Аймақтар • Бүгін, 08:28

Екі зауыттың құрылысы басталды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында өңірлерге инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызына айрықша тоқталғаны белгілі. Президент жүктеген міндетті жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысында екі бірдей зауыт салынбақ.

Екі зауыттың құрылысы басталды

Байзақ ауданында уақыт сұра­нысына сай жаңа қант зауытының құрылысы басталды. Жамбылдық шаруалар үшін жағымды жаңалыққа айналған жобаны қытайлық «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.» компаниясы қолға алып отыр. Ал «Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co.» компания­сы ауқымды жобаның технологиялық серіктесі ретінде іске кірісті. Жаңадан бой көтеретін зауыттың әлеуетіне назар аударған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ілкімді жобаның өңір экономикасын ілге­рілетуге қосар үлесі зор екеніне сенімді.

Ресми дерекке жүгінсек, ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 200 млн доллар көлемінде инвес­тиция тартылған. Алдағы уақытта кәсіпорында 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жаңа зауытта жылына 1 млн тонна қант қызылшасы өңделіп, 120 мың тонна қант, меласса мен жом секілді қосалқы өнімдер өндіруге мүмкіндік туа­ды. Инвесторлардың айтуынша, жоба то­лыққанды жүзеге асқан кезде барлық өңір қантпен қамтылып, импортқа деген тәуелділік айтарлық­тай азаяды. «Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның сөзіне сенсек, өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Ең бастысы, жергілікті атқарушы билік өкілдері шетелдік инвесторлармен бірлесе жұмыс атқаруға барынша ынталы болып отыр. Өңір билігінің қол­дауы инвес­торлардың ірі жобаларды алаңсыз жүзеге асыруына мүмкіндік туғызады.

Жаңадан бой көтеретін қант зауыты өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға серпін беріп қана қоймай, қант қызылшасы өндірісін жаңа деңгейге көтереді. Ал жамбылдық шаруалар кәсіпорынды шикізатпен қамтуға толықтай дайын екенін айтады. Қант зауытынан бөлек, Тараз қаласының индустриялық аймағы алаңында ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған кәсіпорын құрылысы басталды. Іргелі жобаны іске асыруға «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС (Nuode Network Technology Co., Ltd, Қытай) бекініп отыр. Жауапты тұлғалардың айтуынша, өндіріс алаңы бес гектар аумаққа дейін созылып жатыр. Жаңа зауытта трактордың бірнеше түрі және тіркеме жабдықтарын шығару көзделген. Іргелі жобаны жүзеге асыру үшін 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 2 000 бірлік техника шығаруға мүмкіндік тумақ. 55 жаңа жұмыс орны ашылады.

тех

«Отандық брендпен техника шы­ғарудың маңызы зор. Бұл қадам аграрлық сектор үшін айрықша мәнге ие. Өзімізде өндірілетін техниканың шаруалар үшін қолжетімді болатыны сөзсіз. Олар заманауи құрал-жабдықтан тарықпайды. Жаңа кәсіп­орын ауыл шаруашылығындағы бәсе­келестікті арттырады. Сондай-ақ өңірдің өндірістік әлеуетін үстемелеуге мүмкіндік туғызады», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Жалпы, өңірге инвестиция тарту жұмысы соңғы уақытта қарқын алды. Осы жылдың сегіз айындағы көрсеткішке көз жүгіртсек, облыстың негізгі капиталына 391,7 млрд теңге көлемінді инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың алғашқы сегіз айымен салыстырғанда, 32,4%-ға жоғары. Алдағы екі-үш жылдың бедерінде өңірде жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 20 ауыл шаруашылығы жобасын жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар толыққанды іске асқан кезде облыстың экспорттық әлеуеті айтарлықтай артады.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар