Өнер • Бүгін, 08:10

Қазақ циркінің халықаралық жүлдесі

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік циркі Санкт-Петербург пен Мәскеуде өткен беделі биік халықаралық цирк фестивальдерінде қос бірдей жүлдеге ие болды. Осылайша, халықаралық байқаулардың талай жүлдесін олжалап келген отандастарымыз таланттарын тағы да мойындатты.

Қазақ циркінің халықаралық жүлдесі

Алдымен 11–14 қыр­кү­йек аралы­ғында Санкт-Петер­бургте­гі әйгілі Чинизелли арена­сын­да өткен «Без границ» IV Ха­лық­аралық цирк өнері фес­ти­валіне 20 елден 170-тен астам әртіс қатысқанын айта кету керек.

Өнер майталмандарының олжасы қаншалықты салмақты екенін былай безбендеуге болады. Мәселен, Мажарстаннан келген «Тірі трапеция» – шексіз биіктегі шеберліктің шыңы болса, Қытай елі акробаттарының ғажайып ептілігі, танзаниялық төрттік, Испания жонглерлері, Ресейдің аренада өнер көрсететін 6 зебрасы мен 12 маймылы бар «Африка» аттракционы көрермендерін таңғалдырмай қоймайды. Алайда халықаралық фес­тиваль­де Алматыдан келген «Хас­сак» тобының жүрек жұтқан­дар­ға лайықты өнері на­ғыз­ кереметке айналды.

Қателесуді кешірмейтін өнер жолында жүрген отандас­тары­мыз бұл трюкте 180 кг тартатын үш адамды маңдайымен көтеріп, тепе-теңдікті сақтай отырып көпірлі баспалдақпен жүріп өтеді. Кез келген цирк қайталай алмай отырған эквилибр трюктің әлі күнге дейін дүние жүзінде баламасы жоқ әрі ол «Almaty Circus Festival» кезінде ресми рекорд ретінде тіркеліп, бас жүлдені жеңіп алған еді.

– Біз өз атымыздан ғана өнер көр­сеткен жоқпыз. Цирк өнеріндегі Қазақ­станның да ше­берлігі мен деңгейін таныттық. Көрермендердің ықыласы мен қолдауы жігерлендірді, – дейді «Хассак» тобының жетекшісі Әділет Тиканов.

Фестивальде өнер көрсеткен Қазақ мемлекеттік циркінің Әділет Тиканов жетекшілік ететін «Хассак» тобы қалың көрермен мен халықаралық қазылар алқасын тәнті етті.

Оған қоса Қазақ мемлекеттік циркі­нің директоры Мақсат Марат­бекұлы аталған фестивальге халықаралық қазы­лар ал­қа­сының мүшесі ретінде ша­қы­­ры­лып, еліміздің цирк өне­рінің кәсіби өкілі ретінде мо­йындалғаны да мәртебе болды.

Ал қоржындағы қола жүл­денің жайы төмендегідей. Санкт-Петербург­тегі фестивальмен қатар сол күндері Мәскеудегі Ю.Никулин атындағы цирк­те тағы бір маңызды шара – «Артист» III Халықаралық цирк фестивалі өтіп, оған әлемнің 18 елінен үздік өнерпаздар қатысқан еді.

Еліміз атынан әлемдік сахналарда аты танымал жерлесіміз Таисия Демидова өнер көрсетті. Таисия­ның қор­жынында Мон­те-Карлодағы халық­ара­­лық фестивальдің алтын ме­далі, «Идол» фестивалінің бас жүлдесі сынды басқа да салмақты марапаттар бар.

Мәскеуде өткен фестивальде Таисия тағы да кәсіби шеберлігін көрсетіп, қола жүлдеге ие болды.

 

АЛМАТЫ