
ХVІІІ–XIX ғасырларда қазақ жерінің байлығына сұқтанған іргедегі Қоқан хандығының басқыншылық саясаты да халқымыздың тағдырына ауыр із қалдырды. Алмағайып заманның қай-қайсында да ата-бабаларымыз «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» ел тәуелсіздігін қорғады. Жоңғар қалмақтарымен 300 жылға созылған алапат соғыста елім деп еңіреген хандарымыз бен билеріміздің, қол бастаған батырларымыздың ерлік істері тарих беттерінде қалды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай мен Қарасай, Албан Райымбек сияқты қаһармандар жерін, елін басқыншылардан қорғады. Кейінгі дәуірде тарих сахнасына шыққан, ерлігі ел аузында жүрген Сұраншы, Саурық, Өтеген, Медетбек сияқты ерлеріміз халқымыздың Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресте тұлғаланған келесі толқынының батырлары.
1710–1876 жылдар аралығында өмір сүрген Қоқан хандығы Ферғана жазығында билік құрған мемлекет. Шахру би негізін қалаған бұл хандық оның немересі Ерданбек ел билеген тұста қазіргі Өзбекстанның Әндіжан, Наманған, Марғұлан аймақтарын өзіне қаратты. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, Қоқан билеушілері Әлім хан, Омар хан, Мұхамед Әлі тұсында хандық одан әрі нығайып, жер аумағы кеңейе түсті. Ташкент, Ходжент, Дарбаза, Куляб, Алайды күшпен өзіне қаратып алған Қоқан хандығы 1808–1810 жылдары жойқын соғыс жүргізу арқылы қазақтың Түркістан, Шымкент аймақтарын, 1920 жылдары Арал теңізінен, Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықты басып алды. Балқашқа дейінгі аймақтар да Қоқан хандығына қарады. Қоқан билеушілері қазақтарға алым-салықты үдетті: жылына үй басына 6 қой, 24 қап көмір, 4 арба сексеуіл, 100 бау қамыс, тиісті мөлшерде алтын-күміс тапсыруға міндеттеді. Қоқандықтар үш ай сайын елден салық жинау үшін әскер жіберіп отырды. 1858 жылы наурыз айында Қоқан билеушісі Мырза Ахмет Әулиеата, Жетісу жерлеріне 4000 әскер жіберді. Олардың жергілікті қазақтарға қысым жасап, қорлап мал-мүлкі мен қыз-келіншіктерін тартып алып, істеген зорлық-зомбылығы халықты қатты ашындырды. Ер-азамат қолдарына қару алып, Қоқан басқыншыларына қарсы күреске шықты. 1858–1876 жылдар аралығында қазақ жерінде Қоқан хандығына қарсы 40-қа жуық көтеріліс болды. Әділетсіз билікке қарсы мұндай қарулы қақтығыс Түркістан, Әулиеата, Сайрам, Шымкент, Шу, Жетісу өңірлерінде жиі болып тұрды. 1858 жылы Әулиеата маңында бұрқ ете түскен көтеріліс қазақтың бүкіл Оңтүстік өлкесін, Жетісу жерін, Шудың шығыс бөлігін толықтай қамтыды.
Ел азаттығы жолындағы күрес даңқы ғасырдан-ғасырға жеткен батырларды туғызды десек, соның бірі – Медетбек батыр Есебайұлы. Ал оның дүниеге келген уақыты XVIII ғасырдың бірінші ширегі (1825 жыл). Жастайынан атқа қонып, бес қару асынып, соғыс өнерімен ерте машықтанған Медетбек 20 жасқа толар-толмастан басқыншыларға қарсы халық көтерілісіне қатысты.
1845 жылға қарай Жетісу жеріндегі жағдай ушыға түскен еді. Солтүстіктен қаптаған Ресей империясының басқыншылары да қазақ даласына дендей еніп, үстемдігін жүргізе бастады. Олар салған бекіністердің саны күннен-күнге артып келе жатты. Ал әр бекіністе ұңғысы үңірейген жүздеген шойын зеңбірек, мылтығын шошайтқан мыңдаған әскер қарсы шыққанды құрбандыққа шалуға дайын тұрды.
Екінші жақтан Қоқан хандығы да аш бөрідей жағадан алып, халықты қан қақсатты. Әрине, осының бәрі Жетісуды мекендеген халыққа оңай тиген жоқ. Сол заманда тарихта аты қалған Сұраншы, Саурық, Байтұра, Бекболат, Шымырбай, Сүттібай, Медетбек сияқты батырлармыз бен Нарбота би, Андас датқа, Сарыбай би сияқты көрнекті тұлғаларымыз халықты жатжерлік басқыншыларға қарсы күреске жұдырықтай жұмылдыра білді.
Күрті өзенінен өтіп, дулаттарды жаулаған, Еспе, Жартасты өзендерінің бойымен Қопа, Қарабастау елді мекендеріне дейінгі жерлерді бағындырған Қоқан жендеттері басқыншылық жасаған тұста әйгілі Орақ батыр атақты Саурық батырды көмекке шақырады. Замандасының өтінішін құп алған Саурық 100-ге тарта қазақ жігітінен жасақ құрып, әскерден қашып келіп, Шапырашты ауылдарында малайлықта жүрген бірнеше орыс солдаты мен түрікмен жігіттерін осы топқа қосып, жорыққа аттанады. Бұлардың ішінде жас батырлар Медетбек пен Сыпатай да бар еді. Саурықтың жіберген елшісі қоқандықтарға келіп: «Шапырашты елінен 1000-нан аса қол алып, Саурық батыр келе жатыр, ішінде Медетбек, Сыпатай деген жас батырлар, 60 орыс солдаты мен қырықтан аса түрікмен жауынгері бар», – деп хабарлайды. «Қазақтар осыншама қолды қалай жинады, орыстар мен түрікмендерді қайдан алды?» деп қоқандықтар алғаш сене қоймай, алаңсыз жата береді. Түн ортасы ауғанда «Аттан Саурық батыр, Медетбек батыр аттан! Қоқандықтардың бірін қалдырмай қырып сал!» – деген алапат үн тұс-тұстан атойлап, тарсылдаған мылтықтардың дауысы, ат тұяғының дүрсілі түн тыныштығын бұзып, найзағайдай шытырлайды. Шынымен-ақ мың қол мінген жарау тұлпарлар таптап өтсе, сүйегіміз де қалмайды-ау деп зәресі ұшқан қоқандықтар түн ішінде аттарын таба алмай, жаяу-жалпылап тырағайлап қашады. Олардың соңынан ат қойған Медетбек пен Сыпатай қашқан жауды қуып жетіп, шетінен қырып салады.
Қазақ елі мен жерін тұтас ұстап тұруға бұрыннан-ақ құмбыл болған Ресей патшалығы бұл өлкеге Қоқан хандығының иелік етуін қаламайтыны белгілі. Сондықтан 1860 жылдың күзінде Қоқан хандығының Қанағатша бек бастаған жасағына орыс армиясының генералы Г.Колпаковский 800 әскерімен соғыс ашты. Орыс қолына Сұраншы, Саурық, Медетбек батырлар бастаған қазақ сарбаздары қосылып, олар бірігіп Ұзынағаш маңында Қоқан әскерін тас-талқан етіп жеңді. Бұл соғыс тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалып отыр. Бұл өзі тарихи маңызы жөнінен орыстың «Куликов шайқасынан» кем түспейтін соғыс еді…
Алайда соңында қалың қолы бар қоқандықтар қазақ елінің мазасын алуды тоқтатпады. Олар Шу өзенінің батысынан әрі қарай бекініс салып жатып алды. Сұраншы мен Медетбек батырлар өз сарбаздарымен бұрынғыдай орыс әскеріне қосылып, Шудан өтіп, қоқандықтармен қайта шайқасуға кірісті. Қазақтың бұл жасағында 3 мыңнан аса сарбаз бар еді. Аз да болса қолдарында білтелі мылтықтары бар, оған қоса найза, қылышпен қаруланып, жақсы аттарға мінген, шетінен жаужүрек бұл жігіттер кез келген шайқасқа дайын болатын. Жетісулық қолға орта жолда Меркі, Аспара аймағынан ер-азаматтар қосылып, күшейе түсті.
