Шаруашылық • Бүгін, 08:12

Мәртөк ауданында жиын-терім аяқталды

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қыркүйек айынан қазанның ортасына дейін жалғасқан күздің шуақты да жылы күндері өңірдегі шаруашылықтардың жиын-терімді сәтті аяқтауына мүмкіндік берді. Әсіресе астық өсіріп, мал азығын даярлайтын қожалықтар ауа райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланды.

Мәртөк ауданында жиын-терім аяқталды

Биыл жиын-терім мау­сымын­да жанар-жа­ғармайдан тапшы­лық болған жоқ. Ақтөбе облы­сын­да бидай, арпа өсіріп, мал азығы дақылдарын егетін шаруашы­лықтар негізінен Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудан­дарында шоғырланған. Әсіресе Мәртөк ауданы дәнді, майлы дақылдар, мал азығы түр­лерін өсіруге машықтанған шаруа­шылықтармен ерекшеле­неді. Ауданда жерді құнарландырудың агротехникалық тәсілдерін жақ­сы меңгеріп, тамшылатып суа­ру әдісін қолданатын шаруа­шылықтар саны басым. Биыл көктемде 158 407 га алқапқа түрлі дақылдар егілсе, оның 96 740 гектарын дәнді дақылдар егістігі құрады. 53 649 га бидай, 25 584 га арпа, 1 165 га сұлы, 656 га тары, 2 259 га бұршақ егілді. Осылайша, өңірдегі астықты аудандардың бірі саналатын, жері құнарлы Мәртөк ауданының егістік алқап­тарын әртараптандыру жұмыс­тары биыл да жалғасты.

Тағы бір назар аударарлығы, бұрын өсірілмеген майлы да­қыл­дар алқабы ұлғайып келеді. Мәселен, осы көктемде 11 754 га жерге күнбағыс, 5 643 га мақса­ры егіліп, тамшылатып суару әдісін қолдану арқасында өнім бі­тік шықты. Майлы дақыл­дар Ақтөбедегі май зауытта­рына жіберіледі немесе сығымдалған мал азығы түрінде экспортқа шыға­рылады. Айта кету керек, ша­руа­шылықтар комбайн, көп кешенді трактор жүргізу­ші­лерін Мәртөк ауданы тұрғын­дарының арасынан таңдайды. Білікті механизаторлар жиын-терім уақытында лайықты бағала­нады. Әлі де жақсы ком­байн жүргізушілері мен механиза­торларға сұраныс көп.

Осы аудандағы екі ірі сүт фер­масының сауын сиырларына қажет құнарлы жемшөп базасын ұлғайту өзекті болып тұр. Өйткені Ақтөбе қаласының тұрғындарын сапалы сүтпен қамтамасыз етіп отырған қос ферманың бірнеше мың бас сауын сиырын қырдың шөбімен тойындыру мүмкін емес. Осы мақсатта бірнеше жыл бұрын Елек өзенінің аңғарлары мен көлтабандарында біржылдық шөптермен қатар, көпжылдық шөп тұқымдарын егу тәжіри­бесі қолға алынды. Ауданда жылма-жыл өзен аңғарларынан алыс емес 43 618 га алқапқа мал азығы дақылдары егіледі. Оның 24 752 гектарына біржылдық, 3 060 гектарына көпжылдық шөптер тұқымдары себіліп,
2 670 гектарына сүрлемдік жүгері отырғызылады. Агротехникалық шаралардың арқасында мал азығын өсіретін шаруашылықтар артылған өнімдерін басқа жақ­қа сатуға мүмкіндік алды. Көлта­бандарға себілген көпжылдық шөптер тамырлары тереңдеп, бітік шыққандықтан, қайта-қайта отырғызудың қажеттілігі болмай қалды. Аудандық ауыл ша­руа­шылығы бөлімінің мәліметі­не қара­ғанда, шілде-тамыз айларында бұрын егілген 12 136 га көпжылдық шөптер алқабынан мол өнім жиналған. Осылайша, жерді тиімді пайдалану арқасында жеткілікті жемшөп қоры жасақталды, жоңышқа, еркекшөп, арпа мен сұлы ауылдық округтерге арзан бағамен сатылды.

Қазанның алғашқы онкүн­дігінде ауданда 249 га жерден картоп, 212 гектардан сәбіз, қырыққабат, қызылша жиналған. Қысқа сақталатын көкөністер аудан тұрғындарының қажетін өтеп қана қоймай, облыс орталы­ғындағы дүкен сөрелері мен базарларға көтерме бағамен жет­кізіле бастады. Қазан айының алғашқы онкүндігіне дейін ауданда 116 167,1 тонна дәнді дақыл жиналды. Шаруалар бидайдың әр гектарынан шамамен 12 центнерден өнім алды. Қазандағы мәліметке қарағанда, 62 198,8 тонна бидай, 1 367,2 тонна сұлы, 504,5 тонна тары, 710 тонна жүгері, 1 188,6 тонна бұршақ, 44 тонна зығыр қамбаға құйылды.

Еңбек өнімділігі жұмысты сәтті ұйымдастыру мен жаңар­тылған техникалардың арқа­сында қол жеткізілетіні белгілі. Сол себептен де қашанда ауыл ша­руашылығы техникасын жаңғырту мәселесі күн тәр­ті­бінен түспейді. Техниканың қымбаттауы, қажетті жабдық­тарды жеткізудегі кедергілерге қарамастан, бұл жұмыс үнемі жал­ға­сып келеді. Мәртөк ауданы әкімі Медет Ысқақовтың хабар­лауынша, өткен жылы шаруа­шылықтарға 173 ауыл шаруашы­лығы техникасын сатып алу жос­пары қойылған екен. Соның нәтижесінде, биыл 10 трактор, 15 жер өңдейтін техника, 25 дән­сепкіш, 3 егістік кешені, 5 астық оратын комбайн, 48 мал азы­ғын даярлайтын техника сатып алынған. Алдағы жылы шаруа­шылықтарды техникалық жарақ­тандыру жалғаса береді. Шаруа­шылықтар жаңа техниканы көбі­несе лизинг арқылы сатып алған.

Ауданда 90,1 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланса, осы көрсеткіш қазан айында 101%-ға орындалып, 91 145,4 мың тонна жемшөп шаруашы­лық­тар мен жеке тұрғындардың қорасына үйілді. Бұл жақта қыс ерте түседі. Қарашаның қара суығы мен лайсаңы малды ертерек қораға қаматып, сәуірдің соңына дейін қорадан шығартпайтындықтан, жемшөп қоры алты айға жеткілікті етіп жиналады. Өйткені қысқы борандар мен үскірік аяздарда жол жабылса, ауылдар жемшөпсіз қалады.

 

Ақтөбе облысы