
Фото: zhasalash.kz
Кеңесте Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов атап өткендей, әңгіме мемлекеттің бизнесті тек сүйемелдейтін модельден салалар мен жобаларды ұйымдастыруға белсенді қатысу моделіне көшуі туралы болып отыр. Ол үшін Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді өсудің рекордтық қарқынына қол жеткізген елдердің тәжірибесін зерттелген. Мұнда мемлекет өсу нүктелері мен стратегиялық бағыттарды 5–10 жыл ілгері анықтауға қатысыпты.
Алға қойған мақсатты іске асыру негізгі капиталға салынатын инвестицияны 2024 жылғы 41 млрд доллардан 2029 жылы 103 млрд долларға дейін көбейтуді талап етеді. Осы кезеңде инвестицияның ІЖӨ-ге қатынасы 14%-дан 23%-ға дейін өсуге тиіс. Ал 2025–2029 жылдары инвестицияның жалпы көлемі шамамен 400 млрд доллар болуы керек. Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде мемлекеттік құрылымдар жаңа функцияларға ие болады. Енді олар экспортқа бағдарланған ірі жобаларды сырттан тартып қана қоймай, оны құрылымдауды, қаржыландыруды және басқарушылық қолдауды қамтамасыз ете отырып, өздері ұйымдастырады. Осы саладағы мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – экспортқа бағдарланған және өнімділігі жоғары жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін жетекші шетелдік және отандық компанияларды тарту, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингіне кіретін даму институттары арқылы қаржыландыру.
«Біз бизнестің орнын баспаймыз, керісінше, онымен бірге жұмыс істейміз. Қосылған құнды кәсіпкерлер жасайды, прогрестің қозғаушы күші де солар болмақ. Ал біз отандық және шетелдік компанияларға олардың тәжірибесін, технологиясы мен капиталын тарту үшін жүгінеміз. Инвестициялық дамудың негізгі бағыты саналатын астықты терең және орташа өңдеу, металлургия, мұнай-химия сынды тағы да басқа салалардағы жетекші компаниялардан шетелдік үздіктердің тізімін жасақтаймыз. Олармен елдегі жобаларға қатысу үшін келіссөздерге бастама жасаймыз. Олардың салған инвестициясы, жасаған сараптамасы, сала мен технологияны бүге-шігесіне дейін білетін біліктілігі бізге осы жобаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді А.Қасенов.
Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа модельде Investment Board, яғни елдік ауқымдағы басым жобаларды айқындайтын және сүйемелдейтін инвестициялық қызмет негізгі мәнге ие болатынын айтты.
«Проактивті экономикалық өсудің жаңа саясаты дегенде біз терең сараптаманы қажет ететін ірі жобалар туралы айтып отырмыз. Даму бағыттарын бір құрылымға келтіріп, ірі жобаларды басқаруда жоғары құзыретке ие мамандардан тұратын инвестициялық қызметті, яғни Investment board құруды жоспарлап отырмыз. Олар анағұрлым тиімді даму жолын сілтеп, экономикамыздың бағыттары мен тиісті жобаларды айқындайды», деп түсіндірді С.Жұманғарин.
Оның айтуынша, инвестиция тартудың бұрынғы жүйесі сақталады. Бірақ проактивті саясаттың драйвері Investment Board болады.
Кеңеске қатысқан сарапшылар экономикалық өсім саясатына қатысты бірнеше ұсыныс айтты. Мысалы, жаңа құжат бұрынғыдан қалай ерекшеленетіні, елдегі жаңа өндірістерді локализациялау деңгейі қаншалықты ұлғаятыны, қаражатты бөлу арналары қандай болатыны, белсенді экономикалық өсу мен тұтынушылық несиелендірудің инфляцияға әсері және басқа да мәселелерді талқылады.
Ұлттық экономика министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Эльдар Шамсутдинов жиында экономикалық өсімді қамтамасыз ету және мемлекеттік индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру туралы пікірталас өрбігенін атап өтті. Негізгі мәселенің бірі несиелендірумен кім айналысатыны туралы болды. Яғни мұны мемлекет өзінің даму институттары немесе коммерциялық банктер арқылы үйлестіреді. Оларға осы мақсатта қаражат бөлінеді.
«Мұндағы логика мынада сияқты: банктер арқылы несие беру инфляцияның сөзсіз өсуіне әкеледі. Өйткені банк жүйесі – инфляциялық процестерді жүзеге асырудың негізгі механизмі. Сөйте тұра, бүгінде ІЖӨ-нің өсуіне осы тұтынушылық несиелендіру елеулі үлес қосып отыр. Одан бөлек, инвестициялық қызметті қалыптастыру жоспарлануда, оған басым жобаларды айқындайтын қатысушылар кіреді. Мәселе қаржыландырудың нақты тетігін таңдауда болып тұр. Мұндай мәселелер жұмыс барысында пысықталмақ», деді Э.Шамсутдинов.
Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов жаңа саясат ел экономикасының алдында тұрған заманауи сын-қатерлерге жауап беретінін және басты назар елдің ішкі инвестициялық әлеуетіне аударылатынын атап өтті.
«Бүгін біз ІЖӨ-нің 450 млрд доллар мақсатты деңгейіне қалай жетуге болатынын талқыладық. Инвестицияны молынан тартпай, оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі айтып отырған мемлекеттің инвестициялық саясатқа анағұрлым белсенді қатысуға көшуі туралы ұсынысы дәлелді және уақтылы нәрсе», деді ол.
Оның айтуынша, даму институттарын, соның ішінде бірінші кезекте «Бәйтерек» холдингін, осы жұмыстарға тарту капиталдың мемлекеттен ел ішіндегі нақты салалар мен жобаларға қарай қозғалуын қамтамасыз ететін қаржы инфрақұрылымын құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте шетелдік компанияларды капитал көздері ретінде ғана емес, құзыреттердің, технологиялар мен басқару практикаларының тасымалдаушылары ретінде де тарту маңызды.
«Ең бастысы, мемлекет бастамашылық ететін жобалардың түсінікті экономикалық моделі, іріктеу мен сүйемелдеудің ашық тетігі болуға тиіс. Сонда жеке капиталды халықаралық деңгейде де тартуға болады. Онсыз экономикалық өсім бюджеттік қаржыландыру шеңберімен шектеліп қалады», деп жалғады Ғ.Құсайынов.
Сарапшы жаңа саясат жеке сектор мен банк жүйесінің рөлін де нақты анықтауы керегін атап өтті. Әзірге инвестиция қалай бөлінеді және коммерциялық банктер бұл үдеріске қаншалықты белсенді қатысады деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бір жағынан, мемлекеттің тікелей қатысуы кепілдік пен жылдамдықты қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, жеке бастамаларды да ұмытпау үшін нарықтық тетіктерді сақтау маңызды. Бұл ретте Ғ.Құсайынов мемлекеттік және нарықтық құралдарды сауатты үйлестіре білу елге артық инфляциядан аулақ бола отырып, экономикалық өсудің сапалы жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретінін айтты.