
Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«PISA»-ның басты мақсаты – 15 жастағы оқушылардың ХХІ ғасыр талаптарына қаншалықты дайын екенін анықтау. Яғни бұл болашақта және кәсіби қызметінде кездесетін түрлі жағдайға бейімделе ала ма деген сауалды алға тартады.
Дәстүрлі емтихандар көбінесе мектеп бағдарламасын қаншалықты меңгергенін анықтаса, «PISA» зерттеуі оқушының алған білімін жаңа жағдайда қолдану қабілетін, ақпаратты сын тұрғысынан сараптауын, күрделі мәселені шеше білуін және үнемі өзгеріп отыратын ортаға бейімделуін бағалайды.
Бүгінде «PISA» көптеген мемлекеттегі білім жүйесінің мықты және әлсіз тұсын айқындап, табысты тәжірибені зерделеуге және ұзақмерзімді стратегия қалыптастыруға мүмкіндік беретін халықаралық салыстыру құралы ретінде қабылданады.
2010 жылдары ЭЫДҰ зерттеудің бейімделген нұсқасын – «PISA for Schools» («PISA» мектептер үшін») бағдарламасын әзірлеп шығарды. Бұл бастама жекелеген білім ұйымдарына арналған. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың когнитивтік әрі әлеуметтік-эмоциялық құзыреттерінің даму деңгейін анықтап, білім үдерісін жергілікті деңгейде талдау мен жетілдіру бойынша қолайлы деректер жинау.
Аталған зерттеуге 15 жастағы оқушылар қатысады. Олар қай сыныпта оқып жүргеніне қарамастан, бұл жас ерекшелігі негізгі базалық білім кезеңінің соңында қалыптасқан басты құзыреттілікті бағалауға жол ашады. Әрбір мектепке алынатын іріктеме репрезентативтілік қағидасына негізделеді.
«PISA for Schools» бағдарламасы компьютерлік форматта жүргізіледі. Бұл өз кезегінде бағалаудың объективтілігін, стандартталуын қамтамасыз етеді. Тек когнитивтік тапсырмалар ғана емес, сонымен бірге оқушылар толтыратын сауалнамалар да қамтылады. Аталған сауалнамалар мектептегі орта факторларын, оқуға деген ынта-ықыласын, әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды және оқыту сапасын қабылдау деңгейін бағалайды.
Зерттеу үш негізгі құзыреттілікті тексереді: біріншісі – оқу сауаттылығы – ақпаратты іздеу, түсіну, мәтінді интерпретациялау және сыни тұрғыдан бағалау қабілеті; екіншісі – математикалық сауаттылық – есепті тұжырымдау, математикалық білімді қолдану және нәтижелерді нақты өмірлік жағдайда түсіндіре білу; үшіншісі – жаратылыстану-ғылыми сауаттылық – құбылыстарды ғылыми тұрғыдан түсіндіру, ғылыми таным әдістерін бағалау, деректерді талдау және интерпретациялау.
Когнитивтік бағыттан бөлек, зерттеу әлеуметтік-эмоциялық дағдыға да назар аударады. Оның ішінде эмоцияларды реттеу, ынтымақтастыққа бейімділік, тиімді коммуникация, жаңа тәжірибеге ашық болу және өмір бойы оқуға дайындық сынды маңызды қабілеттер бағаланады.
Астана мен Атырау қаласында 2023 жылдан бастап мемлекет-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жұмыс істеп келе жатқан «Binom» мектептері аталған зерттеуге жыл сайын қатысуға шешім қабылдады. Мұндағы мақсат – оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда дамуы қажет тұстарды уақтылы анықтап, білім үдерісіне дер кезінде түзету енгізу.
«Binom» мектептері 5-5,5 жыл бойы меншік нысаны бойынша жекеменшік мәртебеге ие. Дегенмен мемлекет-жекеменшік әріптестік шартына сәйкес, бұл мектептерде білім үдерісі жан басына шаққан қаржыландыру аясында жүзеге асады және ата-аналар тарапынан төлем алынбайды.
2023 және 2024 жылдардағы нәтижелерді салыстырсақ «Binom» мектептерінде үш бағыттың барлығында да жоғары қарқын айқын байқалды. Оқу сауаттылығы бойынша орташа көрсеткіштер +4-тен +59 балға дейін, математикалық сауаттылық +3-тен +72 балға дейін, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық +14-тен +51 балға дейін өскен. Ең жоғарғысы – математикалық сауаттылық саласынан көрінеді. Атап айтқанда, төрт бірдей «Binom» мектебі бұл көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ-ның 2022 жылғы орташа нәтижелерінен жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Binom» мектебі ерекше көзге түсіп отыр. Мектеп оқушылары математикалық сауаттылық бойынша 518 балл жинап, осы бағыттағы әлемдік көшбасшылар қатарына бір қадам жақындады.