Сыпатай Саурықұлы, Медетбек Есебайұлы, Бірімқұл Сыпатайұлы сияқты ерлер Сұраншы батырдың сарбаздарымен бірге Әулиеата, Шымкент, Ташкент атырабындағы шайқастарда батырлықтарымен қоса тапқырлық, ұйымдастырушылық қабілеттерімен көзге түсіп, көптеген тар жол, тайғақ кешулерде қол бастап, ерен ерліктерімен даңққа бөленді.
Шымкент жеріне кіргенде бұларға Есқожаның Әуез атасынан тарайтын Атамқұл батыр өз жасағымен қосылды. Ол Сұраншының бала кезінен бірге өскен жолдасы еді. Атамқұл бозбала шағында осы жақта тұратын өзбек нағашыларына кеткен екен. Алғашқыда ол қоқандықтар жағында болып, кейін олардың қазақ ауылдарына жасаған қиянаттарына шыдамай, Сұраншыны әдейі іздеп келіп, қосылғаны сондықтан.
Сөйтіп, Сұраншы бастаған қол 1864 жылдың күзінде Шымкент шаһары маңындағы Сайрам қаласына жетіп, қоқандықтардың қатты қарсылығына ұшырайды. Сол жерде кескіленген шайқаста Сұраншы батыр қаза тауып, сүйегі Сайрам жерінде арулап жерленеді.
Ол қайтыс болған соң қазақ қолын Атамқұл мен Медетбек басқарып, Қоқан әскерімен соғысты әрі қарай жалғастырады. Қазақ жауынгерлері қарсыластарын ығыстырып, орыс әскерімен бірге Ташкентті алады. Атамқұл Ташкенттің билеушісі болып тағайындалады.
Қоқан хандығының езгісінен құтылу оңай болмасы белгілі еді. Сондықтан да Сұраншы, Медетбек бастаған қазақ батырлары мен билері генерал-губернатор Колпаковский бастаған ақ патша әскерінің көмегінсіз Қоқан басқыншыларын жеңе алмайтынын жақсы білді. Ақ патшаның бақайшағына дейін қаруланған әскері Әулиеата, Ақмешіт, Шымкент, Ташкент төңірегінде қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқанда қазақтың қалың қолы да солардың құрамында соғысты. Ташкент шайқасында Медетбек батыр Есебайұлы орыс қолбасшысының тапсырмасымен Қоқан қолының алғы шебіне бірнеше рет барлауға барып, дұшпан әскерінің соғыс қабілеті, адам күші, қару-жарақ, көлік саны туралы көптеген құнды мәліметтер әкеліп, қолбасшының сеніміне ие болғаны бар.
Ташкент түбінде қоқандықтармен болған алапат шайқастың бірінде Медетбек батыр жараланып, дұшпанның қолына түсіп қалады. Батырдың балтырынан ағып тұрған қанды күйдірілген киіз басып тоқтатып, жарасын таңып, ертеңіне Қоқанның әскербасына әкеледі. Медетбектің ерлігіне, батырлығына сырттай қанық әскербасы оның тұтқын болып келгеніне қатты қуанды. «Е, әлгі қазақтың Сұраншы, Саурық деген батырсымақтарының тәрбиелеп жүрген асыранды күшігі Медетбек деген сенбісің? Кімде-кім Медетбекті тірідей ұстап берсе, қалтасын алтынға толтырамын деп елге жар салған мен едім. Ә, бәлем, қолыма шындап түстің бе?» – деп мысқылдай күледі. Сонан соң түпкі ойына көшеді.
