Жасанды интеллект • Бүгін, 08:48

Жасанды интеллектіге сүйенген жүйелер

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллектіні ұлттық дамудың негізгі тетігі ретінде айқындады. «Мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Еліміз үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», деді Президент. Сондай-ақ ол ЖИ-ді барлық салаға енгізуді міндеттеп, стартап жобаларға басымдық беріп, оған ерекше қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Қазірде жасанды интеллект негізінде жасалған түрлі стартап жобалар әр салада әзірленіп жатыр. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз.

Жасанды интеллектіге сүйенген жүйелер

Бүгінде экономика, бизнес, мемлекеттік қызмет, білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 30 жоғары оқу орнында жасанды интеллектіге қатысты 38 жаңа бағдарлама іске қосылған. Оның ішінде қолданбалы ЖИ, медицинадағы ЖИ, блокчейн инженериясы сияқты салалар бар.

Ал Денсаулық сақтау министр­лігі жасанды интеллектіге негіз­делген 40-қа жуық стартап жобаны қабылдаған. Соның ішінде 15 жоба диагностикаға бағытталған екен. Бесеуі қанатқақты режімде сынақтан өтсе, екеуі клини­калық практикаға енгізілген. Пре­зидент тапсырмасына сәйкес, әлеу­меттік маңызы жоғары алты жобаға ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Солардың бірі ЖИ-Терапевт – дауыс пәрмені арқылы медицина-лық құжаттарды автоматты түрде дайын­дайтын жасанды интеллект жүйесі. Ол науқастың емделу тарихын жазып, алдын ала диаг­ноздар қояды және клиникалық ұсыныстарды қамтитын меди­циналық есепті автоматты түрде шығарады.

Мәдениет және ақпарат министр­лігі де осы бағытта нақты шараларды қолға алып отыр. Мәселен, жалған контент пен дипфейктерді автоматты түрде анықтайтын цифрлық бас­тама іске қосылды. Сондай-ақ ақ­па­рат­тық кеңістікті тәулік бойы қада­ға­лай­тын «Мерген» жүйесі заңға қай­шы интернет-дүкендерді анықтап, бұғаттап отыр.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министр­лігі «Skills.enbek» платформасын ЖИ негізінде толық жетілдірген. Бұрын курстарды іздеу мен жариялау қиындық тудырса, қазір жасанды интеллект резюме мен бос орындарды талдап, қол­данушыға сәйкес курс­тарды өзі ұсынады. Сонымен қатар авторларға бағдарламаларын тіркеуге көмектеседі. Бүгінге дейін платформаның чат-боты мен сервистерін азаматтар алты жүз елу мыңнан астам рет пайдаланып үлгерген.

Бұдан бөлек, «SmartCity Astana» жобасы қаладағы өмір сапасын арт­тыруға бағытталған. Жоба аясында жасанды интеллект қолданылатын астананың цифрлық көшірмесі жасалады. Оған 100 мыңнан астам бейнебақылау камералары қосы­лып, қоғамдық орындардағы қауіп­терді онлайн-режімде анық­тап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

«AlemLLM» – қазақ тілінде жасал­ған ірі тілдік модель. Ол жоғары дәлдікке ие және жергілікті жағдайда қолдануға бейімделген. Модель қазір қолданыстағы ұқсас шешімдердің ішіндегі ең тиімдісі саналады әрі түрлі салада кеңінен пайдалануға бағыт­талған.

«AI Kitap» – жасанды интеллект негізіндегі цифрлық оқу­­лықтар платформасы. Жүйе әрбір оқушының білім дең­гейін, үлгерімін және жеке ерек­шеліктерін ескере отырып, оқу барысын жекелеген сипатта жүргізуге мүмкіндік береді.

«Baspana Hub» – тұрғын үйге қа­тысты барлық қажеттілікті онлайн форматта шешуге арналған цифр­лық экожүйе. Жүйе арқылы азаматтар жылжымайтын мүлікті маркетплейс арқылы іздеп, сатып ала алады, мемлекеттік қыз­меттерді рәсімдейді, жөндеу жұмыстарына тапсырыс беріп, құрылыс материалдарын онлайн-смета арқылы алуға болады. Жоба сыртқы қаржы мен инвестиция тартпай-ақ іске асқан.

«Biny.co» – жүк тасымалы са­ласын­дағы отандық стартап. Жоба «Google for Startups» – «Silkway Accelerator» бағдарламасына қа­тысып, үздік үш­тікке кірген. Стартаптың клиенттері қатарында «QazPost», «Coca-Cola», «Gorilla Asia», «Zeta Trade» сияқты ірі компаниялар бар.

«Surfaice.pro» – отандық кәсіп­керлер Кремний алқабында құр­ған технологиялық компания. Жоба құрылыс саласына арналған иннова­циялық шешім әзірлеуде және АҚШ-тың бес штатында жұмыс істеп жатыр. Стартап «Big Sky Capital» және «Shadow Ventures» қорларынан 1,5 мил­лион доллар инвестиция тартқан.

«OlympIQ» – спорт саласын да­мытуға бағытталған тех­но­логиялық платформа. Ол спорт­тағы аналити­калық, медици­налық, ұйымдас­тырушылық және операциялық деректерді жасанды интеллект арқылы өңдеуге мүмкіндік береді.

Ерте кезеңде орман өртін анықтау жүйесі – бейнемониторинг, бейнеаналитика және жасанды интеллектіге негізделген жоба. Бұл жүйе өрт ошағына ден қою уақытын қыс­қартып, апат­тың көлемі мен зардабын едәуір азайтады. Жоба қазірдің өзінде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман резерваты аумағында іске асырылып жатыр.

ЖИ-хаттамашы – мемлекеттік органдардағы жиналыс аудиожазбаларын мәтінге түсіріп, ресми хат­тамаларды автоматты түр­де әзірлейтін жасанды интеллект жүйесі. Бұл құжат айналымын жеделдетуге, қол еңбегін азайтуға және ақпараттың дәлдігі мен сақ­талуын қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Радиологиялық зерттеулерді орта­лықтандыруға арналған жобалар – жасанды интеллектіні қолдана отырып, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе меди­циналық кескіндерді сақтап, өңдеуге арналған.