
Оның айтуынша, халық арасында жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жол апаттары азаймай тұр. Өкінішке қарай, осы жылдың алғашқы жеті айында жол-көлік апаты салдарынан 176 бала қаза тапқан. Оның жартысынан көбі көлікте отырған жолаушы болса, қалғаны – жаяу жүргінші, велосипедші, самокатшы және мопед жүргізгендер.
– Көп жағдайда ересектер көлік ішінде балаға арналған қауіпсіздік құрылғысын пайдаланбайды және қауіпсіздік белдігін тақпайды. Сондай-ақ жол апатында көбіне жаяу жүргінші балалардың өздері кінәлі болып жатады. Кейбірі тіпті жолдан өтерде жан-жағына қарау керек екенін ұмытып кетеді. Қараңғы кезде үстінде жарық шағылыстыратын киім болмағандықтан, жүргізушілер адамды байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан балаларға өте сақ болуды және көлік жүргізушісі жол бергеніне көз жеткізуін үнемі түсіндіріп отыруымыз керек, – деді ІІМ өкілі.
Ол балалардың жол апаттарында жарақат алу мен қаза табу оқиғаларының алдын алу мақсатында министрлік тарапынан түрлі шара қабылданып жатқанын жеткізді. Мәселен, «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Абайлаңыз, балалар!», «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!», «Ата-ана, балалардың өмірін сақтайық!», «Балалар, жолда абай болыңдар!», «Сіздің жолаушыңыз – бала!», «Мектепке барар қауіпсіз жол» секілді акциялар мен іс-шараларды атауға болады.
– Балалардың жол-көлік апатына ұшырауының алдын алуға бағытталған ең тиімді құралдың бірі – жас жол инспекторлар жасағын ұйымдастыру. Дүние жүзінің көптеген елінде мұндай тәжірибе білім беру мен қоғамдық мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, осы бастамалар жолдағы жарақат қаупін төмендетіп, өскелең ұрпақ арасында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Біз де өз тарапымыздан жас жол инспекторлар қозғалысын дамытып келеміз. Осы айдың басында Өскемен қаласында Ғ.Байтасов атындағы XX республикалық және мемлекетаралық слёт өткіздік. Оған еліміздің барлық өңірінен және Қырғызстаннан 200-ден аса мектеп оқушысы жиналды. Барлық іріктеу кезеңін есепке алғанда, еліміз бойынша қозғалысқа 70 мыңнан аса бала тартылды, – деді Қ.Сұлтанбаев.
Полиция генерал-майоры кезекті оқу жылының қарсаңында білім беру мекемелерінің жанындағы инфрақұрылымға зерделеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Мектептердің қасына бағдаршамдар, жасанды кедір-бұдырлар, жол белгілері мен ақпараттық паннолар, қоршаулар және автотұрақтар орнатылған. Сондай-ақ полиция қызметкерлері оқу орындарының терроризмнен қорғалу деңгейін, яғни бейнебақылау камераларын, дабыл түймелерін, күзет ұйымдарының болуын, тағы басқасын тексеріп жатыр.
ІІМ өкілі жол қауіпсіздігінен бөлек, балалар өміріне қауіп төндіретін басқа да келеңсіз жайттарға тоқталып, ата-аналарды қырағылыққа шақырды.
– Ата-аналарға да айтарымыз – балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар мен басқа да келеңсіз жағдайлар бақылаусыздық салдарынан болып жатады. Балаңыз бос уақытында немен айналысатынын және кіммен араласатынын білгеніңіз абзал. Қазіргі таңда кез келген бала интернетке еркін кіреді, алайда білместікпен олар есірткі таратушылардың назарына түсіп, өздері де есірткі тұтынуы мүмкін. Алғашқыда балалар темекі шегіп, дәріханалық препараттарды қолданудан бастауы ғажап емес. Мұндай жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет. Әрбір өтініш тіркеліп, жедел ден қою шаралары қабылданады, – деді ол.
Айта кетсек, 25 тамыздан бері елімізде жолдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» атты акциясы жүріп жатыр. Бұл іс-шара 10 қыркүйекке дейін жалғаспақ.