Осы мақсатта Жазушылар одағы Астана филиалының ыждағатымен һәм қалалық әкімдіктің қолдауымен классик жазушы, Мемекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің «Жазушы лабораториясы» тақырыбындағы дәрісі өтті. Көпшілік оқырманға белгілі, Әбдікұлының әдебиет әлемі парасат майданындағы ізгілік пен зұлымдықтың қақтығысы, адамдық толғаныстар мен қоғамдық қопарылыстардан тұрады. Жазушыны қалыптасқан ортасы тәрбиелеп шығатынын ескерсек, қаламгердің заманы осы тақырыптарға өзі әкелгенін ақылмен аңғаруға болады. «Сол жылдары менің және қатарластарымның көбінде протестік көңіл-күй болды» деген қаламгердің сөзінен кеңестік қалыпқа сыймай, алқынып-бұлқынып жатқан қазақ әдебиетінің эмоцияналды ахуалы көрінеді.
Жазушының қатарластарым деп отырғаны, өзінің жақын достары – Әнес Сарай, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке. Бәрі – бір курстан түлеп ұшқан мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, қазақтың қабырғалы қаламгерлері болып шықты. «Адамның өміріне жарық шашатын нәрсе – достық. Мен бұл жігіттермен туысқанымнан жақын араластым», деп ағынан жарылды Төлен Әбдік. «Үнемі шығармашылық ізденістің нәтижесінде біздің буын керемет шығармаларды қатарынан дүниеге әкелді. Мәселен, Мұқағали Мақатаев «Дулаттың «Сүйекшісін» оқып жыладым» дегені бар. Бір қызығы, бұл – Исабековке заманында берілген бірен-саран бағаның біреуі. Ал оның жазған шығармалары бүгінгідей қошеметпен құрметтелген жоқ. Ағалар тарапынан қатардағы туындалар секілді қабылданды. Бәрімізде де солай болды. Асыра мақталмағаны кейін өзімізге жақсы болды. Арқамыздан қаға берсе, кейінгі жазылған кесек туындылар дүниеге келмес те еді», деді Төлен ақсақал. Осы ретте ол жас жазушылардың әсіре мақтанға салынбау керектігін баса айтты.
Көрермен арасынан жас жазушы сұрақ қойды. Сауалының рәуіші «біз әлемдік тақырыптарға барғымыз келеді, бірақ оны классикалық оқырман санасы қабылдай қояр ма екен?» дегенге саяды. Сонда лектор: «Шеберлік жетсе кез келген тақырыпта жазуға болады», деп жауап берді. Нақты әрі батыл сөз. «Өнердегі шын шеберілікке апарар жол – еңбек, дилетанттыққа – халтура. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуге тиіс», деген әдебиеттанушы академик Зейнолла Қабдоловтың сөзі осы орайда ойға оралады.
Төлен Әбдік әрі қарай ойын сабақтады: «Көркем шығармада детальға мән берілу керек. Күллі сюжет осы детальмен өріледі, сұлулығы айқындалады. Салдыр-күлдір баяндаушылық әдебиет кеңістігіне кірмейді», деді жазушы.
«Әдебиеттің алтын дәуірі өтіп кетті» деп күрсіну – қисынсыз. Алтын дәуір – салыстырмалы ұғым. Қазір де жақсы проза мен поэзия жазылып жатыр. Тек қаламгерлерге ізденісті молайту керек. Халыққа қарапайым әдебиет қана қажет деген ойдан алыс болған жөн. Интеллектуалды шығарманы түсінетін оқырман – жетерлік». Осылайша Төлен Әбдік әдебиеттің арғы-бергі дәуіріндегі мәселелеріне тоқталып, бүгінгі жай-күйіне баға берді.
Дәріс соңында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жазушыға ізгі ілтипатын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Ал Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы аталған жобаның тұрақты жалғасатынын жеткізді.