– Діні бөлекке бағынғанда не мұратқа жетесің? Оларға қарағанда біз өз мұсылмандарың емеспіз бе? Қоқанның 90 мың найзасының астында тыныш өмір сүргенді неге қаламайсыңдар? – деді қоқандықтардың әскербасы қабағын түйіп. – Қазақтар бұралқы ит сияқты, адамдары түгел намаз оқып, ораза тұтпайды. Мұсылман боп жарытпадыңдар. Мал бағып, анда-мұнда көшіп-қонып жүргенде тапқан пайдаларың қайсы, жұт жылдары малдарың қырылып, халқың ашаршылықтан өліп жатады. Одан да біздер, өзбектер сияқты, отырықшы ел болып егін егіп, берекелі ел болмайсыңдар ма? Азапты өмірден басқа не көрдіңдер? Мен сені қазір-ақ тұтқыннан босатайын, әскерлеріңе айт, орыс армиясынан бөлініп, бізге келіп қосылсын. Ортақ жауымызбен бірге күресейік.
– Орыстың бұғауы қайыс бұғау, күшеніп қайраттансаң, оны үзіп кетуге болады. Ал сендердің бұғауларың көк болаттан соғылған темір бұғау, оны үзіп кету мүмкін емес. Түбі бір, бауырлас халықпыз дейсіңдер, сөйте жүре өз туыстарың – қазақтарды аямай шауып, қорлап, өлтіріп келесіңдер. Осы да туысқандық па? Енді келіп ұялмай-қызармай бірге болайық дейсіңдер. Мұны бұрынырақ неге ойламадыңдар? Сендерге қызмет еткенше, ит-құсқа жем болғаным артық деді Медетбек батыр қаһарланып!
– Сен батыр емес, нағыз ақымақ адам екенсің, бауыр деген жанашыр сөзімді ұқпай тұрсың! Әкетіңдер мына дінсіз кәпірді, қол-аяғын байлап, тас қамауда ұстаңдар. Соңынан Қоқан ханына жіберемін, азаптап, қинаудың әкесін сол жерде көрсін, – деп ашуланған әскербасы Медетбекті қаматып тастайды.
Қол-аяғы байлаулы Медетбекті түнде қамаудан Қоқанның екі сарбазы босатып алады.
– Біздің шешелеріміз қазақтың қыздары, сізге біз жиен боламыз. Сондықтан жанымыз ашып босаттық, – деді екі сарбаз қосарланып.
– Ертең тұтқынды неге босаттыңдар деп сендерді жазалап өлтіреді. Сондықтан маған ілесіңдер, жарты қандарың қазақ болса, қазақ әскеріне қосыласыңдар, қоқандықтарды бірге талқандаймыз, – деді Медетбек былай шыққан соң. Жігіттер келіседі. Сәлден кейін үш атты түн қараңғылығына сіңіп кетті.
Биылғы жылы туғанына 200 жыл толып отырған Медетбек батыр Есебайұлының ел азаттығы жолындағы күресте көрсеткен ерліктері туралы әңгіме бізге ұмытылмай жетіп, жас ұрпақтың отаншылдық рухын көтеруге қызмет етіп келеді. Тарихи деректер де табылып жатыр. Белгілі журналист-жазушылар Доқтырхан Тұрлыбек пен Манарбек Ізбасар, профессор Амалбек Мәуленов «Медетбек батыр» деп аталатын жаңа еңбектерінде халық қаһарманы Медетбек батыр туралы аңыз болып жеткен әңгімелер мен тарихи деректер жақсы қамтылған. Бұл қаламгерлердің Медетбек батырдың ерлік істерін жинақтауға, зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосып отыр. Бұл барлық игілікті істің бастамасы ғана. Ал бұдан былай тарихшы ғалымдарымыз тарихи тұлға Медетбек батырдың ерлік мұраларын әрі қарай зерттеуге шындап ден қойғаны абзал.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілептің басшылығымен бүгін Медетбек батырдың 200 жылдығына байланысты «Ұлт-азаттық күрес және Медетбек батыр» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысын бастады. Оған еліміздің белгілі тарихшылары, жазушылары, әскери шенділер, мәдениет қызметкерлері, шетелдік ғалымдар қатысады. Осындай игілікті істі ұйымдастырып, жүзеге асырылуына ұйытқы болып жүрген мемлекет және қоғам қайраткері, Қ.Сәтбаев университетінің түлегі, қазір осы оқу орны Ректорлар кеңесінің құрметті мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлының елеулі еңбегін атап өткен де жөн.
Ғабит КЕНЖЕБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі