
Сурет: rus.baq.kz
Әлем чемпионатының додасын бүгінгі сессияда әйелдер арасында Эльина Базарова бастайды. 54 кг салмақта додаға қосылатын Эльина өзбекстандық Нигина Уктамоваға қарсы айқасады. Париж Олимпиадасына қатысқан жастар арасында әлем чемпионы атанған өзбек қызы осал емес. Жерлесіміз алғашқы айналымнан өтсе, екінші айналымда мажарстандық Ханна Лакотармен жолы түйіседі.
Елдос Сайдалин баптайтын қыздар құрамасына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Үш дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай (48 кг) жаһан додасын екінші айналымнан бастайды. Ол мажарлық Лилия Шелецкий мен Гонконг үмітін арқалап келген Лам Хон Ки тартысының жеңімпазымен жұдырықтасады. Әлем чемпионы Алуа Балқыбекова (51 кг) да алғашқы айналымда тынығып, оңтүстіккореялық Мун мен алжирлік Фатима Мансури айқасында басым түскен боксшымен ширек финал жолдамасына таласады. 57 кг салмақта Карина Ибрагимованың алғашқы тартысы грек қызы Панагита Кузилуга қарсы өтсе, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Виктория Графеева (60 кг) Косова намысын қорғайтын Донета Садикудің қарымын байқайды. 65 кг салмақта әлем чемпионы Аида Әбікеева Мажарстан боксшысы Анна Луца Хамориге қарсылас атанды. 70 кг салмақта Наталья Богданова да алғашқы айналымда тынығып, үндістандық Суприя Деви мен дат қызы Дитте Фростхольм жекпе-жегінде жеңіске жеткен боксшыға қарсы айқасады. Жеребе Надежда Ребяцке (75 кг) ауыр түсті. Алғашқы айналымда-ақ әлем чемпионы қытайлық Ванг Линаға тап болып отыр. Азия чемпионы Гүлсая Ержан (80 кг) литвалық Ивета Лесинскитеге қарсы айқас өткізеді. 80 кг салмақтан жоғарылар тартысында Елдана Тәліпова да алғашқы айналымда бос. Ширек финалдық тартыста Грейс Бакл (Англия) мен Селин Ли Ло (Жаңа Зеландия) айқасының жеңімпазына қарсылас атанады.
Бүгін ерлер арасында рингке алдымен Сағындық Тоғамбай (90 кг) шығып, Англия үміті Исаак Окоға қарсы жекпе-жекке түседі. Өзге жігіттердің де алғашқы айналымдағы қарсыластары белгілі. 50 кг салмақта әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Хузайфа Ешиш (Иордания) мен Еуропа чемпионы ирландиялық Луис Руни айқасында жеңіске жеткен боксшының қарымын байқамақ. Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан (55 кг) алғашқы айналымда тынығып, Әмір Мохаммади (Бельгия) – Ортиз (Мексика) айқасындағы жеңімпазға қарсылас болады. 60 кг салмақ дәрежесінде Бейбарыс Жексеннің қарсыласы Лей (Тайпей) – Жунмилардо Огайре (Филиппин) айқасында анықталады. Ертуған Зейнуллинов (65 кг) француз Уго Рауға қарсы жекпе-жекке шығады. Екі боксшы жазда Астанада өткен әлем кубогінің кезеңінде қолғап түйістіріп, жерлесіміз басым түскен. 70 кг салмақта жастар арасында әлем чемпионы Төрехан Сабырхан ересектер сапында бағын сынап, алжирлік Яиче Юсуфке қарсы тартысқа түседі. Сабыржан Аққалықов (75 кг) украиналық Павел Илюша мен ирандық Мохаммад Ноурани жекпе-жегінің жеңімпазына қарсылас болады. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай (80 кг) украиналық Матвей Ражба мен германиялық Бен Носа Эхис жекпе-жегінің жеңімпазына қарсы айқасады. Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (85 кг) грузин Георгий Кушиташвили (әлем чемпионатының қола жүлдегері) мен хорват Лескур тартысының жеңімпазына қарсы айқасады. Аса ауыр салмақ (+ 90 кг) дәрежесінде Айбек Оралбайдың қарсыласы түрік Илияс пен түрікмен Исламов арасындағы айқаста анықталады.
Қайрат Сәтжанов баптайтын ерлер құрамасына да зор үміт жүктеліп отыр. «World Boxing» ұйымының аясында өтетін тұңғыш әлем чемпионатына 68 елден 554 боксшы (329 ер, 225 әйел) дода көрігін қыздырмақ.