
Сурет: wfin.kz
Бұл инвестициялар экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған. Барлық жоба 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары аясында жүзеге асырылады.
«Банк қызметі макроэкономикалық көрсеткіштермен шектелмейді, басты назар отандастарымыздың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Біз жаңа жұмыс орындарын ашуды, сапалы тауарлар шығаруды көздейміз. Инфрақұрылымды дамытқымыз келеді», деді ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Өңдеуші өнеркәсіпте 14 жаңа зауыт салынып жатыр. Оның ішінде «Qazaq Soda» зауыты, «Qaragandy Power Silicon» ферроқорытпа зауыты, «Talas Investment Company» натрий цианиді өндіретін кәсіпорны және металлургия мен машина жасау нысандары бар. Сонымен қатар энергетика саласында 5 ірі жоба жүзеге аспақ. Бұл қатарға 3 жаңартылатын энергия көздері нысаны, қуаты 150 МВт болатын Хромтаудағы жел электр стансасы мен Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жұмыстары кіреді.
Азық-түлік қауіпсіздігі үшін 4 ауқымды жоба қолға алынған. Түркістан облысындағы «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешені мен Алматы облысындағы «Прима Кус» құс фабрикасы солардың қатарында.
Туризм мен әлеуметтік инфрақұрылымда да маңызды жобалар бар. Халықаралық деңгейдегі екі қонақүй, тау-шаңғы кешені және Көкшетауда 630 төсектік орынға арналған көпсалалы аурухана салынып жатыр. Көлік инфрақұрылымында республикалық маңызы бар 5 000 км автожол қайта жаңғыртылады.
«Біздің міндетіміз – жай ғана қаржыландыру емес, елдің стратегиялық мақсаттарын тұрақты экономикалық құндылықтарға, нақты жобаларға және экспорттық мүмкіндіктерге айналдыру. Бұл – келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыс. Мәселен, ҚДБ халықаралық қаржы институттары мен экспорттық-кредиттік агенттіктердің қаражатын белсенді тартып отыр. Бұл отандық өнімді Орталық Азиядан бастап Еуропа мен Қытайға дейінгі нарықтарға жеткізуге, сон-
дай-ақ елдің жаһандық өндірістік және сауда тізбектеріне интеграциялануына мүмкіндік береді. Мысалы, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚДБ 1,7 млрд доллардан астам қаражатты нарықтық шарттарда тартты», дейді М.Елібаев.