
Миссия аясында америкалық дәрігерлер 10 күрделі реконструктивтік операция жүргізді. Пациенттер қатарында туа біткен ақаулармен немесе ауыр жарақаттан кейінгі асқынулармен күресіп жүрген балалар мен ересектер болды. Жолға қойылған оталар тек емдеуге ғана емес, қазақстандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталды. Операциялар тәжірибелік сабақ ретінде тікелей эфирде еліміздің 15 өңіріндегі дәрігерлерге көрсетіліп, 150-ге жуық маман жаңа білім алып, сертификатқа ие болды.
Бұл игі істің жүзеге асуына АҚШ-та тұратын бес отандасымыз бастамашы болды. Айнур Роджерс, Гүлнар Фебрес, Токжан Балдерстон, Әльфия Бикинеева және Ксения Каменева құрған KCBANA ассоциациясы миссияның негізгі ұйымдастырушысы атанды. Ассоциация ресми түрде жыл бұрын тіркелгенімен, пандемия кезінде-ақ ел дәрігерлеріне көмек көрсетіп, емге мұқтаж балаларды қолдаумен айналыса бастаған еді.
KCBANA мүшелері дәстүрлі жолдан бас тартып, пациенттерді шетелге жіберудің орнына америкалық мамандарды Қазақстанға шақыруды жөн көрді. Мұндай тәсіл көп адамға бірден көмек көрсетіп қана қоймай, отаның үй жағдайына жақын, қолайлы ортада жасалуына мүмкіндік берді.
«Егер бұл жоба кем дегенде бір балаға көмектессе, соның өзі жеңіс болар еді», дейді KCBANA-ның негізін қалаушылардың бірі Айнур Роджерс.
Оның айтуынша, дайындық кезеңінде команда бар уақытын осы іске арнаған.
«Түнде, демалыс күндері, негізгі жұмысымыздан кейін еңбек еттік. Алғашқы күні балаларды көргенде бар шаршауымыз ұмытылды», – деп еске алды ол.
Миссияға пластикалық хирург Даррин Хьюберт, бет жүйкесі саласындағы жетекші маман Томас Ли, операциялық медбике Мэрилин Бэйген және Питтсбург университетінде білім алған, бүгінде АҚШ-та қызмет атқарып жүрген отандасымыз Жазира Иргебай қатысты.
«Алдағы уақытта Қазақстан мен АҚШ дәрігерлері арасында жаңа ынтымақтастық жобалары іске асады деп сенеміз», дейді Айнур Роджерс.