Мәселе • Бүгін, 08:23

Энергетика алыптары экологияға енжар қарамағаны жөн

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі барлық шыға­рындының 30 пайызы Ертіс-Баян өңіріне тиесілі. Мамандар шаң-тозаңды тұтып қалу шешімдері энергетика саласында кенжелеп тұрғанын айтады.

Энергетика алыптары экологияға енжар қарамағаны жөн

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Павлодар облысында өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту мен экологиялық ластанудың салдарын жою – ұзақ жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Мысалы, Екібастұздағы қос ГРЭС-те әлі күнге күлді тұтып қалатын сүз­гілерді заманға сай жаңартуға мән берілмей отыр. Парламент Мәжілісіндегі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Павлодар өңіріндегі өндірістік шығарындының жартысынан көбі энергетика саласына тиесілі. Алайда облыстағы алып энергетикалық нысандар экологиялық шараларға немқұ­райды қарайды.

«Бұған дейін еліміз көлемінде ТОП-50 кәсіпорынға автоматты мониторинг жүйелері орна­тылғаны мәлім. Мониторинг нәтижелері онлайн түрде жергі­лікті экология департаменті мен жауапты министрлікте көр­сетіліп тұрады. Өкінішке қа­рай, осындай бақылау энергетика саласында ақсап тұр. Екі­бастұзда будақтаған түтіні сонау алыстан көрінетін ГРЭС-терден үнемі қара, қою түтін шығып жатады. Айналасындағы ел-жұрт кәсіпорыннан шығатын шаң-тозаңды жұтуға мәжбүр. Өндіріс орындарына бақылау жүйесін міндеттейік десек, көп қаражат керек, ол үшін та­риф­ті көтеруге мәжбүр боламыз деген сылтау айтады. Бұл Павлодар мен Екібастұздағы қуат өндіретін кәсіпорындарға ғана қатысты мәселе емес, тұтастай республикаға тән. Министрлік автоматтандырылған жүйені әзірше тестілік режімде қарап отыр­ғанын да айтуымыз керек. Көрсеткіштер артып кетсе, кәсіпорындарға айыппұл салынады. Соңғы өзгерістерге сәйкес  айыппұл жергілікті бюджетте қалады», дейді Е.Жаңбыршин.

Павлодар облысы – еліміздегі ірі индустриялық орталықтың бірі. Өңірдегі 900-ден астам кәсіпорын жыл сайын 700 мың тоннаға жуық зиянды қалдық шығарады, оның басым үлесі Екібастұз, Ақсу, Павлодар қала­ларына тиесілі. Өңір басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, экология саласында жұмыс жүргізілмей жатыр деп аузымызды қу шөппен сүртуге келмейді. Ірі компаниялардың ең үздік қолжетімді технология­ларды енгізуі, өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғыртуының арқасында шығарындыны азай­тудың тұрақты серпіні байқалады. 2024 жылы зиянды қалдықтардың көлемі 6,5 мың тоннаға азайған. Аумақтағы экологиялық ахуалды жақсарту, озық технологияларды енгізу, кешенді табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.

«Экологиялық қауіпсіздіктің негізгі бағыты – атмосфералық ауаның сапасын жақсарту. Мони­торинг бойынша цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде нақты уақыт режімінде шыға­рындыны бақылаудың автомат­тандырылған жүйелері өңірдің 11 ірі кәсіпорнында, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ-да жұмыс істеп тұр. Дегенмен облыс елімізге электр энергиясының 40%-ын, көмірдің 30%-ын, фер­роқорытпаның 58%-ын, алюми­нийдің 100%-ын беріп отырғанын ұмытпауымыз керек. Кейінгі жылдары қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына кәсіп­орындар 82 млрд теңге жұмсап, шығарынды көлемін 30 мың тоннаға дейін азайта алды», деді облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева.

Экологтерді толғандырып тұр­ған екінші өзекті мәселе – Пав­лодардағы бұрынғы химия зауытының аумағында, Былқылдақ көлінде жиналып қалған сынап қалдықтары. Е.Жаңбыршиннің дерегінше, зауыт пен көлде сынаппен ластанған металдардың жалпы көлемі 1 млн 300 мың тоннадан асады. Алайда жер­гілікті жауапты органдар мен кәсіпорындар тарапынан сынапты жоюға қатысты шешімді қадам байқалмайды.

«Былқылдақ көлінің айналасында тереңдігі 15–20 метрге дейін кететін «Жер қабатындағы қабырға» деп аталатын бетонды қорғаныс жүйесі салыныпты. Ол сынабы бар лас судың жерасты суларымен араласып кетуінің алдын алады. Осы жерге мониторинг жүргізетін компания өкілдерінің сөзінше, қабырғаның сыртындағы топырақ құрамында сынап кездес­пеген. Соған қара­ғанда, әзірше сынап бір орында ұсталып тұр. Бірақ зиянды элементті түп­тің-түбінде жоюымыз керек. Оны утилизациялайтын заманауи жобалар АҚШ, Еуропа, Қытай елдерінде бар. Солармен келіссөздер жүргізілуі керек», деп есептейді депутат.

Мәжілістегі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшелері алда жылу электр ор­та­лықтарының күлін, металлур­гия шлактары мен шламдарын екінші реттік шикізат етіп бекіту, құрылыс, жол ком­па­нияларының күл мен металлур­гия қалдықтарын міндетті түрде қолдануын қадағалау, өнді­рістік қалдықтарды құрылысқа пайда­лануға ынталандыру шараларын енгізу сияқты міндеттер тұрғанын атап өтті. Депутаттар Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы тозуы 83–85%-ға жеткен кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту, заманауи полигондар мен қайта өңдеу кешендерін салу жұмысын да бақылауға алатындарын жет­кізді.

 

Павлодар облысы