
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Табыс. Ең алдымен, бұл бағытта жұмыстың жай-жапсарына үңіліп, жаңарған деректер келтіре кетейік. Бүгінге дейін елімізде шетелдің жоғары оқу орындарымен бас-аяғы 40 стратегиялық әріптестік орнатылыпты. Әріптестік негізінде әртүрлі тәсіл арқылы филиал, франшиза, әріптестік, консорциум жүзеге асырылды. Оның ішінде 22-сі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалы түрінде ашылды. Ұлыбритания, РФ және АҚШ-тың – 5, ҚХР-дың – 4, Оңтүстік Кореяның – 3, Германияның – 2, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Польша, Франция, Италия, Мажарстан, Финляндия елдерінің бір-бірден жоғары оқу орындары бар.
Тиімді тұстарына тоқталсақ, біріншісі – жоғары білімді импортқа айналдырып сата алу, соның есебінен ел экономикасына қаржы құю.
Өйткені бізде ашылған шетелдік беделді университеттердің филиалы отандастарымызды ғана емес, алыс-жақын мемлекеттердің азаматтарын да қызықтырады. Айталық, Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сүйенсек, биылғы оқу жылында Қазақстанға 31,5 мың шетелдік студент, соның ішінде Үндістаннан 12 мыңнан аса, Ресейден 3 мыңнан көп, Қытайдан 2 мыңнан аса адам оқуға келді. Сонымен қатар Моңғолия, Нигерия, Франция, Германия, Италия, АҚШ студенттері де бар. Биыл алғаш рет Аустралиядан да білім алушылар елімізге ат басын бұрды. Осының нәтижесінде Қазақстанға шамамен 30 млрд теңге табыс түскен. Бұдан да бұрын басты табыс – әлемдік стандарттарға сай маман даярлау болса керек.
Басымдықтар. Филиалдарды ашу өңірлік қағидаттарды ескере отырып жүзеге асырылып, техникалық сала (білім беру бағдарламаларының 80%-ы), сонымен қатар бизнес, креативті индустрия және педагогикалық ғылымдар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.
Тарқатып айтсақ, жалпы шетелдік университеттермен әріптестік арқылы ашылған оқу орындарында негізгі басымдық үш бағытқа берілді. Инженерлік мамандықтар: «Мұнай инженериясы және энергия менеджменті», «Электрэнергетика», «Компьютерлік инженерия», «Машина жасау, жалпы техникалық ғылымдар», «Экология, табиғатты пайдалану, энергетикалық менеджмент», «Жасанды интеллект, цифрлық даму», «Бағдарламалау, есептеу техникасы» мамандықтары оқытылып жатыр. Осыған қоса машина жасау, атом энергетикасы, ядролық технологиялар (МЗФИ филиалы) мен бизнес-мамандықтар бойынша маман дайындайтын филиалдар да жұмыс істейді (мысалы, «De Montfort»). Мұның барлығы республикамызда сұранысқа және маңызға ие мамандықтарды әлемдік стандарттарға сай етіп дайындауға мүмкіндік береді.
Әлеуеті. Қазақстанда шетелдік беделді университеттердің филиалдарын ашудың тағы бір ұтымды тұсы – еліміздің жоғары білім сапасын арттыруға ықпал ететінінде. Себебі шетелден білім ғана емес, білім беретін профессорлық-оқытушылық құрам да қоса келеді. Бұл өз кезегінде біздің оқытушыларға шетелдердегі орталықтарда тәжірибе алмасумен бірдей жағдай жасайды. Күнделікті бірге жұмыс істеу арқылы халықаралық әдістерді игеріп, дәрістер мен семинарларда қолданып көре алады, нәтижелерін шетелдік әріптестерімен өзара талқылап, бір-бірінің сабағына қатыса алады. Мұны бір деңіз, екіншіден, отандық жорғары оқу орындарының жанынан шетелдік әріптестік негізінде түрлі орталықтың құрылуы, филиалдардың ашылуы еліміміздегі университеттер арасында бәсеке тудырады. Шынайы бәсеке сапаға жетелейді. Нәтижесінде, біздің оқу орындары да әлемдік стандарттарға сай оқытуға ұмтылады.
Деңгей. Бізде ашылған филиалдардың әлеуеті расымен де «оңай шағылатын жаңғақ емес» екені айтылады. Кейінгі кезде ашылған филиалдардың бірқатарын атап, жоғары оқу орындарының қандай деңгейге ұмтылуды көздейтінін болжап көрейік. Мәселен, өткен айда ғана атақты америкалық кино мектебі – «New York Film Academy» филиалы Қазақстанда ашылды. Енді кино және медиа саласында білім алып, шығармашылығын шыңдағысы келетіндерге Америкаға аттанудың қажеті жоқ.
Тағы бір ерекше айта кетерлігі, бұл – Орталық Азиядағы алғашқы әрі әзірге жалғыз филиал. Демек Орта Азия елдерінен алдағы уақытта Қазақстандағы «New York Film Academy» филиалына оқу іздеп келетіндер қатары көбеюі мүмкін, себебі оларға мұхит асқаннан гөрі бізге келіп оқу қаржы жағынан тиімді болары сөзсіз. Тағы бір мысал, жақында Түркістан қаласында «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылды. Бұл – Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орны. Бірнеше жыл бұрын ғана облыс орталығы мәртебесін алған шағын қалаға мұндай мүмкіндік өңірлік жоғары білімнің жаңа деңгейге шығуына септеседі. Осы секілді бірнеше шетелдік беделді жоғары оқу орындарының еліміздің ірі қалаларында емес, облыстарда ашылуы жастардың мегаполиске ағылуын азайтады.
Енді бір нұсқаны мысалға келтіре кетейік, бұл үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақпаратынан мынау бір үзіндіге назар салсақ: 2025 жылғы 3 қыркүйекте «Cardiff University» филиалы Астанада ресми түрде ашылды. Бұл университет – беделді «Russell Group» бірлестігіне мүше және Орталық Азиядағы осындай деңгейдегі алғашқы шетелдік кампус. «Cardiff University Kazakhstan» «Computer Science», «Business Management», «Civil Engineering», «Exploration Geology» бағыттары бойынша бакалавриат бағдарламаларын, сондай-ақ «STEM» және бизнес салаларына арналған дайындық (foundation) курстарын ұсынады. Оқыту толықтай ағылшын тілінде, Кардифф қаласындағы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының қатысуымен өтеді. Студенттерге британдық білімнің қолжетімділігін арттыруға және Қазақстанның кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған академиялық стипендиялар мен гранттық бағдарламалар қарастырылған», делінген.
Түйін. Сөзімізді қорытындыласақ, Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікте құрылған кез келген дүние (филиал, кампус, орталық, шеберхана, т.б.) бастапқы мақсатында еліміздің болашағын жақсартуға жасалып жатқан қадам екені түсінікті, тек әуелгі мақсатынан айнымай, біздегі барды, осыған дейін жанып тұрған шырақты сөндіріп алмаса игі.