ЖОЛДАУ • Бүгін, 12:25

Президент туризм саласындағы түйткілді мәселелерді атады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында жергілікті атқарушы органдардың әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болатын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz 

Президент туризм саласындағы түйткілді мәселелерді атады

Фото: Ақорда

«Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы», деді Президент.

Мемлекет басшысы шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма берген еді. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды екені атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттердің ара-жігін ажыратып, жергілікті атқарушы органдардың әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болатынын еске салды. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады.

«Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ», деді Мемлекет басшысы.