
Энергетика саласында меритократия қағидасы айқын байқалады: мұнда мансап жолында тек еңбегі мен қабілеті бар адам ғана алға жылжиды. Туыстық байланыстар қызметте өсуге ықпал ете алмайды. Керісінше, әулеттер кәсіпорындарда еңбек дәстүрінің сабақтастығын қалыптастырып, еңбек ұжымдарының әлеуметтік әрі рухани тірегіне айналады.
Әулеттің бастауында – Бейбіт Мақсұтов
Мақсұтовтар әулетінің энергетикадағы тарихы Алматы жылу-энергетика кешенінде 1995 жылы басталды. Сол жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында туған 21 жастағы Бейбіт Мақсұтов Алматыға қоныс аударды. Елде колхоздар тарап, ауылда тұрақты жұмыс азайған шақ еді.
Бейбіттің энергетикаға келуіне ағайындары – қазандық цехының бастығы, кейін бас инженер, директор болған Исахан Сырғабаевтың үлгісі және әкесінің ЖЭО-2-ге жұмысқа тұруға кеңес беруі ықпал етті.
«Жұмысқа қабылдау үшін өтініш бланкін берді. «Пылеприготовительный цех» дегенді көріп, «пысты қайдан дайындайды екен?» деп ойладым. Кейін «слесарь» дегенді оқығанда тағы түсінбедім. Ал «Чашкинаның орнына» деген жазуды көргенде, «әйел істеген жұмысты мен де істей аламын» деп өзіме мақсат қойдым. Содан бері 30 жыл өтті. Алғашында дәнекерлеуші болдым. Ол дағды сол кезде жан бағуға көмектесті, бос уақытымда үйлерге жылу, су жүйесін орнаттым, электр желілерін тарттым, ал сүйікті ісім – көлік жөндеу болды», – дейді Бейбіт Мақсұтов.
Кейін ол шебер болды, 2005 жылы анасы мен жұбайының кеңесімен колледж бен университет бітірді. Қазір Бейбіт – ЖЭО-1-дегі қазандық цехының бастығы. Бірақ оған дейін ол барлық сатыдан өтті. Үнемі ізденіс пен еңбекқорлығының арқасында ғана жетістікке жетті. Бүгінде де қарамағындағы жас мамандарға қолдау көрсетіп, тәжірибесін бөлісуден тартынбайды.
Әулеттің жалғасы – Рашид, Ринат, Бақыт және олардың балалары
1996 жылы Бейбіттің кеңесімен энергетикаға оның ағасы Рашид келді. Алдымен қазандық цехында, кейін құбыр цехында еңбек етті. Қазір ЖЭО-2-де желілік сорғылар мен құбыр жабдықтарын жөндейтін шебер. Оның балалары да әке жолын қуған: Ғалымжан ЖЭО-1-де құбыр цехының аға машинисі.
«Балаларыма энергетиканың артықшылығын айттым. Таңдауды өздері жасады. Ғалымжан осы мамандықты таңдағанына қуанамын. Көркенжан да ұзақ жылдар еңбек етті, кейін өз жолын тапты. Әке ретінде екеуіне де ризамын», – дейді Рашид Мақсұтов.
Ғалымжан да өз сөзінде: «Бастапқыда энергетикаға қызыға қоймадым, қаржы саласын ойладым. Кейін тұрақтылық үшін, қоғамға пайдасы үшін осы жолды таңдадым. 2013 жылдан бері ЖЭО-1-де жұмыс істеймін. Болашақта учаске шебері болуды көздеймін», – деді.
Ринат Мақсұтов энергетикада 24 жыл еңбек етіп келеді. Қазір ол – ЖЭО-1 құбыр цехы жөндеу бөлімі басшысының орынбасары. «Бірінші жылы қиындау болды, бірақ әкемнің «ағаш бір жерде тамыр жайып өседі» деген сөзі тоқтатып қалды. Осы салада өз орнымды таптым», – дейді ол.
Бақыт Мақсұтов энергетикада 26 жылдан бері жұмыс істеп жүр. Қазір ол ЖЭО-2-де қазандық цехында сорғы қондырғыларының машинисі.
«Жұмысым жауапты, бірақ қиын емес. 26 жылда әр бұрандасын жатқа білемін. Ұлымның да осы жолды таңдағанын қалаймын», – дейді ол.
Әулеттің тағы бір мүшесі – әпкелері де ЖЭО-1 химиялық зертханасында біраз жыл жұмыс істеген.
Еңбек әулетінің өнегесі
Мақсұтовтар әулетінің әрбір мүшесі – өз ісінің шебері. Әке-шешелері де еңбекқор адамдар болған: әкелері – агроном, кейін колхоз төрағасы, аналары – бухгалтер. Үлкен ұл Бейбіттен бастап барлық бауырлары энергетикаға келіп, өз орнын тапты.
«Әкеміз бізді бала кезден еңбекке баулыды. Қазір біз үшін басты құндылық – адал еңбек пен отбасы дәстүрі. Энергетикада еңбектеніп жүріп, бәріне қол жеткізуге болатынын көзімізбен көрдік», – дейді ағайындылар.
Әулет өкілдері болашақта да жастардың бұл мамандыққа қызығушылық танытып, энергетикадағы дәстүрді жалғастыратынына сенеді.