Ата заң • Бүгін, 08:58

Демократиялық даму жолындағы дәйектілік

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ата заңымыздың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында елордада 2022 жылғы конституциялық түзетулерге түсіндірменің екінші басылымы жарыққа шығып, тұсауы кесілді.

Демократиялық даму жолындағы дәйектілік

Сурет: naqtygazeti.kz

Іс-шараға Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеген жұмыс тобының мүшелері, Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Бәшімов, Конституциялық соттың судьясы Еркін Оңғарбаев, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова қатысты.

Жиында конституциялық реформаның негізгі жаңашылдық­тары – Президентті жеті жыл мерзім­ге сайлау, көппартиялық жүйе­нің дамуына қосымша жағдай­лар жасау, Мәжіліс пен мәсли­хат­тарды қалыптастыру кезінде аралас сайлау жүйесін енгізу, Парла­менттің рөлін күшейту және мәрте­бесін жоғарылату, Адам құқық­тары жөніндегі уәкілдің құқық­тық мәртебесін және міндеттерін нығайту, сондай-ақ Конституциялық сотты қайта құру туралы нормалар екені айтылды. М.Бәшімовтің айтуынша, бұл заң үстемдігін арттыру жолындағы үлкен қадам әрі демократия қағидаттарының нығаюына жол ашты.

– «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидаты осы конституциялық реформадан шыққан. Өйткені Үкімет жауапкершілікті ұлғайтып отыру керек. Осындай конституциялық өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты және оның ашықтығын күшейтті. Адам құқықтарына баса назар аударылды, – деді Мәжіліс депутаты.

Конституциялық соттың судьясы Е.Оңғарбаев адам құқықтарын қор­ғау тетіктерін күшейту бағы­т­ын­дағы жетістіктің бірі ел тұрғын­дарына Конституциялық сотқа тікелей жүгінуге құқық берілуі екенін атап өтті.

– Бұрын мұндай құқық болмаған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бері азаматтардан 11 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Сондай-ақ мемлекеттік орган­дардың, Президенттің, Пар­ламент депутаттарының өтініштері бар. Алайда 99%-ы – азаматтардың тікелей өтініштері. Әрине, бұл – демократиялық мемлекеттің дамуы жолындағы үлкен серпі­ліс. Президент жиі айтатын Әділет­ті Қазақстан идеясы осы Консти­туциялық соттың қызметі арқылы да іске асып жатыр, – деді Е.Оңғарбаев.

Оның айтуынша, Конститу­циялық соттың құрылуы мемлекет­тік органдарды тәртіпке келтіріп, заң шығару үдерісіне, соның ішінде Парламент пен Үкімет жұмысына әсер еткен. Конституциялық сот өз жұ­мысын бастағалы бері 74 нор­ма­тивтік қаулы қабылдады, олар­дың басым бөлігі – азамат­тардың конс­титуциялық құқықтарын қорғауға бағытталған.

Заң ғылымдарының док­торы, профессор И.Әубәкірова 2022 жылы қабылданған конститу­ция­­лық түзетулер туралы бұл рефор­ма елдегі консти­туциона­лизм­нің жаңа кезеңін бастауға негіз болғанын атап өтті. Прези­денттік институтқа қатысты конс­титуциялық өзгерістер туралы айта келе, құқықтанушы Прези­дент өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деген нормаға тоқталды.

– Бұл бастаманы Мемлекет басшысы өзі көтерді, біз оны конститу­ция­лық ережеге айналдырдық. Президенттің партиядан тыс әрі сая­си тұрғыдан бейтарап болуы саяси жүйеде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын күшейтеді. Осы жаңашылдықтар енгізілгеннен кейін, бізде көпте­ген бағыт бойынша әділ әрі адам­ның қажеттіліктеріне басым­дық беретін қоғам мен мемлекетті қалыптастыратын жаңа бағдарлар айқындалды, – деді И.Әубәкірова.