Оқиға • Бүгін, 14:51

Сенаторлар инклюзивті саясат мәселесін талқылады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Айнұр Арғынбекова Астанада халықаралық конференция қатысушыларымен кездесу өткізді. Шара «Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің мүдделерін ескере отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу» тақырыбында өтті. Форумға Қазақстан, Финляндия, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа елдердің делегаттары қатысып, әлеуметтік саясат пен мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар инклюзивті саясат мәселесін талқылады

Фото: senate.parlam.kz

Кездесу барысында сенаторлар еліміздегі әлеуметтік саясаттағы жетістіктерге тоқталып, мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғаудағы мемлекеттік бастамаларды атап өтті.

2

Нұртөре Жүсіптің сөзінше, Қазақстанда заңнамалық база қалыптасып, әлеуметтік қорғау бағдарламалары іске асырылуда, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салаларында нақты оң өзгерістер байқалады.

«XXI ғасырдың жаһандық күн тәртібі жағдайында барлық топтағы халық үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселесі ерекше мәнге ие. 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібін халықаралық қауымдастықтың қабылдауы мемлекеттер үшін әлеуметтік және экономикалық саясатты қалыптастыруда бағдар болды. Қазақстан осы құндылықтарды бөлісе отырып, ОДМ-ды ұлттық стратегиялық басымдықтарға енгізді. Сонымен қатар, еліміздің 2015 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялауы мемлекеттік саясаттағы жаңа кезеңді айқындады. Қазір Қазақстанда 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы, сондай-ақ қолжетімді орта құруға және мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда», деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ сенатор мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғаудың орнықты дамуға жетудің маңызды шарты екенін атап өтіп, алдағы уақытта инклюзивті саясатты дамытуға, әлеуметтік қорғау механизмдерін жетілдіруге және әрбір азамат өз әлеуетін жүзеге асыра алатын толерантты қоғам қалыптастыруға күш салатынын жеткізді.

3

Кездесудің соңында халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы айтылып, шетелдік мамандардың қатысуы бірлескен жұмысқа жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.