Қоғам • Бүгін, 08:43

Еларалық сенім

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Ақордада Мемлекет басшысы сегіз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдаған еді. Солардың бірі – Үндістан Республикасының еліміздегі жаңадан тағайындалған елшісі Я.К.Сайлас Тангал.

Еларалық сенім

3 қыркүйекте С.Тангал мырза елшілікте еліміздің бірқатар БАҚ өкілдерін қабылдап, өзінің алдағы жұмысы жайында баяндап, екі елдің байланысын одан әрі тереңдету туралы ойларымен бөлісті.

«Мен жақында Жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенім грамотасын табыстадым. Қазақстан се­кіл­ді ғажайып әрі жедел дамып келе жат­­қан елде Үндістан Республикасының өкі­лі ретінде қызмет ету – мен үшін үл­кен абы­рой. Үндістан мен Қазақстан­ды көп­ға­сырлық бай тарихымыз, мәдени ұқсас­ты­ғымыз және өзара құрмет бай­ла­ныс­тырады. Қазіргі таңда біздің қа­рым-қатынасымыз стратегиялық серік­тес­тік негізінде дамып келеді. Қазақстан Үндістанның «кеңейтілген көршілік» саясатында айрықша орын алады», деді елші.

Оның айтуынша, екі мемлекет БҰҰ, ШЫҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді ұйымдар аясында сенімді одақтас саналады. Тараптар энергетика, фармацевтика, ақпараттық технология, ғарышты игеру, қорғаныс, білім, мәдени салаларда ынтымақтасып жұмыс жүргізіп келеді және әлі де іске асырылмаған өзара байланыс әлеуеттері жоғары.

«Алдағы айларда Қазақстан Үкіме­тімен, бизнес қауымдастықпен, акаде­миялық ортамен және жалпы қоғаммен байланысымызды тереңдете береміз деген үміттемін. Өзара барыс-келіс, іскерлік миссиялар және мәдени бастамаларымыз жалғасын тауып, халық­тарымыздың жақындасуы мен стра­тегиялық серіктестігіміздің дамуына үле­сімізді қоса береміз», деді С.Тангал.

Елшімен кездесу өзара пікір алмасу түрінде өтіп, журналистер тара­пынан экономика, білім, жасанды ин­теллект салаларындағы байланыс­тар мен тәжірибе алмасулар жөнінде сұрақ­тар қойылды. С.Тангал қазіргі таң­да біздің елімізде, атап айтқанда, Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Пет­ропавл қалаларында 12 мыңдай үнді студенті білім алатынын, олардың басым бөлігі медициналық мамандықтарды таңдағанын атап өтті. Сонымен қатар кейінгі жылдары Қазақстанға келе­тін үнді туристерінің де саны артып келеді.