы – әйелдер. Облыстық соттарда 13 әйел алқа төрағасы қызметін атқарса, 79 әйел аудандық соттарды басқарып отыр.
Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, әлемдегі әйелдердің басшы лауазымдардағы жалпы үлесі 41,2 пайызды құрайды, оның ішінде еліміздегі саяси мемлекеттік әйел қызметшілердің саны ерлермен салыстырғанда он есе аз (бар болғаны 9 пайыз).
– 2019 жылдан бастап әйел министрлердің саны біртіндеп өсті, бірақ олардың үлесі министрлердің жалпы санынан 14 пайыздан (орташа әлемдік көрсеткіш 23,3 пайыз) аспады. Жалпы, әйелдер әлем халқының жартысын құрайды, бірақ саяси көшбасшылықтағы гендерлік ассиметрия әлі де сақталып отыр. БҰҰ мәліметінше, осы уақытқа дейін бірде-бір ел толық гендерлік теңдікке қол жеткізген жоқ және Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық Gender Gap 2024» баяндамасында әлемде гендерлік теңдікке жету үшін 134 жыл, ал саяси салада теңдікке жету үшін 169 жыл қажет екені атап өтілген, – деді саясаттанушы Айнұр Тұқымова.