
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Зауыт жұмыс істеген 14 жылда 500 мыңға жуық автомобиль құрастырды. Кәсіпорыннан шыққан жеңіл көліктер ел аумағынан тыс, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь елдеріне экспортталады.
«Әлемде көлік құрастыратын зауыттардың ешқайсысы бөлшектерді өздері өндірмейді. Біздің кәсіпорындағы жағдай да соған ұқсас. Әр көлік маркасының тетіктерін өзара келісімшарт аясында әртүрлі шетелдік зауыттардан алдырамыз. Бастысы, көліктер барлық шеберханадағы білікті мамандардың қолынан өтіп, жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен құрастырылады. Негізгі мақсатымыз – халықаралық сапа нормаларына сәйкес келетін бәсекеге қабілетті өнім шығару», дейді компания директоры Сырым Семейбаев.
Былтыр маусымда кәсіпорын пластика бояу цехын іске қосты. Толықтай автоматтандырылған жаңа цех жылына автокөлікке қажет 62 мың пластика бұйымдарын өңдеп шығарады. Мұндағы өнім шығару үдерісін толықтай автоматты конвейерлер мен роботтандырылған қондырғылар атқарады. Жаңа цехтың ашылуы бұған дейін көлік шанағы мен пластикалық бөлшектерді қатар бояп келген негізгі бояу цехының жұмыс жүктемесін азайтып, CKD өндірісінің үлесін ұлғайту арқылы өндіріс қуатын арттыруға жол ашып отыр. Пластика бояу цехында алты робот жұмыс істейді. Мұндағы өндіріс желісінің өзі төрт аймаққа бөлінген. Бояу камераларындағы жұмыстың бәрін робот операторлар басқару пункті арқылы бақылайды. Яғни бояу цехындағы денсаулыққа едәуір зиян келтіретін жұмысты робот атқарады.
Бүгінде кәсіпорында 3 800 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың бәрі тегін тамақпен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Бояу цехының шебері Раушан Байбатжанова зауытта он шақты жылдан бері жұмыс істейді. Күнделікті міндеті – бояу цехынан жаңа шыққан көлік шанақтарының сыртқы қабатын тегістеп, жылтырату. Аталған цехта Раушаннан өзге жиырма шақты әйел бар. Бір бригада бір ауысым ішінде жиырмаға жуық автокөлік шанағын өңдеп шығарады.
«Жұмысқа қызметтік автобуспен келіп, қайтамыз. Бояу цехындағы жұмысымыз да қызық. Әдетте жай адамға жаңа сырланған автокөліктің сырты мінсіз әрі теп-тегіс болып көрінуі мүмкін. Ал мен сырт көзге көрінбейтін ұсақ кемшіліктерді бірден байқаймын. Шанақтың сыртқы тегістігін саусақпен сезіне білу керек», дейді цех шебері.
86 мың шаршы метр аумақты алып жатқан зауытта 7 өндірістік цех жұмыс істейді. Кәсіпорынның жас маман, жаңа кадрлары зауыт жанынан ашылған «SAP University» орталығында жүйелі түрде білім жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырады. Зауытта жаңа технологияның тілін жетік білетін заманауи білімі бар инженер-технолог жастар жұмыс істеп жатыр. Мысалы, кәсіпорын маманы Арман Зәкіров – «Джепикс» деп аталатын «ақылды» құрылғының маманы. Екі жылдан бері осы құрылғыны басқарады.
«Бұл – біздің зауытта ғана бар жаңа мамандық. «Chevrolet Onix»-тің CKD өндірісін арнайы бағдарламаның көмегімен бастан-аяқ бақылаймын. Басты міндетім – көлік өндірісіндегі сапаны бақылау. Мұның сыртында, әр жылы шыққан автокөліктердің әріптері де ауысып отырады. Соның бәрін алдын ала қадағалау керек. Мысалы, дәнекерлеу цехынан шыққан автокөлік шанағына пин-код саламыз. Одан кейін автокөлік бояу цехына, кейін ұсақ торапты құрастыру цехына кіреді. Біз өндіріс үдерісінде қандай да бір қателік кетіп қалмау үшін олардың порт нөмірлерін, барлық мәліметті алдын ала ауыстырып, жаңалап отырамыз. Өзім басқаратын «ақылды» құрылғының тілін толық игеріп алдым. Бірақ мұнымен жұмыс істеу үшін күн сайын білім жетілдіріп отыру қажет. Өйткені мұнда сан алуан жүйемен жұмыс істеуге тура келеді. АІ саласынан хабардар болуың шарт. Өткен жылдан бері 3 мыңнан аса «Chevrolet Onix» автокөлігін шығардық. Сол үш мың көліктің техникалық сапасы, дәнекерленуі, боялуы – бәрі-бәрі біздің бақылауымыздан өтті», дейді жас маман.
«Аллюр» «Chevrolet Onix» өндірісін 2024 жылы іске қосқан. Жоба аясында қарастырылған инвестиция көлемі – шамамен 33,7 млрд теңге.
Автозауыт бүгінде «Allur Campus» атты заманауи тұрғын үй кешенін салып жатыр. Жалпы ауданы 13,5 мың шаршы метрден асатын 9 қабатты кірпіш үйде жас отбасылар тұратын 71, студенттер тұратын 60 және қонақтарға арналған 20 бөлме бар. Кампус аумағында медициналық пункт, кітапхана, компьютер сыныбы, жаттығу залы, кір жуатын бөлме жұмыс істейтін болады. «Аллюр» компаниясының жеке қаражатына салынып жатқан кампус таяу күндері пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта автозауыт басшылығы «Allur Campus» аумағын кеңейтіп, 260 орындық балабақша, футбол, баскетбол алаңдарын, жүгіру жолдарын, «workout» аймағы мен үстел теннисіне арналған алаңқайлар салуды жоспарлап отыр.
Қостанай облысы