Аймақтар • Бүгін, 12:45

Қостанайда тәртіп сақшылары балаларға жол қауіпсіздігін үйретті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда тәртіп сақшылары бірнеше балабақшаға барып, жол қауіпсіздігі ережелері  туралы сабақ өткізді. Іс-шара балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған «Назар аударыңыз – балалар!» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда тәртіп сақшылары балаларға жол қауіпсіздігін үйретті

Қызықты ойын түрінде өткен тәрбие сабағы барысында Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич кішкентай бөбектерге  жол белгілерінің мағынасын, жолды қалай дұрыс кесіп өту керегін, жол ортасындағы ала сызық не үшін қажет екенін түсіндірді.

Патрульдік полиция инспекторы бүлдіршіндерге жол тәртібін реттеушінің ишара қимылын көрсетіп, әр қимылдың нені меңзейтінін айтып берді. Артынша тәртіп сақшысының қимылын балалар да қайталап, оның не мағына беретінін бір-бірінен сұрап, жауап алып жатты.

Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабичтің айтуынша, балаларды қауіпсіздік ережелеріне үйрету – полиция жұмысының аса маңызды бір саласы.

«Баланың мінез-құлқы мектепке дейінгі жаста қалыптасады. Сондықтан бала жолда өзін қалай ұстау керегін жастайынан білуі керек.  Біз жолды қалай кесіп өту керегін ғана үйретпейміз, сонымен қатар балаларды көшеде мұқият болуға, өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігін ойлауға және жол ережелерін сақтауға үйретеміз», дейді Олеся Бабич.

№16 балабақшаның директоры Галина Травкина да мектепке дейінгі тәрбие мекемесінде жол қауіпсіздігі ережелерін үйрету, баланың жүріс-тұрыс дағдысын қалыптастыруға күнделікті көңіл бөлініп отыратынын атап өтті.

«Бізде жол ережелеріне арналған арнайы интерактивті бұрыштар бар. Әр топта өздерінің стендтері, жол белгілерінің макеттері, жаяу жүргінші өткелдері мен ойыншық көліктер қойылған. Мұның бәрі балаларға ойын арқылы жолда өзін қалай ұстауды үйретеді. Ал полицейлермен өткен бүгінгі кездесу оқу-тәрбие үдерісін одан да қызықты ете түседі», дейді балабақша басшысы.

Қостанай облысы