Мирас • Бүгін, 08:28

Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбай тәржімелеген зерттеу

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың бас ширегінде ұлт тұлғалары халқымыздың дамуы­­на сеп­тігі тиетін еңбектерді қазақ тіліне аударып, пай­да­лы ағар­ту­шылық-шығармашылық жұмыс та атқарды. Соның бір парасы – қазақ ауыл шаруасына қажетті зерттеу­­лер, тә­жіри­­белер.

Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбай тәржімелеген зерттеу

Осындай мұраның қатарында агроном И.В.Аристовтың «Құрғақ­шы­лық пен жұтқа қарсы» деп аталатын 1927 жылы қазақ тілінде жарық көрген кітабы бар (Аристов Иван Васильевич. «На борьбу с засухой и джутом». Петропавловск: Акмолинск. губ. зем. упр-ние, 1927). Мұны ана тілімізде сөйлеткен – біртуар Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайұлы. Кітапты Алматы қаласындағы Орталық ғы­лы­ми кітапхананың Сирек кітап­­тар қорында жүргізген ғы­лыми зерттеу жұмысымыздың ба­ры­сында ұшырастырдық.

Бір қызығы, 1887 жылы туған И.В.Аристов Қазақстанның Жер-су комис­сариаты жүйесінде қызмет еткен. Жоғары білімді маман. 1931 жылы 20 сәуірде «Трудовая крестьян­ская партия» қатарында кеңес өкіметіне зиянын тигізді» деген айып­пен 10 жыл мерзімге сотталған. 1963 жылы 16 наурызда ресми ақталған.

Ерекше назар аударатын жайт: бұл – қаламгер Хайретдиннің аудар­­ма ісіндегі елеулі ізденісі. Бұған дейінгі Х.Ә.Болғанбайдың екі жинағына да осы тәржімесі енбеген. Қайраткердің өмірі мен шығармашылығын зерттеген алаштанушы Дихан Қамзабекұлы: «Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбай – сан қырлы қайраткер тұлға» деп сипаттай келе, оның ха­лық­аралық деңгейдегі қайрат­кер­лігін, көсемсөздегі шебер­­лі­гін, ағарту­шылық қыз­ме­тін, туған жерді жаңғырту бас­тамаларын атап өткен еді. Біз­­діңше, енді Хайретдин шығар­машы­лығының аудар­ма бағытын да арнайы қа­рас­­тыру қажеттегі туын­айды.

Хайретдин Болғанбай аталған кітапты 1927 жылы Қызылжар қаласында оқытушылық қызметте жүргенде аударып, сол кездегі төте жазумен (А.Байтұрсынұлы әліпбиі) жариялаған. Адресаты – ауылшаруашылық мамандары мен осы салаға баулынып жүрген шәкірттер екені түсінікті.

Хайретдиннің осы кітапты қазақ тіліне аударуының басты себебі оның қоғамдық-саяси қызметінен туындаса керек. Астана қаласының мемлекеттік архивіндегі №112-қорда біз кез­дес­тірген архив­тік құжаттарға қарағанда, Хайретдин Болғанбай 1922–1924 жылдары Ақмола өңі­рінде аштық­қа ұшы­ра­ған­дар­ға көмек көрсету үшін арнайы құрылған уездік комис­сияның құрамында жұмыс істе­ген. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің №2-қорынан 1924–1928 жылдар аралығында Хайретдиннің оқыту­шы­лық қызметінен дерек беретін құжаттарды таптық.

Хайретдиннің ағартушылық қызметпен қатар шығармашыл Алаш қайраткерлеріне тән аударма ісімен айналысқаны – елеулі факт. Өзі туған өңірде қызмет атқарып, сол аймақтың жері мен табиғатына бейжай қарамаған қайраткердің агроном И.В.Аристов еңбегін аударуы – туған елі мен жеріне, оның шаруасы мен тіршілігіне деген жанашырлығының белгісі.

Кітапша мұқабасына «Қазан төңкерісінің 10 жылдық тойына қарсы Ақмола губерниялық жер бөлі­мінің елдегі қара шаруа қазақ хал­қына тартқан сыйы» деп арнайы жазылыпты.

