«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:35

Қоршаған орта мен жұртшылық мәдениетінің үйлесімі

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» – жалпыхалықтық жоба. Былтырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан экологиялық іс-шара аясында айналамызды абаттандырып, қоршаған ортаны қадірлеудің өзіндік үлгісі қалыптасты. Табиғатқа құрметпен қарау – әр адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. «Бір тал кессең, он тал ек» деген бабалар аманаты обал мен сауапқа үндейтіні аян.

Қоршаған орта мен жұртшылық мәдениетінің үйлесімі

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауда, игі іске қоғамды жұмылдыруда маңызды факторға айналды. Биыл игі бастаманы іске асыру шеңберінде «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ», «Киелі мекен» сынды дәстүрлі акциялар да жалғасын та­уып, елімізде 1 196 экологиялық іс-шара өтті. Нәтижесінде, 729,7 мың тонна қалдықтар жиналып, 966 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 2,4 миллионға жуық ағаш егіліп, акцияға 5,4 млн адам үлесін қосты.

11 қазанда өткен экологиялық іс-шаралардың қорытынды кезеңі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында барлық өңірде ағаш көшеттерін егу,  елді мекендердің аумақтарын жинау қолға алынды. Сондай-ақ су айдындары мен бұлақтардың көзін ашып, тазарту жүзеге асты. Жалпыхалықтық игі бастамада мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ерікті­лер жергілікті тұрғындар белсенділік та­нытты.

Елордадағы экологиялық акцияға қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ботаникалық саябақта еріктілер, белсенді жастармен бірлесіп ағаш екті. Мемлекет басшысы Jasyl El ұйымының белсенді жастарымен дидарласып, кейінгі буынның қашанда қоғамдық жұмыстарға белсене үлес қосып жүргеніне алғыс айтты. «Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Ең алдымен, ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. Jasyl El ұйымының жұмысын қолдаймын. Жұмыстарыңыз өзге жастарға өнеге, олар Сіздерден үлгі алады», деді Қ.Тоқаев.

п

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Іс-шара барысында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің жалпыұлттық акцияны іске асыру барысы туралы мәліметі тыңдалды. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану арқылы қалдықтарды экологиялық басқару саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған авторлық әзірлеме таныстырылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жалпы­халықтық акция туралы жан-жақты баяндады.

«Биыл еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды экологиялық акциялар кеңінен ұйымдастырылды. 11 қазан күнгі акция аясында  600 мың адамның қатысуымен 86 мың га жер тазартылып, 180 мыңнан астам ағаш егілді. Тек Астананың өзінде 11 450 ағаш көшеті отырғызылды. Іс-шараға  мектептер, университеттер, ауру­ханалар, өнеркәсіп мекемелері, басқа да ұйымдар белсенді қатысты. Елді мекендерде 2021–2025 жылдар аралығында 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалды. Алайда бұл жұмыс толастаған жоқ, биыл қосымша 900 мың ағаш егілді», деді министр.

Мемлекет басшысының орман қоры аумағына 2 млрд түп ағаш егу жөніндегі тапсырмасы да кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Сала басшысы бүгінге дейін орман алқаптарына 1 млрд 369 млн көшет егілгенін жеткізді. Соның ішінде Арал теңізінің тартылған табанына 530 млн дана сексеуіл көшеті егілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы көктемде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде белсенді жас­тармен жүздесіп, ауқымды шараның тағылымы мол екеніне тоқталды. «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқа­сында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды», деді.

Президент табиғатты аялап, тазалық мәдениетін жас ұрпақ зердесіне тоқудың маңыз­дылығын айтты. «Қоқысты сұрып­тау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» акциясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қор­шаған ортаны аялауға, қорғауға ұмты­лып жатқанын көріп отырмыз. Азамат­та­рымыз экологиялық талаптарды сақ­тап, оны саналы түрде өмір салтына айнал­дырып келеді. Қоғамда жаңа эколо­гиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді»,  деп зор сенім артты.

Байрақты ел, байтақ дала әрбір азаматтың жүрегіндегі Отаны. Туған Отанды таза ұстау – әрдайым қастерлі парыз. Халықты ортақ іске жұмылдыруға бағытталған жалпыхалықтық ағаш егу акциясы да дәстүрге айналып, кеңінен қарқын алып келеді. Алматы облысы, Кеген ауданы, Жылысай ауылдық округінің әкімі Руслан Кеңесжанұлы акцияға ауыл тұрғындарының да белсенді үлес қосқанын жеткізді. Ауыл тұр­ғындары өздері құрған қорға түскен қара­жатқа Түркістан облысынан ағаш көше­тін сатып алып егіпті.  «Жылысай ауылының тұрғындары жұмыла көтеріп, 300 түп катальпа (сәнағаш), 200  түп терек көшетін ектік. Көпжылдық ағаштар жайқалып өскенде жанға сая болып, қоңыржай климаттың қалыптасуына да әсерін тигізеді. Жасы жетпісті алқым­даған зейнеткер қарияларымыз жастарға бағдар беріп, бірнеше көшені жағалай қоршап, абаттандыру жүргізілді. Экофес­тиваль тұрғындар үшін мейрам іспетті, бір-бірімен арқа-жарқа сыр шертісіп сергиді. Тіпті ауылдан қалаға көшіп кеткен жерлестеріміз де акцияға арнайы келіп қолдау көрсетті. Келешекте ағаш көшеттері жайқалып өсіп, ауылымызды ажарландыра түседі.  Қоңыр күздің жаймашуақ күнінде ұйым­даса қам жасап, қара суыққа ілінбей тиянақтаған акция ерте көктемде тағы да жалғасын табады», дейді ауыл әкімі.

Айналамызды таза ұстау – әркім­нің акцияға қосқан өзіндік үлесі. Көше­де көлденең жатқан затты алып, қоқыс жәшігіне тастаудың түк қиындығы жоқ. Табиғатты аялап, тазалық мәдениетіне әр адам жауапкершілікпен қарағанда тәртіп орнайды.