
Білікті маман жастығына қарамастан бүгінде ауысым басшысы лауазымын абыроймен атқарып жүр, әріптестері арасында құрмет, беделге ие. Зауытқа 2019 жылы С.Торайғыров университетінің үшінші курсында оқып жүргенде кірген екен. Талапты жастың бойындағы ұшқынды аңғарған кәсіпорын басшылығы оны бірден жұмысқа қабылдапты. Елдос алғашқыда электролизер пештерінде алюминий өндірісінің операторы болып еңбек етті. Қолына күрек-сайман ұстап, 1000 градусқа дейін қызатын пештердің айналасындағы қара жұмысқа белсене араласты.
«Арқа төсінде кеңінен көсіліп, 200 гектарға жуық алқапты алып жатқан алып зауыт алыстан көз тартады. Өндірістік кешен жылына 250 мың тонна жоғары сапалы алюминий шығарады. Алюминий өнімі бүгінде ТМД, Еуропа елдеріне де экспортталып жатыр. Мұнда жұмыс істеуді алғашқы күннен-ақ мәртебе тұттым. Арада біраз уақыт өткен соң, кәсіби тұрғыдан өсуім керек деген ойға келдім. Басшылыққа кіріп, «Өсуім керек, мені бригадирлікке үйретіңіз» деп едім, талабымды құптады. Үйрене келе, бригадир, одан соң ауысым басшысы лауазымын сеніп тапсырды. Қазірде қарауымда 17 жұмысшы бар. Барлығы жауапты жұмысыма түсіністікпен қарап, қолдан келгенше жәрдемдеседі. Мұндай қолдау әрдайым жігерлендіреді», дейді жас маман.
Елдос ең әуелі қоластындағы қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауапты. Олардың техникалық қауіпсіздігін қадағалап, жұмыс сапасының төмендемеуін назарда ұстайды. Зауыт мамандарының сөзінше, алюминий өндірісі – энергияны көп қажет ететін үдеріс, бір өзі 420 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Салыстыру үшін айтып өтейік, электролиз зауытының қуат тұтынуы алюминий тотығы өндірісінен (глинозем) 5 есе жоғары. Бір тонна алюминий өндіруге 1,9 тонна глинозем, 0,54 тонна анод, 13 МВт электр энергиясы қажет. Электролиз зауытынан шыққан бастапқы алюминийден әлемде кәбіл-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялары, құрылыс материалдары, автомобиль, түрлі құрал-жабдықтар мен аспаптар жасалады.
Е.Жұмабеков 18 жылдық тарихы бар зауытта республикалық «Алтын гефест» сыйлығын ұтып алды. Сондай-ақ былтыр облыстық деңгейде өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында топ жарды.
«Мұндай жетістіктер күш-жігер сыйлап қана қоймайды, алдағы істерге ынталандырады. Жұмысшы мамандықтарға деген көптің ыстық ықыласы, Үкімет пен жергілікті биліктің қолдауы зор. Биыл жұмысшы мамандар үшін арнайы ипотекалық бағдарлама қабылданды. Оның нәтижесінде көптеген әріптесім баспаналы болды. Жұмысшыларды қолдауға бағытталған өзге де жобалар өміршең етіліп жатыр. Осының барлығы жұмысымызға шабыт сыйлайды», деп атап өтті маман.
Зауыт ұжымы көпұлтты, тату-тәтті жағдайда еңбек етеді. «Басшылар, соның ішінде цех басшысы, зауыт директоры әрқайсымыздың ой-пікірімізді тыңдауға, идеяларымызды қолдауға әрдайым дайын. Бізде басшыға кіруге сағаттап кезек күту, ойымызды ашық айта алмау сияқты бюрократиялық іс-әрекет атымен жоқ. Барлығымыз бір отбасының мүшелері сияқтымыз. Біреуіміз үлгермей жатсақ, өзгелері көмектесуге дайын тұрады. Ұжымдық рух айқын сезіледі. Мұндай жерде еңбек етудің өзі бір ғанибет. Ізімді басып келе жатқан жастарға айтарым, ең бастысы мақсатты дұрыс құра білу керек. Екіншіден, кез келген істе асығыстыққа жол бермеу маңызды. Мақсат дұрыс болса, кез келген қиындықтан жол тауып шығуға болады», деп түйіндеді сөзін Елдос Мұратұлы.
Павлодар облысы