Аймақтар • Бүгін, 08:05

Балаға қамқорлықтың жарқын үлгісі

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі талқыланды. Жиынға Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ысқақов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев, жекеменшік мектептердің жетекшілері, кәсіпкерлер, «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері қатысты.

Балаға қамқорлықтың жарқын үлгісі

Кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымы басшы­сының орынбасары М.Өткелбаев жекеменшік мектеп басшыларының ұсынысымен қаржыландыру мәселесін тал­қылау мақсатында палатаға арнайы жиналғанын атап өтті. Қаржыландыру білім беру сала­сындағы өзекті мәселенің бірі, сол тұрғыда тиісті мекеме өкілдерінің қатысуымен болған жиында ол өз шешімін табатынына үмітті екенін жеткізді.

«Жақында қаладағы жеке­меншік мектеп басшылары кәсіп­керлер палатасына қар­жы­лан­дыру мәселесі жөнінде өтініш айтып келді. Білім беру ұйы­мының жетекшілері туындаған мәселелерді ортаға салып, бірлесіп шешу жөнінде ұсыныс білдірді. Бүгінгі отырыста осы саладағы өзекті жайттарды талқылап, ортақ шешім қабылдауға тырысамыз. Өйткені білім – қоғамдық дамудың басты тетігі. Білім болмаса адамзаттың алға жылжуы қиындайды. Бүгінде қол жеткізген бүкіл жетістік осы білімнің, ізденістің арқасында келіп отыр. Елдің көсегесін көгертетін білімді ұрпақ. Мемлекет оқушылар мен ұстаздарға бар жағдайды жасап жатыр. Сондықтан бұл салада шешімін таппаған ешқандай мәселе қалмауға тиіс», деді М.Өт­келбаев.

Өз кезегінде Білім беру сала­лық кеңесінің төрағасы Диана Караманова жиынға себеп болған өзекті жайтқа тоқталды. Маман өз сөзінде «Қаржы орталығынан» келген хаттамалық шешімде же­кеменшік мектептерді қаржы­ландыру тек жобалық қуаттылық шегінде жүргізілетінін, яғни әуел баста көрсетілген бала сы­йымдылығына сәйкес ақша бөлінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ қосымша қаражат егер жеке­меншік мектепте бала саны сыйым­дылықтан 10-15% көлемде асқан жағдайда ғана қарасты­рылатынын айтты. Мамандардың мәлімдеуінше, бұрынғы кезде жекеменшік мектепте нақты бала санына қарай қаржы бөлінетін. Құжатта белгіленген сыйымдылық есепке алына бермейтін. Ендігі жерде қаражат тек жекеменшік мектептің құрылыс жобасында көрсетілген орын санына қарай төленетін болды. Дегенмен сыйым­дылықтан 10-15% асып кетіп жатса да қаражат қарала береді. Нақты орын санынан оқушылар тым асып кеткен жағдайда қосымша қаржы қарастырылмайды.

«Шұғыл жиналуымыздың себебі – бізге «Қаржы орталығы» АҚ-тан хаттамалық шешім келіп түсті. Онда жекеменшік мек­теп­терді қаржыландыру сол білім ұйымдарының жобалық қуат­тылығы аясында болатыны айтылған. Сонымен бірге 10-15% көлемінде бала саны асса қосымша қаржы қарастырылады делінген. Бұл шешім оқу жылы басталып қойған соң қабылданып отыр. Қазірде жекеменшік мектептерге оқушылар толық орналасып үлгерді. Тиісті келісімшарттар түзіліп, сабақ үдерісі талапқа сай жүріп жатыр. Барлық оқушылар туралы ақпарат Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген. Бүгінде Шымкенттегі жекеменшік мектептерде жобалық қуаттылығынан тыс 6 937 оқушы білім алып жатыр. Бұл жағдай мемлекеттік мектептердегі оқушылар санының көптігіне байланысты қалыптасқан. Осы­лайша, жекеменшік мектептер мемлекеттік білім ұйымдарындағы үш ауысым проблемасын шешуге өз үлесін қосты деп сенімді түрде айтуға болады. Бүгінге дейін барлық оқушыға мемлекет тарапынан қажетті қаржы аударылып келді. Егер балаларға қаралған қаржы төленбесе, жекеменшік мектептердегі мұғалімдер жала­қы ала алмас еді. Тіпті жеке­мен­шік құрылымдағы сол білім ұйым­дарының жұмысы тұралап қалған болар еді», деді Д.Қараманова.

