
Ұлттық жоба аясында салынған мектептер ата-аналар тарапынан жоғары бағаланып жатыр. Мысалы, Шардара ауданы, Өтеғұл елді мекенінде орналасқан №3 жалпы білім беретін мектеп ата-аналарға арнайы ашық есік күнін ұйымдастырды. Мектепте бір ауысымда 300 оқушының білім алуына барлық жағдай жасалған. Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай. Пән кабинеттері толық жабдықталған. STEM-зертханалар, биология, химия, физика кабинеттері тәжірибелік сабақтарға арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Шара барысында ата-аналар мектептің ішкі тәртібімен, оқу кабинеттерімен, заманауи жабдықталған сыныптарымен және оқушылардың жан-жақты дамуына арналған қосымша үйірмелермен танысты. Мектеп директоры Еркінәлі Ақбердиев бұл бастама ата-аналар мен мектеп арасындағы өзара байланыс пен сенімді нығайтатынын алға тартты.
– Біздің мақсатымыз – әрбір оқушыға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бүгінгі ата-аналармен кездесу – сенімді серіктестік орнатуға бағытталған маңызды қадам. Баланың табысты болуы – мектеп пен ата-ананың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының шарапатын біздің елді мекен тұрғындары да көріп отыр. Бұған дейін ауылдағы білім ұясы үш ауысымды мектеп қатарына енуге шақ қалған еді. Жаңа келешек мектептің салынуы – ауыл баласының білімін жетілдіруге таптырмас мүмкіндік береді. Мұнда оқушылардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту үшін хореография залы, заманауи талаптарға сай спорт залы мен спорт алаңы, музыка кабинеттері ұлттық және классикалық аспаптармен жабдықталған. Бейнелеу өнері және графика кабинеті, тамақтану мәдениеті кабинеті, еңбекке баулу шеберханалары қарастырылған. Кітапхана, асхана, мәжіліс залы, коворкинг және демалыс аймақтары бар. Жаңа мектеп әрбір оқушыға тек сапалы білім алуға ғана емес, сонымен қатар ғылыммен, өнермен, спортпен және еңбекпен айналысуға толық мүмкіндік беретін заманауи білім ордасына айналады, – дейді мектеп директоры.
Ашық есік күні ата-аналарға оқу үдерісінің ерекшеліктері, цифрлық білім беру платформаларын қолдану тәртібі және оқушылардың тәрбиелік іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері жайында толық ақпарат берілді. Сонымен қатар мектеп асханасы, спорт залы мен кітапханасы көрсетіліп, оқушылардың денсаулығы мен бос уақытын тиімді өткізуіне жасалған мүмкіндіктер таныстырылды. Ата-аналар жаңа мектептің заманауи талаптарға сай салынғанын, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалғанын айтты. «Бүгінгі таныстыру шарасы бізге үлкен әсер қалдырды. Жаңа мектептің оқу кабинеттері кең, заманауи жабдықталған. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі мен дамуына барлық жағдайдың қарастырылғанына қуанып отырмыз. Осындай ортада өскелең ұрпақтың білімге деген ынтасы арта түсетініне сенімдіміз. Жаңа мектептің әр бұрышы балалардың игілігі үшін ұтымды пайдаланған. Бос уақыттарында, үзіліс кезін тиімді пайдалануға болады. Енді барлық жағдайы жасалған осындай мектепте балаларымыз тек білім алу керек. Балалардың игілігі үшін жасалған мықты жоба», дейді ата-аналардың бірі. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты арттыруға бағытталмақ.
Түркістан облысы