
Кереку жеріндегі кәсіби аңшылықтың дегдары, атақты саятшы Мәуия Әбікейұлының еңбегі бүгінгі ұрпаққа аңыз болып қалған. Ол Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде (1972 жылы) алтын медальмен марапатталып, қазақтың құсбегілік өнері жайында өзге ұлттардың аңшылары алдында дәріс оқыған. Кейін Чехословакияда аңшылардың дүниежүзілік форумы өтіп, қазақ бүркітшісі әлгі жиынға арнайы шақырту алады. Чехословакиялық әріптестерін сонау қазақ даласындағы қарияның бүркітшілікпен әлі де болсын айналысып, қасқыр соғып жүргені ерекше әсерлендірсе керек.
Саятшылық өнердегі жоғары жетістіктері үшін КСРО Тұтынушылар қоғамы орталық одағының қаулысымен «Аңшылық ісінің үздігі» атағы беріліп, қысқа ұңғылы бесатар карабин сыйға тартылады. Көнекөз қариялардың айтуынша, қазақтың үштен бірі қырылған отыз екінің аштығында өзі сияқты аңшылармен тізе қосып, Алтайдан таутеке, бұлан, елік атып әкеліп, тұтас ауылдардың аштықтан аман қалуына сеп болған. Түз жануарларының еті бір шеті Қарағанды, бір шеті қазіргі Екібастұздың аумағындағы ашыққан елге таратылған.
Мәуия Әбікеев 85 жыл ғұмыр кешкен. Туған жері әрі ұзақ жыл мекен еткен өлкесі – Баянауыл ауданы. Асыл азаматтың көзін көргендер оның құсбегілік өнері туралы әлі күнге жыр қылып айтып жүреді. Осыдан біраз жыл бұрын Баянауылда оның құрметіне ескерткіш ашылған еді. Композицияда қолына бүркітін қондырып, тазысын ерткен қарт саятшының кескіні бейнеленген. Оны жасаған танымал мүсінші Бота Машрапов болатұғын. Алайда соңғы уақытта бұл ескерткіштің байыбына бармай, бұрмалап жүргендер көп көрінеді. Оны аймақтағы атақты құсбегілердің бірі болған, 2023 жылы дүниеден өткен Иманзайып Тасыбаевтың есімімен байланыстырады. Қоғам ауысқан сайын жаңа есімдердің пайда болатыны заңдылық. Алайда жас буын үшін тарихи құндылықтар сол қалпында насихатталғаны абзал деп есептейді Мәуия атаның ұрпақтары.
– Ел арасында «бұл ескерткіш И.Тасыбаевтың құрметіне қойылған» деген әңгіме тарап кетті. Баянауылға келімді-кетімді қонақтарға да солай түсіндіріліп келеді. Иманзайып ағаның құсбегілік өнерді дамытудағы еңбегі өлшеусіз, әрі ол өзін Мәуия атамыздың шәкіртімін деп атап кеткені біз үшін мақтаныш болып қалды. Бірақ кезінде ескерткішті жасаған Бота Машрапов бұл композиция біздің атамыздың тұлғасына арналғанын нақтылап айтқан. Сондықтан жұрттың мұны бұрмалап жүргені көңілімізге қаяу түсіреді, – дейді Мәуия бүркітшінің немересі Дәметкен Әбікеева.
Бота Машраповтың туған ағасы, медицина саласының ардагері Бектуар Машрапов ескерткіштің қарт саятшыға арналғанын жеткізді. Айтуынша, бала кезінде інісі екеуі саятшы мен оның аңшылық құстарын көріп өсіпті.
«Мүсінді інім Бота Мәуия Әбікеевтің рухына арнап жасағанын жақсы білемін. Бала кезімізде бірінші мамыр күні өтетін салтанатты шеруді асыға күтуші едік. Себебі бұл шеруді бүркітін қолына қондырып, тазыларын ерткен Мәуия атамыз үнемі бастап шығатын. Мерекені емес, есімі аңыз саятшыны тамашалап қалуға жиналатынымыз рас еді. Кейін есейе келе ол кісімен танысып, білістік. Інім арнайы барып сәлемдесіп те жүрді. Қария Баянауылда ұзақ жыл тұрған соң қазіргі Кенжекөл ауылына көшіп кетті. Сол жақта 1985 жылы көз жұмды. Бота ескерткішті жасап, орнатқан соң бірнеше жылдан соң өзі де өмірден өтіп кете барды», деп әңгімеледі ақсақал.
Аудан орталығына кіреберістегі жол айрығында тұрған ескерткіш гипстен жасалғаны себепті бүгінде кейбір жерлері сөгіліп, оңа бастағаны да байқалады. Аудан әкімдігінен сұрағанымызда, оны басқа жерге көшіру, жөндеу үшін бюджеттен қаражат қарастырылмағанын хабарлады. Қиратып алу қаупі бар, әзірше қолдан келер шара жоқ деген ишара танытып отыр. 2023 жылы Әбікеевтер әулеті ескерткіш маңын абаттандырайық, бізге рұқсат беріңіздер дегенде, жергілікті қоғамдастық бас тартыпты. Яғни ұсынылған жоба жер бедеріне сәйкес келмейді, жол бойында тұр, көлік қозғалысына кедергі келтіреді деген сылтау айтылған. Ең қызығы, биыл әлгі ескерткіштің дәл жанынан асханасы, қонақүй бөлмелері мен сауда залы бар зәулім жанармай құю стансасы ашылыпты. Билік пен қоғам өкілдері дағарадай кәсіпкерлік нысанына рұқсат бере тұрып, қарт бүркітшінің мүсінін жайнатып қоюға ұлтарақтай жерді қимағанына таңғалдық. Биыл композиция маңына кеспетастар төселіп, жарықтандыру орнатылыпты. Бірақ айналасы әлі де абаттандыруды қажет етіп тұрғандай.
Бүгінде мүсін жанында кімге арналғаны туралы белгі жоқ. Жергілікті мәдениет саласының басшылары бұған не себепті мән бермей отырғаны да беймәлім. Әйтпесе Баянауылдан шығып, елге танымал болған тұлғалардың есімдері сай-салаға қойылған тастарда самсап тұрғаны анық.
Биыл қарт бүркітшінің 125 жылдығына орай 3–6 қараша аралығында Баянауылда дәстүрлі республикалық құсбегілер сайысы өтеді. Бұл шараны салаландыра түссе дейміз. Атақты саятшының жарқын істерін елге танытып, насихаттай түсу үшін облыстық көлемде жас суретшілер сайысы мен ақындар мүшәйрасын, құсбегі мамандардың конференциясын өткізсе де артық болмас еді.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы