
Фото: ашық дереккөз
Президент журналистермен Ақ үйдегі кабинетіндегі баспасөз жиынында кездесті.
«Мен екі күн ештеңе істемедім, ал жұрт мен туралы бірден жаман әңгіме шығара бастады», деді Трамп әзіл аралас пікір білдіріп.
Қауесеттер тамыздың соңында X әлеуметтік желісінде кеңінен тараған. #TrumpIsDead хештегі бірнеше сағат ішінде танымал болып, мыңдаған жазба жарияланды.
Сол күні-ақ аты-жөнін атамаған америкалық шенеунік Axios журналисі Барак Равидке президенттің жағдайы жақсы екенін, ол сол күні гольф ойнап жүргенін айтқан.
Әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар күшейді. Кейбіреулер АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің қажет болған жағдайда президенттің міндетін атқаруға дайын екенін мәлімдеуін дәлел ретінде келтірді. Ал басқалары Трамптың қолындағы көгерген даққа назар аударып, оны королева Елизавета II-нің қайтыс болар алдындағы белгілермен салыстырды.
Президенттің өзі ел алдына шығып, денсаулығына қатысты күмәнді әңгімелерді жоққа шығарды. Осылайша, Трамптың қайтыс болғаны туралы қауесеттердің жалған екені ресми түрде расталды.