Жиынға онлайн қатысқан «Қаржы орталығы» АҚ департа­ментінің директоры Айнұр Қа­десова жүйедегі оператор қыз­метін атқаратын орталық тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ маман өз сөзінде мұндай өзекті мәселе білім беру саласындағы орталық мемлекеттік орган мен министрліктер тарапынан ше­шілетінін жеткізді. Яғни жекеменшік мектептегі орын санынан артық қабылданған оқушыларға қосымша қаржы бөлу мәселесі жергілікті атқа­рушы биліктің құзырына кірмей­тінін, онымен айналысу тиісті министрліктің міндетіндегі шаруа екенін тілге тиек етті. Деген­мен маман аталған жағдай еске­русіз қалмайтынын мәлімдеді. Жекеменшік білім ұялары бас­шыларының өтініші тиісті органда қаралып, баршасына ортақ тиімді шешім қабылданатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев биылға қаралған қаржы қаладағы мектептердің меншік нысанына қарамастан, оқушылардың барлығын білім беру үдерісін қамтамасыз етуге жет­кілікті екенін атап өтті.

Жиында оқу­шылардың ыстық тамағына бөлінетін қаржы мәселесі де талқыға түсті. Айта кету керек, мегаполистің білім ұяларында оқушылардың әлеуметтік жағ­дайына қарамастан, бастауыш сыныпта оқитын барлық бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Бұл білім беру саласындағы әлеуметтік мәселенің шешім тапқанын көрсетеді. Сонымен қатар бала денсаулығына жасалған қамқорлық. Өйткені ыстық тамақ ішкен бала қарны ашып дүкенге қарай жүгірмейді. Ондай жерден баланың қандай заттар сатып алатыны белгілі. Қытырлақ пен қуырылған немесе картоп фаст-фуд оқушылардың бүгінде сүйіп жейтін тамағына айналған. Ондай тағамдардың бала денсаулығына зиян екенін диетолог дәрігерлер үнемі айтып, дабыл қағып келеді. Әсіресе жас ағзасы әлі ауыр тамақ­қа қалыптасып үлгермеген бала­ларға бір мезгіл ыстық тамақ денсаулықты күшейтуге үлкен сеп. Сондай-ақ тұрмыстық жағ­дайына қарамай оқушылардың барлығы бірдей тамақтануы балалар арасында әлеуметтік теңдік тудырып, олардың бойында адалдық пен әділдік қасиеттерін қалыптастырады дейді мамандар. Одан бөлек, тегін ыстық тамақ оқушылар ата-анасының отбасылық бюджетті үнемдеуіне бірден-бір көмек. Бүгінде бала­лардың күнделікті мектепте жұм­сайтын қаражатының өзі ата-аналарға оңай соқпайтыны белгілі. Баланың шығыны күнделікті біліне қоймағанымен, жинақтап есептегенде әжептәуір қаражат болып шығады. Мек­тептегі тегін ыстық тамақ сол отбасы шығынының бір бөлігін жауып отыр. Осы орайда жергілікті әкімдік үлкен жұмыстар атқарып келеді. Соның ішінде қаланың атқарушы билігі үлгі боларлық іс тындырып жүр. Ең тиімді инвестиция – баланың болашағына салынған инвестиция.

«Жекеменшік мектептердегі оқушыларға ыстық тамаққа бө­лінетін қаржы бұған дейін білім ұйымдарына аударылған болса, қазірде қаржы оқушылардың заңды өкілінің яғни ата-анасының немесе қамқоршысының жеке шотына тікелей түсіп жатыр. Мемлекеттік мектептерде биылдан бастап асханаларға арналған ақпараттық-бағдарлама кешендері іске қосылды. Аталған жүйемен оқушылар нақты тамақтанған кезде ғана бағдарламаның статистикасына ілініп, қаржы сол мәліметке сәйкес аударылады. Айталық, «Alaqan Mektep» деп аталатын осынау бағдарламаны қолданудың нәтижесінде 1 айда 200 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Сондықтан жекеменшік мектептерде де осы жүйені қолдануды ұсынамын. Бүгінде елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы іске асып жатыр. Адалдық кез келген салада болуға тиіс. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарынан мемлекет материалдық зиян шегеді. Қаржыны босқа шашудан елдің қазынасы азаяды. Осындай келеңсіздіктерге жол берудің бас­ты себебі – әділдік пен адалдық дағдыларын ұстанбау. Сондықтан қаржыны нақты тамақтанған бала санына қарай аудару әділеттілік тұжырымдамасына сай келетін нағыз адал ұстаным. Мемлекет басшысы айтқандай, әр салада үнемшілдікке ден қойсақ еліміз гүлденіп, дами түседі», деді қа­лалық білім басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Қ.Ысқақов.

Кеңес отырысының қорытын­дысы бойынша хаттама түзіліп, оны тиісті мемлекеттік орган­дарға жіберу туралы шешім қабылданды.