
Қазірдің өзінде 80 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған мультимедиялық думан өзін-өзі ақтай ма? Ауқымды жобаны жүрексінбей қолға алған халықаралық деңгейдегі таланттар тобы әрбір әні құлағымызға сіңген қазақы композитордың әуендерін өз қалыбында бере ала ма? Интерпретация жетегіндегі жобадан Тілендиевтің қолтаңбасын көре аламыз ба? Осы мақсатта Алматыда жоба жетекшілері мен әлемге әйгілі скрипкашы әрі дирижер Марат Бисенғалиев журналистермен кездесті.
Өйткені «Qustar» – жай концерт емес, Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық мұрасымен өрілген өнер мен қазақ классиктерінің нақыл сөздеріне толы эксклюзивті бағдарлама болғалы отыр.
«Qustar» – композитор Нұрғиса Тілендиевтің ғасырлық тойына арналған мультимедиялық шоу ғана емес. Бұл – біздің көрерменге, әсіресе жас ұрпаққа жаңа бағыт беру жолындағы талпынысымыз. Сондай-ақ мультимедиялық шоудан канадалық композитор Дмитрий Вареласты, осы жобада әуеде құстар сияқты қалықтап жүріп өнер көрсететін Үндістан симфониялық оркестрінің (Symphony Orchestra of India) орындауындағы Mумбай дыбыстарын, пластикалық және бейнелеу театрының қарлығашы Анна Верденің режиссурасы мен хореографиясын, Марат Бисенғалиевтің виртуоздық скрипкасын, хордың ғажайып үйлесімі мен халық аспаптарында ойнайтын Абзал Арықбаев пен Анар Қасымованың қайталанбас талантын көруге болады.
Дегенмен, жобаны өз бастамамызбен жүзеге асырып отырмыз. Сонымен қатар идеяны жүзеге асыру мен бағдарламаны әзірлеу барысында композитордың туындыларын пайдалануға мүмкіндік берген, мүдделілік танытып әрі сенім артқан Нұрғиса Тілендиевтің қызы – Дінзухраға шынайы алғыс айтамыз», дейді жобаның бас продюсері Қайрат Құлбаев.
Айтқандай, биыл өзінің 20 жылдығын атап өтіп жатқан «Symphony Orchestra of India» Алматыдағы премьераға алғаш рет келгелі отыр. Ал осынау өнер ұжымын әлемге өзін мойындатқан қандасымыз – Қазақстанның бейбітшілік елшісі Марат Бисенғалиев құрғанын еске салу ләзім.
Бір сөзбен айтқанда, Алматы осындай ерекше думанға дайындалып жатыр. Ал «Qustar» жобасы жалғасын табады. Әзірге альбомы жазылып, студиялық жұмыстары аяқталды. Одан бөлек ұйымдастырушылар жобаның винил альбомын да шығарып, бірнеше елге гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отыр.
АЛМАТЫ