Әлем • Бүгін, 08:22

Жаһандағы Жерұйық

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«IQAir» швейцариялық компаниясы жыл сайын әлем елдерінің ауа сапасына зерттеу жасап, есебін жариялайды. 2024 жылдың есебіне сәйкес Финляндия – Еуроодақтағы ең таза ел. Оны әлемдік рейтингте тек Исландия ғана басып озды. Олардан бөлек, Эстония, Швеция, Аустралия үздік бестікке енді. Ал Қазақстанда ауа сапасы орташа деп бағаланып, еліміз бұл рейтингте 138 елдің ішінде 71-орында тұр.

Жаһандағы Жерұйық

Сурет: horosho-tam.ru

Швейцариялық ком­­пания ға­лым­дары 138 елдегі 40 мың­нан аса ауа сапасын ба­қылау стансасының деректерін талдаған. Ауа сапасы туралы дүниежүзілік есепке сүйенсек, әлем қалаларының 17 пайызы ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) ауа ластануы бойынша нұсқауларына сәйкес келеді. Мұн­дай елдердің қатарында Аустралия, Багам аралдары, Барбадос, Эстония, Гре­нада, Исландия, Жаңа Зеландия бар. Ал Чад, Бангладеш, Пәкістан, Конго Демократиялық Республикасы, Үндістан ең ластанған бес ел тізіміне енген. Ең ластанған жеті қала Орталық және Оңтүстік Азия аймағында орналасқан. Мәселен, әлемдегі ең ластанған тоғыз қаланың алтауы – Үндістанда.

Америка Құрама Штаттарындағы ең ластанған ірі қала – Лос-Анджелес пен Калифорния (Онтарио қаласы). Ал АҚШ-тағы ең таза ірі қала – Сиэтл мен Вашингтон. Маягуэс, Пуэрто-Рико өткен жылы ең таза мегаполис атанды. Сондай-ақ Океания – әлемдегі ең таза аймақ, ондағы қалалардың 57 пайызы ДСҰ-ның жылдық нұсқаулығына сәйкес келеді.

IQAir ғалымдары Африкада нақты уақыттағы, жалпыға қолжетімді ауа сапасын бақылау деректерінің жоқтығын айтады, онда әрбір 3,7 млн адамға бір ғана бақылау стансасы бар.

«Ауаның ластануы адам денсаулығы­на да, қоршаған ортаға да елеулі қатер туғызып отыр. Бір алаңдатарлығы, көп­теген адам бұдан бейхабар. Біз жыл сайын мұндай есепті не үшін жасаймыз? Ауаның сапасы туралы деректер сананы сергітуге, саяси шешімдер қабылдауға, денсаулық сақтау шараларына басшылық жасап, қауымдастықтарға ауаның ластануын азайту және болашақ ұрпақты қорғауға алдын ала әрекет етуге мүмкіндік береді», дейді IQAir бас директоры Фрэнк Хаммес.

Ал «Greenpeace International» компа­ниясының ауаның сапасы бойынша аға ғылыми қызметкері Эйдан Фэрроу көмір жағу, ормандарды кесу, қоқысты кез келген жерге тастау секілді адам әрекетінен ауа сапасы нашарлап, климаттың өзгеруі орын алатынын жиі еске салып тұру қажет деген пікірде. Сондай-ақ оның айтуынша, әлемдегі таза елдерді үнемі үлгі ету де адам санасына әсер етеді.

Осы орайда әлемдегі ең таза Скан­динавия елдерінің мысалымен бөліссек, артық болмас. Аталған аймақта жергі­лікті халық қарапайым ғана ережелерге бағынып, табиғатқа зиян келтірмеуге тырысады. Табиғатқа деген сүйіспенші­лік Скандинавияда мәдени құндылыққа айналған. Оның тіпті норвег тілінде арнайы атауы бар: «friluftsliv» – «ашық өмір», бұл табиғатқа негізделген өмір салтын білдіреді.

Мәселен, бұл елдерде жаяу серуендеу («Скандинавиялық жүріс» түсінігі осыдан қалыптасқан) және велосипедпен жүру мәдениеті кеңінен дамыған. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі жұмысқа велосипедпен барады, таңертең немесе түскі уақытта серуендейді. Осы күнделікті әдет табиғатпен сырласуға, оның жай-күйін ұғынуға мүмкіндік береді деп есептейді тұрғындар. Ал оның нәтижесі тазалыққа әкеледі. Скандинавия елдерінің ауасы өте таза, табиғаты да тамаша күйінде сақталғаны да сондықтан.

Күнделікті әдетпен қоса, мұнда жаңар­тылатын энергияны пайдаланудан бастап түрлі экологиялық шараларды қарапайым тұрғындар да, мемлекеттік орындар да қатаң ұстанады. Қоқысты сұрыптау, ескі киімдерді лақтырмау, көшеге қоқыс тастамау Норвегия, Швеция, басқа да Скандинавия елдері тұрғындарының күнделікті өміріне терең сіңіп кеткені сонша, оларды бұған мәжбүрлеудің қажеті жоқ.

Бүгінде Солтүстік Еуропа елдері авто­көлік пайдалануды үштен бір бөлігіне (Норвегия) қысқартуды, 2030 жылға қарай электр көліктеріне (Швеция) көшуді, 2030 жылға қарай портты аудандар­дағы шығарындыны екі есе азайтуды (Норвегия) мақсат етіп қойды. 2050 жылға қарай скандинавиялықтар көміртегі шығарындысын нөлдік деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазір Норвегия – қомақты мұнай қоры бар жалғыз Скандинавия мемлекеті. Қара алтын оны бай елдердің қатарына қосты. Дегенмен мемлекет бизнестен бастап күнделікті өмірге дейін экологиялық сая­сат пен тұрақты дамуды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Норвегияда мұнай қоры ХХ ғасырдың екінші жартысында табылды.

Швецияның экологиялық ұстанымы да Норвегиядан кем түспейді. Дания да жыл сайын көмірқышқыл газының шығарындысын азайтуға ұмтылып отыр, қала құрылысына смарт технологияларды енгізіп, эко-өмір салтын кеңінен насихаттайды.

Осло 2019 жылы Еуропаның «жасыл астанасы» атанды. 2012 жылы қала порттық аумақтарын қоғамдық аймақтарға бейімдеп қайта сала бастады. Осылайша, бұрынғы автокөліктерге арналған кең магистральдардың орнына жаяу жүр­гін­шілерге арналған жасыл аймақтар, мейрамхана, мұражай, демалыс орындары пайда болды. Осло қаласы туралы мақа­ла жа­риялаған «The New York Times» газеті осы бағытты ерекше атап көр­сеткен: «Бұ­рын­ғы лас, қаңырап бос қалған өнер­кәсіп-тік аймақ болған Тювхолмен аралы қазір қалалық мәдени демалыс орынға айнал­ған. Норвегияның үлкен жетістігі – осы».

Скандинавия елдеріндегі экологиялық бастамаларды мемлекеттік мекемелер немесе жеке компаниялар ғана жүзеге асырмайды. Көбіне тұрғындардың өздері бастама көтереді. Олар түрлі пікірталасқа қатысуға, белгілі бір аумақта немесе белгілі бір көшеде, мәселен, ағаш отырғызу секілді елді мекенді жақсартуға болатын жергілікті жобаларға қатысуға машықтанған.

Скандинавиялықтар кез келген затқа теңгерімді көзқараспен қарайды, тамақты тұтыну мәдениеті тіпті бөлек. Азық-түлікті қажетіне қарай тұтынуға олар бала кезінен тәрбиеленеді. Ұлт денсаулығы мен қазіргі скандинавиялық көзқарастардың қалыптасуының бір сыры да осында.

Қараусыз қалған индустриалды аймақ­тарды мұражайға, жасыл аймақ­тарға, қоғамдық демалыс орындарына айнал­дыру бір жағынан қаланы туристер үшін қызықты етеді. Сондай-ақ электр көліктерінің санын көбейту, қоғамдық көліктерді биоотынға ауыстыру ауаға шығарылатын зиянды заттарды азайтады және қалаларды келушілер үшін тартымды етеді.

Жалпы ,орман, жасылданған әлемнің жойылып бара жатқанын көргенде дабыл қағуымыз керек. Темекі тұқылдарынан немесе басқа жағдайда шыққан өрттердің зардабын қалпына келтіруге ондаған жыл кететінін есте сақтаған жөн. Бұған жол бермеу үшін мемлекет тарапынан ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен табиғатты қорғау белсенділерінің де тиісті экологиялық ақпараттық саясаты болуы керек. Осылайша, қарапайым әрекеттерімізбен табиғи ресурстарды сақтап, халық арасында кең таралған «скандинавиялық арманды» жүзеге асырамыз. Бұл экологиялық ортада, жайлы таза қалаларда өмір сүріп, көркем табиғатқа тамсану дер едік.