
Сурет: instagram.com/oqu_agartu_ministrligi/
«TALIS» зерттеуі білім беру ортасын, педагогтердің еңбек жағдайларын, кәсіби даму мүмкіндіктерін, оқыту тәжірибесін және кәсіби ұстанымдарын бағалайды. Зерттеуге елімізден 7 мыңнан астам педагог және 369 мектеп директоры қатысты. Оқу-ағарту министрлігі бұл мұғалімдердің оқу ортасын және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған кең ауқымдағы жалғыз халықаралық зерттеу екенін атап өтті. 2018 жылмен салыстырғанда педагогтерді әкімшілік жұмыстарға тарту азайып, олар сабақ беруге және ата-аналармен, қамқоршылармен байланысқа көбірек уақыт бөле бастаған. Сондай-ақ мамандығына және еңбек жағдайына қанағаттану деңгейі едәуір артқан.
Одан бөлек, зерттеу нәтижелері педагогтердің еңбек жағдайында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын көрсетеді. Өткен оқу жылында педагогтердің орташа апталық жүктемесі 36 сағатты құрады. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 50 сағат болған. Мұндай қысқарту – ЭЫДҰ елдерінің ішінде ерекше жағдай. Сонымен қатар еліміздегі педагогтердің орташа жасы 41 жасты құрады, бұл ЭЫДҰ-дегі орташа көрсеткіштен 4 жасқа төмен.
Маңызды нәтижелердің тағы бірі – педагогтердің еңбек жағдайларына және жалақысына қанағаттанушылық деңгейінің көтерілуі. Сауалнама деректері бойынша, педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80%-ы мамандықты қайта таңдаса, қайтадан мұғалім болуды қалайтынын айтқан.
Елімізде «TALIS» зерттеуін үйлестірумен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы айналысады.