
Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданған. Қоғамдық тәртіпті күзетуге 2,5 мыңнан астам қызметкер тартылады. Негізгі міндеттері – жанкүйерлер мен ойынға қатысушылардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ жол қозғалысын реттеу.
«Қымбатты алматылықтар, қадірлі қонақтар! Ертең қаламызда «Қайрат – Реал Мадрид» арасындағы халықаралық футбол матчы өтіп, үлкен оқиғаның ордасына айналады. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерді көргенімізге қуаныштымыз. Бұл біз үшін спорт мерекесі ғана емес, Алматының шынайы келбетін – қонақжайлығын, құрметін және жоғары мәдениетін көрсетуге үлкен мүмкіндік», — деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Құқық қорғау өкілі матч күні қозғалысқа ішінара шектеулер енгізілетінін атап өтті. Билік тұрғындардан маршруттарын алдын ала жоспарлауды, уақытша іс-шараға түсіністікпен қарауды және көшеде, көлікте әрі стадионда тәртіпті қатаң сақтауды сұрайды.
«Команданы қолдаңыздар, бірақ мәдениетті түрде. Қаламызды таза ұстайық, бір-бірімізге және қонақтарға құрметпен қарайық. Сол арқылы Алматы мен бүкіл еліміздің имиджіне үлес қосамыз», — деді ол.
Алматылық «Қайраттың» қарсыласы – мадридтік «Реалдың» футболшылары Алматыға келді. Олардың сапары футбол жанкүйерлері үшін үлкен оқиға болды: әуежайда аты аңызға айналған ойыншыларды өз көзімен көруге асыққан жанкүйер мен журналистің қарасы қалың.