Басылым • Бүгін, 08:10

Көңілден кетпес есімдер

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі журналист Оңдасын Елубайдың «Көзден кетсе де...» деп аталатын кітабы жарық көрді. Ұзақ жыл «Egemen Qazaqstan» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған қаламгер бұл еңбегіне замандастары туралы ой толғамдарын топтастырған.

Көңілден кетпес есімдер

Кітаптың бірінші бөлімі «Алаш­тың абыройын ас­қақ­­татқандар» деп аталады. Қазақ балуандары арасынан тұң­­ғыш Олимпиада чемпио­ны атанған даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің адами болмысы, аза­мат­тық көркем мінезі туралы баян­дайды. Қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқан балуанды жаңа қырынан байыптайды.

2000 жылдары елімізде ауыр атлетика спорты құлдырауға ұшырады. Жаһандық додаларда діттеген нәтиже­ге жете алмадық. Осы тұста, федерация тізгінін Қайрат Тұрлыханов ұстап, шетелден білікті бапкерлерді тартып, жүйелі жұмыс жүргізді. Үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған түрік ауыр атлеттері Найым Сүлейменоғлы мен Халил Мутлу сынды саңлақтар­ды түлеткен Енвер Түркелери бапкер­ді елге шақырды. Білгір басшының бұл байламы бекер болған жоқ, ауыр атлетиканың абыройын асырды. Біз­дің толағайларымыз да әлемнің үз­дік­тері атанып, жаһан назарына ілікті. Қаламгер ауыр атлетика­ны өрге сүй­реген Қайрат Болатұлы­ның қайрат­керлігін тереңдей суреттейді.

Кітапта еркін күрестен әлемдік деңгейдегі жоғары дәрежелі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жат­тық­тырушысы Түсіпхан Сайханов­тың салиқалы ғұмырындағы сәулелі сәтте­рін сағынышпен баяндайды. Самбо күресінен қазақ жастары арасында тұңғыш КСРО спорт шебері Марат Имашев небәрі 29 жасында көз жұмды. Тарбағатай топы­рағында туған тарланның отызға жетер-жетпес ғұмырында еңсерген асуын автор жан-жақты баяндайды.

«Алдыңғы толқын ағалар» деп аталған екінші бөлімде публицист, баспагер Ырым Кененбаевтың қазақ баспасөзіне қосқан жақсылығы туралы айтады. Білікті педагог, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Бітібаеваның болмысы, оқу-ағарту саласына қосқан өлшеусіз үлесіне де осы кітапта жоғары баға беріледі.

Жазушы, сатирик, көсемсөзші Көпен Әмірбек жоғары оқу орнында оқып жүріп еркін күрестен спорт шебері атағын алғанын көпшілік біле бермейді. Автор курстасы Көпеннің қазақ руханиятына сіңірген еңбегін спорттағы жетістігімен де қатар өрбіте суреттейді. Сондай-ақ автор кітабында қазақ публицистикасының көрнекті өкілі, талантты жазушы Марат Қабанбаевтың көпшілікке беймәлім қырына, тағдыр-талайына тоқталады. «Көзден кетсе де, көңілде орнығып қалатын аяулы азаматтардың алдындағы құрметім болсын деген ниетпен осы кітапты жарыққа шығардым», дейді О.Елубай.

Соңғы жаңалықтар

Семей-Астана тасжолы тазаланды

«Таза Қазақстан» • Кеше

Жылумен қамту - жауапты міндет

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Алматыда дәмхана өртенді

Төтенше жағдай • Кеше