Форум • Бүгін, 08:45

Азаматтық қоғамның мүмкіндігі зор

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекет ынтымақтастығы» атты Азаматтық форум өтіп жатыр. Жетінші мәрте ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Үкімет, азаматтық қоғам, бизнес, халық­аралық ұйымдар және БАҚ өкілдері атсалысты.

Азаматтық қоғамның мүмкіндігі зор

Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Форум аясында Қоғамдық кеңестердің IV Республикалық мәжілісі өтті. Оған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, өңірлік және республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар, халықаралық серіктестер мен азаматтық сектор өкілдері қатысты.

Жиында министр қоғамдық институт­тар тұрақты дамып, олардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

– Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысы көбіне сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз бен бастама­шыл­дықтарыңызға байланысты. Бұл алаңда сіздер Ұлттық құрылтай мүшелері сияқты жергілікті деңгейде көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылауға бастамашы бола аласыздар. Бұл – азаматтардың пікірін респуб­ликалық деңгейге жеткізудің тиімді жолы, – деді А.Балаева.

Министр халықпен кері байланысты нығайту және қоғамдық кеңестер институтын заманауи үрдістерге сай жетілдіру қажеттігін айтты. Осы мақсатта ол кеңестердің жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды ұсынды. Сонымен қатар А.Балаева қоғамдық кеңес­тердің парламенттік рефор­маларға белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Президент атап өткендей, бұл мәселе қоғамның кеңінен қатысуын, халық пікірін жан-жақты талдау мен зерделеуді қажет етеді. Сондықтан қоғамдық кеңестердің Конституция баптарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үдерісіне тікелей араласуы маңызды деп санаймын, – деді министр.

А.Балаева қоғамдық кеңестер­дің жұмыс тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында кеңестердің халық алдында ашық есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда бекітілген ашықтық пен айқындық қағидаттары тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуға тиіс.

Сондай-ақ министр қоғам­дық бақы­лаудың тек жекелеген мәсе­ле­лермен шектелмеуіне де на­зар аудару қажетін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт Президент­тің бастамалары мен ұлттық жоба­ларының («Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат», т.б.) іске асырылуын жүйелі түрде мо­ни­т­орингтеу мен ілгерілетуге ба­ғыт­талуға тиіс. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін кеңінен тарту қажет.

Қазір елімізде 263 қоғамдық кеңес құрамында 4 мыңнан аса белсенді азамат еңбек етіп жатыр. Кейінгі үш жылда олар азамат­тардың құқықтары мен бостан­дықтарына қатысты 9 мыңнан аса нормативтік-құқықтық актілер жобасын қарастырған. Сондай-ақ 2 100 мемлекеттік орган бас­шысының есептері тың­далып, 820 қоғамдық тың­дау ұйым­дастырылған. Бұған қоса әлеу­меттік қорғау, жер қатынастары, денсаулық сақтау және басқа да мәселелер бо­йынша 2 мыңнан аса азаматтың өтініштері қаралған.

Мәжіліс қорытындысы бо­йын­ша қоғамдық кеңестер қыз­меті­нің құқықтық және ұйымдас­тырушылық негіздерін жетіл­діруге бағытталған ұсыныстар әзірленеді. Бұл шешімдер алдағы уақытта уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысында ескеріліп, одан әрі реформаларға да негіз болмақ.

Ал «Азаматтық форум: ұсы­ныс­­­тардан нәтижеге» панель­дік сес­сиясында сарапшылар елі­міз­дегі 2020–2030 жылдарға ар­налған Азаматтық қоғамды дамы­ту тұжырымдамасын іске асыру­дың бірінші кезеңінің қо­ры­­тын­дыларын шығарып, X және XI Азаматтық форумдарда ұсы­­нылған ұсыныстардың қаншалық­ты жүзеге асқанын талқылады.

Биыл 2020 жылы 27 тамыздағы Прези­дент Жарлығымен бекітіл­ген тұжырымдаманы іске асыру­дың бірінші кезеңі аяқтала­­­ды. Жұмыс азаматтық қоғамды дамы­ту­дың жекелеген қырларын қамтитын бес негізгі бағыт бойынша жүргізілген.

Азаматтық істер комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова­ның айтуынша, 2020–2025 жылдар­дың қоры­тындысы бойынша Тұжы­­рымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі табысты іске асқан.

– Қазақстан 2020–2025 жылдары азаматтық қоғам институттарын дамытуда айтарлықтай ілгері қадам жасады. Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдар мен азамат­тық бастамалардың қыз­метіне арналған заңнама­лық база нығайтылды. Екінші­ден, азаматтық белсенділік­ті, волон­тер­лікті және қайырымды­лықты қолдау шаралары іске асырылды. Үшіншіден, онлайн-петициялар мен жаңартыл­ған қоғамдық кеңестерден бас­тап Ұлттық құрылтайға және кері байланыстың басқа да нысандарына дейін азаматтар мен ҮЕҰ-ның шешім қабылдауға қатысуы­ның жаңа тетіктері енгізілді. Сон­дай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттар арқылы ауқым­ды қаржыландыру, кадрлар­ды даяр­лау, ҮЕҰ-лардың кәсібилігі мен тұрақтылығын арттыру секторды едәуір нығайтуға мүмкіндік берді, – деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, тұжырым­даманың екінші кезеңі қол жеткізілген сандық нәтижелерді мемлекет пен қоғам арасындағы сапалы өзара іс-қимылға айнал­дыруға, азаматтық секторды мемлекеттің толыққанды әрі тең құқықты серіктесі ретінде одан әрі нығайтуға бағытталған.