
Форумның идеясы Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында атап өтілген әйелдер көшбасшылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және рухани-отбасылық құндылықтарды сақтау міндеттерімен үндес.
Respublica партиясының қолдауымен өткен форум төрт тақырыптық сессияны қамтыды: бизнес, отбасы, IT және әлеуметтік-саяси даму. Әр сессия әйел көшбасшылығының түрлі қырларын, кәсіпкерлік пен цифрлық инновациялардан бастап, отбасын нығайту мен ұлттық құндылықтарды сақтауға дейін ашып көрсетті.
Форум спикерлері қатарында Мәжіліс депутаттары Айдарбек Қожаназаров, Олжас Құспеков, Нұргүл Тау, Екатерина Смолякова, Динара Наумова, кәсіпкерлер мен сарапшылар Айгүл Ахметова, Сәуле Сағади, Мақпал Ораққызы, Лаура Вайгорова, медиа сарапшы Санди Сұлтан, республикалық әйелдер қауымдастығы төрағасының орынбасары Айдана Тоғызбаева және партияның елордалық филиалының директоры Шыңғыс Түсіпбаев болды.
«Біздің Мәжілістегі фракция - құрамының 50 пайызы әйелдерден тұратын жалғыз фракция. Сондықтан әйелдерді қолдау біз үшін әрдайым басым бағыт. Re.Women қозғалысы бірнеше ай бұрын ғана құрылса да, оның құрамында 2000-нан астам әйел - кәсіпкерлер, аналар, белсенділер бар. Бұл - нағыз қозғаушы күш. Мен сенімдімін, әйелдер - бұл Қазақстанның жаңа "мұнайы”», - деді Respublica партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
«Біз ұлы жетістіктер мен ауыр қылмыстар туралы қарама-қайшы ақпарат қатар жүретін заманда өмір сүріп жатырмыз. Мұның бәрі адамның өзінен басталады. Ал адам ең алдымен отбасынан бастау алады. Сол алғашқы құндылықтарды қалыптастыратын - әйел», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты, Re.Women қозғалысының бастамашысы Олжас Құспеков.
Форумның негізгі бөлігі Re.Women қауымдастығын дамыту стратегиясын таныстыру болды. Бағдарлама әйелдердің кәсіби өсуін қолдауға, өңірлік бастамаларды дамытуға және әйелдерді елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді тартуға бағытталған.
«Қазақ әйелінің күші - рухани құндылықтарды даму мен өрлеуге деген ұмтылыспен ұштастыра білуінде. Әйел бизнес пен саясатта табысты бола отырып, отбасының жылуын сақтап, дәстүрдің жалғастырушысы бола алады», - деді форум ұйымдастырушыларының бірі Сәуле Сағади.
Форум Re.Women Astana қозғалысының әйел көшбасшылығы — қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші екенін нақты көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлерде жаңа алаңдар мен бірлескен жобаларды іске қосуға, әйелдердің адами капиталын, цифрлық құзыреттерін және кәсіпкерлігін дамытуға келісті.