Тәжірибелік бағыт ұстанған еңбек «Құрғақшылық деген не?», «Құрғақшылықпен күресу тура­лы орталықтың тапсырған жұмыс­та­ры», «Қайта жасалатын шаруа­шылықтарды іріктеп алу», «Қайта жасалатын шаруа­шы­­­лықтардың осы күнгі күйі», «Шаруа­шы­лық­тар қандай бағыт­пен қайта жаса­лу­ға тиісті?», «Мал өсіру мен егін кәсібін бірдей қолданатын шаруашылықтарды қайта жасау», «Көшпелі шаруа­шылықтарды қайта жасау», «Шаруашылықтарды қайта жасай­тын поселка ауылдарды іріктеу», «Шаруашылықты қайта жасау алдында не істеуге тиісті», «Шаруашылықтары қайта жасалатын халыққа қарыз беру», «Қайта жасалатын шаруашылықтарды қоныстандыру, жер өңдеу жұ­мыс­тары», «Қайта жасалатын шар­уашылықтарды көліктендіру, және саймандандыру», «Қайта жасалатын шаруашылықтарға мал тұқымы мен астық тұқымын алып беру», «Қайта жасалатын шаруа­шылықтарға қарыз беру реті», «Шаруашылықтарды қайта жасағанда кооперацияның маңы­­зы» атты тақырыптарды қамтиды.

Кіріспесінде «көрсетілген жұ­мыс­тар дұрыс жүзеге асса, «жақын уа­қытта қазақ халқын ежелгі жауы болған жұт пен құрғақ­­шы­­лыққа бағынудан құт­қарып, оның шаруашылығын төңкерістен бұрынғы мөлшерден әлденеше есе артық шамаға көтеріп тастар...» деген ой айтылады.

«Кітапшаның мақсаты – елдегі қалың қара шаруаға осы жұмыс­­тардың маңызын бажайлап ұғын­­дыру. Соның үшін Ақмо­ла­ның губерниялық жер бөлімі осы кітап­­шаны орыс және қазақ тіл­де­рінде бастырып таратып отыр» деген жазба да біраз нәрсені аңғар­тады.

Алғы сөзде: «...Саны едәуір болса да, біздің қазақ халқы да бұ­рын­ғы уақытта осындай ұсақ ұлт­­­тар­дың қатарында жүретін еді. Ол уақытта қазақ халқының бар­лық саясаттық құқығы, шынын айтқан­да, міндеті – патша өкіметінің атарман-шабарманы болған азулы бай­ларға бас иіп, бағынумен бірге сол патша өкіметінің отаршылдық саясатына барлық оңды жерлерін беріп қарап отыру еді.

Бұл халықтың шаруашылық, мәдениет тұрмысын ол уақытта ешкім ойламайтын еді. Қайта, қазақ халқының қалың ортасынан бұл туралы шыққан әртүрлі талпынуларды патша өкіметі бас салып, тамырын қиып, өсірмей тастайтын еді», деген И.В. Аристов пікірінің тарихи шындығын аудар­машы сәтті жеткізген.

Сондай-ақ кітапшада құрғақ­шылық пен жұтқа қарсы атқары­ла­тын жұмыстардың маңызы, осы бағыттағы Ақмола губернелік жер бөлімінің бірсыпыра аудандарда бастаған істері, сала маман­дарының ізденістері, жаңа­шыл ауыл хал­қының арман-тілегі, өзекті мәсе­лелерді шешу жолдары баян­­да­лады.

И.В.Аристов кеңес өкіме­тін­дегі жүйесіздікті де сыпайы сынап өтеді. Оның пайымдауын­ша, құрғақшылық пен жұтқа қарсы жұмыстар туралы газеттер бірен-саран мағлұмат берген, агрономдар мен ауыл халқының уәжі, осы бағыт­тағы жұмыстардың маңызы жұртшылық арасында кеңінен талқы­ланбаған. Мамандардың тапшы­лығы, жа­­уапты орындардың әлсіз­дігі, бас­та­машылдықтың жоқ­ты­ғы ортақ істі шідерлеген.

Бірақ қажетті жұмыс бұл күйін­де қалмайтыны, жергілікті жерлер­де жүзеге асатын жоба-жоспар­лар, оның үлгісі тәптіш­теліп түсін­ді­рі­леді.

Хайретдин Болғанбайдың аудар­ма тілі жатық, ұғынықты. Кей тұс­тарда қазақ тұрмысына сай дерек­термен толықтырғаны аңға­рылады. Тәржіме стилінде ХХ ғасыр­дың 20-жылдары лекси­калық, тер­минологиялық тәжіри­бе­­лері көрініс тапқан. Бұйырса, аудар­маның тілдік жағын да кәсіби мамандар қарастырады деп үміт­тенеміз.

Сонымен бұл еңбек – Хайрет­дин­нің жаңа бір қырын ашуға мүмкіндік беретін құнды дүние. Тарихи тұлғамызды тануда оның жүріп өткен жолымен бірге шығар­­­ма­шылық мұрасының орны ерекше. Біз қайраткерге қа­тысты биб­лиогра­фиялық анық­­тамалыққа енетін деректің та­был­­ғанына қуа­ныштымыз. Хайретдинтану алда­ғы уақытта толысып, тереңдей түсетініне сенеміз.

 

Нұрлыбек ЕЛКЕЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты