Форум • Бүгін, 08:12

Денсаулық күзетіндегі жас ғалымдар форумы

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда, яғни 17–18 қазан күндері Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының бас ғимаратында жас ғалымдар мен студент­тердің III Халықаралық фо­румы өтті. Оған өз елі­мізбен бірге Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Германия, Польша, Ресей мемлекеттерінен келген жас зерттеушілер мен оқытушылар қатысты. Алғашқы болып сөз алған академия ректоры Жанна Сейітжанова жиналған қауымды форумның ашылу салтанатымен құттықтады. Ол сондай-ақ биыл осымен үшінші мәрте ұйымдастырыл­ған ғылыми басқосуға қатысуға алыс-жақын шетелден арнайы келген қонақтарға ерекше риза­шылығын білдірді.

Денсаулық күзетіндегі жас ғалымдар форумы

«Ғылым саласының меди­цинада маңызы айрықша. Жаңа технологияның арқасында ден­саулық сақтау саласы күннен-күнге дамып, өркендеп жатыр. Прогресс медицинаға өте қажет. Соның көмегімен талай емделмейтін ауру жазылды, шығу тегі белгісіз дерттер анықталды. Осылайша, ғылым арқылы адам­ның өмір сапасын жақсарту бағытында үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Адамзат дамуы бір орында тұрмайды. Соның ішінде медицинада күн өткен сайын тың жаңалықтар ашылып жатыр. Отандық денсаулық сақтау саласы осы өзгерістерге әрдайым дайын жүру керек. Ғылым көшінен қалып кетпеудің жалғыз жолы жас ғалымдардың өз идеялары мен ізденістерін іске асыруға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар бұл салада өзге шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып тұру да маңызды. Осылайша, әр елдің жеткен жетістіктерін саралап, олардың жақсы идеяларын өз пайдамызға жаратып отыруымыз қажет. Ал өзара шеберлік алмасып, бір-бірінен тәжірибе үйренетін ең ұтымды тәсіл – ол осындай ғылыми басқосулар мен форумдар», деді Ж.Сейітжанова.

Пленарлық отырыста С.Ж.Асфен­дияров атындағы ­­­Қа­зақ ұлттық медицина универ­­­­си­теті, Ұлттық биотехнология ­орта­­­лығы, Назарбаев универ­ситеті, ­Се­­ченов университеті (Ресей), ­Бұ­хара, Самарқанд және Таш­кент ­медицина универ­си­тет­тері (Өзбекстан), сондай-ақ Герма­­ния мен Польшаның жетекші ­жоға­ры оқу орындарының өкіл­дері биомедицина, иннова­ция­лық технологиялар, жасанды интел­лект пен фармацевтика салаларын­дағы өз ғылыми жетіс­тіктерін ортаға паш етті.

Мәселен, Ресейдің Сочи қаласынан келген ғалым Керим Мутиг бүйрек ауруын ерте анықтаудың тәсілдерін ойлап, соны жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Ғалымның пікірінше, бүйрек ағзасының саулығын ерте кезден ойлау – адамның сапалы өмірінің кепілі. «Бір өкініштісі, бүйрек бауыр секілді өз-өзін қайта жаңғырта алмайды. Қызметі бір бұзылса, толық сауығып кетуі өте қиын. Сондықтан оған жас­тайынан күтім қажет», дейді ғалым. Оның айтуынша, әлемде бүгінде бүйрек ауруымен ауыратын адамдар саны көбейіп барады. Кеселдің алдын алудың бірден-бір жолы – ерте диагностикалап, сол бойынша қажетті емдік шарасын жасау екен.

Академия дәрігерлермен бірге фармацевт мамандарды да оқытып шығарады. Олардың арасында ғылыми ізденіс үстінде жүрген жас ғалымдар бар. Сондай-ақ болашақ мамандар аудиторияда алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде сынап көрудің ең тиімді алаңы Шымкенттегі ірі кәсіпорынның бірі «Химфарм» зауыты болып отыр. Бұл өндіріс орнында елі­мізде қолданылатын көптеген дәрі-дәрмек түрі шығарылады. Бүгінде «Химфармның» отандық дәрі-дәрмек нарығындағы үлесі артып келеді. Инвестиция көзі болған кәсіпорын өндірістен бөлек, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда да эконо­ми­каға үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Осы күнде зауытта еңбек етіп жатқан қызметкерлердің басым көп­ші­лігі – Шымкенттегі медициналық академияны бітір­ген түлектер. Зауыттың тұрақ­ты жұмыс істе­уіне қала әкімдігі де мүдделі. Бұл орайда, жуыр­да шаһар басшысы Ғабит Сыздық­бековтің «Химфарм» ЖШС бас директоры Адам Алексеюкпен кездесуін айтып өтуге болады. Жүздесуде тараптар өндіріс қуатын арттыру мен жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Кәсіпорын қуаты артса, мегаполиске жақсы. Себебі онда қосымша жұмыс орны көбейеді деген сөз. Бұл жерде зауытқа қажетті маман даярлайтын ака­демияның да ұтары көп.

Өз кезегінде іс-шара аясында өткен III Халықаралық хирургиялық олимпиада жас дәрігерлердің кәсіби дағдыла­рын шыңдауға бағытталды. Олим­пиадаға 17 команда қатысып, жоғары деңгейдегі шеберлік пен клиникалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар форум шеңберінде инновациялық стартаптар байқауы өтті. Онда 14 жоба авторы сарапшыларға өз идеяларын ұсынды. Үздік жобалар ақшалай және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Одан бөлек, ғылыми басқосудың секциялық отырыстарында 500-ден астам ғылыми баяндама тыңдалды. Қатысушылар биомедицина, қоғамдық денсау­лық сақтау, нанотехнология, инно­вациялық медицина және жасанды интеллект бағыттарында өз зерттеулерінің нәтижелерін баяндады.

Ғылыми басқосудың жабылу салтанатында қатысушылар естелік сыйлықтармен, арнайы алғысхаттармен марапатталды. Мұндай жиын жас ғалымдар мен медицина саласында ізденіс жолына түскен білімді студенттерге келесі жаңа белестерді бағындыруға күш-қуат берері сөзсіз. Іс-шараға келіп, өз жаңалығымен бөліскен барша қонақтар әріптестерінің ғылыми еңбектерінің баяндамасын тыңдап, өздеріне пайдалы көп мағлұмат алып қайтты.

«Медицинадағы жаңалықтар мен барша жетістік адамзат пайдасы үшін жұмыс істеу керек. Сондықтан ғалымдар ойлап тап­қан дүниелер әлемге тез тарап, қолданысқа ерте ену үшін ғы­лым саласында өзара ықпалдастық күшті болу қажет. Академия­да өткен жас ғалымдар жиыны ­осы мақсатты жүзеге асырған бір­ден-бір құрал болды. Ғылым­ның адам баласына берер пайда­сы мол екені талассыз. Әсіресе ­медицинада онсыз бүгінгідей үлкен жетістікке жете алмас едік. Сол ғылыми жетістіктің ар­қасында адамзат бүгінде барлық аурумен нәтижелі күресудің жолын тауып, сырқаттыққа бой алдырмай ұзақ өмір сүріп келеді. Қысқасы, форум жас зерттеушілер мен студенттер үшін ғылым мен тәжірибені тоғыстырған, жаңа идеяларға шабыттандырған және халықаралық ынтымақтастықты нығайтқан үлкен алаңға айналды», деді ұйымдастырушылар.