
Бұл жөнінде музейдің сол кездегі тіркеу журналына жазылады. Сол жазбалардағы тізім бойынша қандай заттар екені бізге мәлім болып отыр. Олар көшпелі ауылдың тұрмыс-тіршілігінде қолданылған заттар, яғни қолөнер бұйымдары, үй-ішінің жабдықтары, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ұлттық музыкалық аспаптар. Бұлардың барлығы қазақ халқының этнографиялық болмысын көрсететін бұйымдар екені сөзсіз.
«Ертіс» газетінің 1963 жылғы 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласында ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазады. Ғалым Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «...кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған» депті. Қазір бұл экспонаттар – Абай музейінің баға жетпес асыл мұраларының қатарында. Сондай бағалы жәдігердің бірі – қазақ шеберлерінің қолынан шыққан кісе белбеу. Абай атамыз өз қолымен табыстаған мұра.
Ұлы ақын тапсырған кісе туралы графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинский уезд» деп жазылған екен. Белбеудің ұзындығы – 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген. Белдік бойында металдан жасалған 17 әшекей тұр. Олар төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді әртүрлі пішінде жасалыпты. Кісе мен белбеуді жалғастырып тұрған ұштары күмістелген. Осы үш қайыстың оң жақ шеткісі кезінде үзіліп, кейіннен басқа қайыс жалғап, жөнделгені байқалады. Басқа екі қайыстың орта тұсында кіші бес тармақты жұлдызшалар орнатылған. Ал кісе 18 см жарты шеңбер пішінінде жасалған. Жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төрт бұрышты күмістелген әшекейлер бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызша орнатылған. Ондағы тармақтар саны әртүрлі. Кісе жасалған терінің бетінде металл әшекейлермен үйлесе салынған өрнек бар. Оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан. Белбеуді жасаған шебердің теріні де, металды да өңдеуді жоғары деңгейде меңгергені көрініп тұр. Оқшантайлар да кісе сияқты белбеуге қайыспен жалғанған және жалғастырып тұрған ұштары күмістелген. Әр оқшантайдың ортасында бір үлкен жеті тармақты және шеттерінде бес кіші жұлдызша бар. Бұларда да терінің бетіне бедерленген өрнек байқалады.
Абай облысы