Қоғам • Бүгін, 09:50

Бас прокуратура қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас прокуратураның Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы азаматтарды әлемде белең алып жатқан жаңа киберқауіптен сақ болуға шақырды, деп жазады Egemen.kz.

Бас прокуратура қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті

Фото: kazgazeta.kz

Орталық шетелдік дереккөздерді мысал ете отырып, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жалған қаулылар жіберіліп жатқанын ескертті. 

Алаяқтар хабарламада жүргізуші, көлік нөмірі туралы деректерді қамтып, электрондық пошта мен мессенджерлерге төлем жасайтын сілтемені қоса жібереді. 

Бүгінде осы мазмұндағы шабуылдар Ресей мен АҚШ-та тіркелген. Бас прокуратура схеманың Қазақстанда таралу қаупі бар екенін мәлімдеген. 

«Банк картасының деректерін енгізген кезде алаяқтар сіздің шотыңызды пайдаланып, басқа қаражатты да ұрлау мүмкіндігі туындайды. Жекелеген жағдайларда сілтемеде құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирус болады. Әкімшілік айыппұл салу туралы ресми хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келіп түседі және төлем сілтемелері көрсетілмейді. Егер 1414 нөмірінен айыппұл туралы хабарлама келіп, онда төлем сілтемесі көрсетілсе бұл - фишингтік шабуыл», делінген хабарламада. 

Айта кетейік, айыппұлдар туралы ақпаратты тек egov.kz, qamqor.gov.kz ресми ресурстары мен банктердің мобильді қосымшаларынан қайта тексеруге болады.

Егер сіз сілтеме арқылы өтіп, деректерді енгізген болсаңыз:

- банк картасын шұғыл бұғаттаңыз;
 
- ықтимал алаяқтық фактісі туралы банкке және полицияға 102 телефоны арқылы хабарлаңыз;
 
- ұялы телефоныңызда вирустың бар-жоғына тексеріңіз.