Айта кетерлігі, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық көрсеткіштеріндегі алға жылжу да назар аудартады. Бұл бағыт еліміздегі мектептері үшін дәстүрлі түрде әлсіз болып келгенімен, «Binom» мектептерінің нәтижелері ілгерілеудің бар екенін дәлелдейді.
Әсіресе Атырау қаласындағы «Binom» мектептерінің жетістігі қуантады. Бар болғаны екінші жыл ғана жұмыс істейтін бұл оқу ордалары математикадан +50 балға, жаратылыстанудан +70 балға дейін жоғары нәтиже көрсетті.
«PISA» зерттеуінің басты құндылығы – оқушының тек білімді меңгеру деңгейін емес, сонымен бірге оны өмірлік және тәжірибелік жағдайларда қолдана білу қабілетін бағалауы. Академиялық жетістік тек оқу бағдарламасын игерумен шектелмей, қоғам өміріне, экономикаға белсене қатысуға, дербес әрі дәлелді шешім қабылдауға қажетті негізгі құзыреттердің қалыптасу деңгейін айқындайды.
Оқушылардың білім деңгейін тарқатып көрсету – білім сапасын айқындайтын маңызды индикатор. Ол тек орташа нәтижені ғана емес, сонымен қатар білімнің қаншалықты кең ауқымды қамтығанын көрсетеді: яғни қанша оқушы ең төменгі межеге жетті және қаншасы күрделі когнитивтік дағдыларды меңгергенін анықтауға жол ашады.
Халықаралық тәжірибеде «PISA» осы мақсатта алты деңгейлі шкаланы қолданады. Әр деңгей белгілі бір құзыреттер мен дағдылар жиынтығын сипаттайды. Оның ішінде басты меженің бірі – 2-деңгей. Бұл деңгей оқушының негізгі білімді қазіргі қоғам өмірінде қажет болатын стандартты тапсырмаларды орындау үшін қолдана алу қабілетін көрсетеді. Ал осы деңгейге жете алмағандар академиялық және әлеуметтік бейімделу тұрғысынан тәуекел аймағында қалады.
Жоғарғы деңгейлер – 5 және 6 – оқушылардың күрделі талдау жасауға, ақпаратты интерпретациялауға, дәлелді ой құруға және білімді жаңа жағдайларға көшіруге қабілетті екенін көрсетеді. Мұндай нәтижелер жоғары дайындықты білдіріп, болашақта білімін жалғастыруға, сондай-ақ әлемдік ортада бәсекеге қабілетті болуға жол ашады.
Бір қуантарлығы, «Binom» мектептеріндегі оқушылардың жоғары деңгей көрсеткен үлесі елдегі орташа көрсеткіштен жоғары болып отыр. Бұл өз кезегінде басқа мектептерге де оң бағдар болады.
Оқушылардың оқу жетістіктеріне ықпал ететін ең маңызды фактордың бірі – әлеуметтік-экономикалық мәртебе (ESCS). Сондықтан да ол «PISA» зерттеуінің талдауында орта көрсеткіштердің қатарында тұр. «ESCS» индексі ата-аналардың білім деңгейі мен жұмыспен қамтылуын, отбасының мәдени әрі материалдық капиталын, сонымен бірге үйдегі білім беру ортасын қамтитын жиынтық сипаттаманы білдіреді. Тиімді білім беру жүйесінің басты міндеті – әлеуметтік шығу тегінің әсерін барынша азайтып, барлық оқушыға тең мүмкіндік ұсыну.
«BI Education» желісіндегі мектептерде орташа «ESCS» индексі – 0,38 бен – 0,45 аралығында. Бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен (0,0) едәуір төмен. Мұндай жағдай мектептердің алдына ерекше міндет қояды: сыртқы қолдаудың орнын сапалы педагогикалық тәжірибелер, қосымша білім ресурстары және тәлімгерлік жүйелер арқылы толықтыру қажет.
Қорыта айтқанда, халықаралық «PISA for Schools» зерттеуінің негізгі параметрлері бойынша «Binom» мектептері сенімді жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Бұл желі ішінде тиімді тәжірибе мен әдістеменің қалыптасқанын айғақтайды. Алдағы таңда оларды кеңейтіп, республика деңгейінде ауқымды қолдануға мүмкіндік бар.
Арайлым МАҒЗҰМОВА,
«BI Education» компаниясының академиялық директоры