Қоғам • Бүгін, 10:16

Жас қазақстандықтар еліміздің беделін мақтан тұтады – зерттеу нәтижелері

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

British Council жүргізген «Қазақстанның болашақ ұрпағы» зерттеуінің нәтижелері жарияланды. Зерттеу жас қазақстандықтардың құндылықтарын, көзқарастары мен өмірлік ұстанымдарын тереңірек ашып көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жас қазақстандықтар еліміздің беделін мақтан тұтады – зерттеу нәтижелері

Фото: Ашық дереккөз

Қазақстандағы зерттеу Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің LSE Consulting компаниясымен, «Орталық Азия Барометрі» және ұлттық сарапшылар кеңесімен бірлесе атқарылған.

Зерттеуге 18 бен 35 жас аралығындағы 1270 жас қазақстандық қатысты. Олардың 1202-сі – репрезентативті сауалнамаға, ал 68-і – сұхбаттар мен фокус-топтарға қатысқан. Зерттеу бес негізгі бағыт бойынша жүргізілді: әдеби шолу, сауалнама, сұхбаттар, фокус-топтар және «Тоқтап, ойлан» атты сараптамалық воркшоптар сериясы.

Біріншіден, отбасы мен шыққан тегіне деген құрмет. Респонденттердің басым бөлігі өз отбасын өмірлік басты құндылық деп санайды және оны ең маңызды әсер көзі ретінде атап өткен. Бұл үрдіс басқа зерттеулермен де сәйкес келеді: жастардың 80 пайыздан астамы отбасыны ең жоғары құндылық деп есептейді.

Екіншіден, жас қазақстандықтар әлеуметтік сын-қатерлерді нақты бағалайды және сонымен бірге жоғары оптимизмді сақтайды.  Сауалнамаға қатысқандардың 80 пайыздан астамы елдің даму бағыты оң деп санайды. 86% ерлер мен 83% әйелдер өз өмірінің сапасына, ал 87% ерлер мен 82% әйелдер кәсіби мансап мүмкіндіктеріне оптимистік көзқарас білдірген.

Зерттеу нәтижелері жастардың икемділігі мен бейімделгіштігін, сондай-ақ дәстүр мен жаңашылдық арасындағы тепе-теңдікті табуға ұмтылысын көрсетеді. Олар отбасылық және мәдени байланыстарды сақтай отырып, жеке және кәсіби дамуға ерекше мән береді.

Үшіншіден, жастардың 57 пайызы білім беру сапасының жақсарып келе жатқанын айтқан, ал 30–35 жас аралығындағы респонденттердің 78 пайызы білім қоғамдағы өзгерістерге ықпал етеді деп есептейді.

Төртіншіден, 70 пайыздан астам жастар білімді қоғамды түрлендіретін ең басты күш ретінде қабылдайды. Тіл меңгеру мен коммуникация, көшбасшылық қабілет, мәселелерді шешу машықтары басты кәсіби құндылықтар қатарында. Респонденттердің 80 пайызы шет тілін білуді маңызды деп санайды, себебі бұл жұмыс табуға, сапар шегуге және білімін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Келесі маңызды бағыт – кәсіпкерлік рух. Сауалнамаға қатысқандардың екіден үш бөлігі алдағы бес жылда өз ісін ашуға ниетті. Бұл жастардың белсенді өмірлік ұстанымы мен тәуекелге бейімділігін айғақтайды.

Зерттеу сондай-ақ жастардың әлемдік үрдістерге ашықтығын көрсетті. Олар Қазақстанды ірі державалар арасындағы географиялық, дипломатиялық және мәдени «көпір» ретінде көреді. Елдің өңірдегі ең ірі экономика ретіндегі мәртебесі мен беделі – жастар үшін ұлттық мақтаныш көзі.

Климат және экология мәселелері де назардан тыс қалмаған. Жастар ең алдымен ауаның сапасы, қалдықтарды басқару және су тапшылығы туралы алаңдаулы. Алайда олар бұл мәселелерге пессимизммен емес, шешім іздеуге дайындықпен қарайды.

Соңғы бағыт – азаматтық белсенділік пен жаңа форматтағы қоғамдық қатысу. Қазіргі жастар тек акциялар мен бастамаларға қатысып қана қоймай, әлеуметтік желілерде өз ойын ашық айтып, қоғамды дамытуға үн қосуда. Цифрлық белсенділік – блогтар, иллюстрациялар, музыка мен экологиялық акциялар түрінде көрініс табуда.

Осылайша, «British Council» жүргізген «Келешек ұрпақ: Қазақстан» зерттеуі қазіргі қазақстандық жастардың өз елінің даму бағытына сенетін, мәдени тамырына берік, бірақ әлемге ашық ұрпақ екенін айқындады.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше