
Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Орта дәліздің тасымал көлемі ұлғайды
– Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Ильхам Әлиев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-әзербайжан байланысы барлық бағытта қарқын алғанын атап өтті.
– Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз. Осы келіссөз, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы барысында ауқымды күн тәртібін тағы да пысықтап, өзара серіктестіктің алдағы қадамдарын айқындаймыз, – деді Әзербайжан Президенті.
Мемлекет басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін кеңінен талқылап, мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа зер салды. Сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бұдан соң екі ел басшыларына қазақ-әзербайжан мамандарының Орта дәлізді дамыту бойынша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.
Президент кеңесшісі Әсел Жанасова Орта дәлізді дамыту жоспарын таныстырды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін бергені жөнінде баяндалды. Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15–18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.
Мемлекеттер басшыларына сондай-ақ Орта дәліздің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы айтылды.
Мәні ерекше серіктестік
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен еліміз бен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. Жиында көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы мұндай формат Қазақстан – Әзербайжан қарым-қатынасының ерекше сипатын паш ететінін атап өтті.
– Кеңес екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша ортақ шешім шығаратын тиімді алаңға айналды. Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихи тамырластық, бай рухани-мәдени мұра біріктіреді, менталитетіміз бен ұстанымдарымыз ұқсас. Сан қырлы ынтымақтастығымыз осы мызғымас құндылықтардың негізінде дамып келеді. Ильхам Гейдар оглу, сіздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыздың маңызы зор. Сіздің сапарыңыз екі ел арасында Стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толған сәтте өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар ішінде біз белсенді саяси диалогті жолға қойып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың үздіксіз дамуына берік шарттық-құқықтық негіз қаладық. Осынау жан-жақты әрі дәйекті жұмысты екі ел азаматтары да қолдап отыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынасының жоғары деңгейге жетуіне, ең алдымен, Президент Ильхам Әлиев елеулі үлес қосқанын айтты.
– Сіздің тұрақты қолдауыңызды жоғары бағалаймын. Бүгінгі Әзербайжанның айтулы жетістіктері сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен тікелей байланысты. Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы декларацияның тарихи маңызы зор екенін арнайы атап өткім келеді. Сіз саяси ерік-жігер мен стратегиялық көрегенділік танытып, күрделі түйткілдерді шешудің және келешек ұрпақ тағдыры үшін жауапкершілік арқалаудың парасатты жолын нұсқадыңыз. Екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластық жаңа кезеңнің бастауы ретінде бүкіл аймақтағы және өңірден тысқары ынтымақтастық көкжиегін кеңейткеніне еш күмән жоқ. Біз бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шын жүректен қуанамыз, мықты әрі прогрессивті мемлекет құру жолындағы асқақ мұраттарының орындалуына тілектеспіз. Қазақстан – Әзербайжан қатынастарының әлеуеті орасан зор. Оны толық іске асыруға еш кедергі жоқ. Оған берік саяси сенім де, ортақ құндылықтарымыз да, ең бастысы, халықтарымызды жақындастыруға деген шынайы ұмтылыс та бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі.
Келіссөз қорытындысында президенттер Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Жалпы, Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіптік меншік, денсаулық сақтау, статистика салаларындағы және мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытындағы ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойылды.
Қол қойылған құжаттардың тізбесіне 2025–2027 жылдарға арналған Түркістан қаласы мен Шуша қаласы арасындағы ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық бағдарламасы (жол картасы), Тараз қаласы (Қазақстан Республикасы) мен Қазақ қаласы (Әзербайжан Республикасы) арасында бауырластық қатынастар орнату туралы хаттама кірді.
Көпжоспарлы ынтымақтастықтың жаңа мазмұны
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке шынайы ризашылығын білдірді.
– Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Бауырлас Әзербайжан халқының басшысын, аса көрнекті мемлекет қайраткері Президент Ильхам Әлиевті қазақ жерінде қарсы алу – біз үшін зор мәртебе. Екі елдің тамыры – бір, тарихы – ортақ. Әзербайжан – Қазақстанның маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Бүгінде қарым-қатынасымыз тұрақты дамып келеді. Біз өзара байланысымызды күшейтуге айрықша көңіл бөлеміз. Басты мақсат – достығымызды нығайтып, түрлі саладағы ықпалдастыққа тың серпін беру. Бұл қос халықтың мүддесіне сай келеді. Осы сапар Қазақстан – Әзербайжан ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал етеді деп кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің мемлекеттік сапарын екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам деп санайды.
– Ильхам Гейдар оглу Әлиев – тарихи масштабтағы көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауда және нығайтуда шешуші рөл атқарды. Президент Ильхам Әлиевтің ерен еңбегінің арқасында Әзербайжанның халықаралық аренадағы абыройы мен ықпалы еселеп өсті. Оның қуатты көшбасшылығымен Әзербайжан көптеген салада, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамуда керемет табысқа жетті. Ауқымды реформалардың нәтижесі еліңіздің қарқынды өзгерісінен, экономиканың орнықты өсімінен, азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Әзербайжанның макроэкономикалық көрсеткіштері – орнықтылығымен ерекшеленеді және ел өркендеуінің айқын дәлелі. Отандастарымыз бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шынайы қуанады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығымен қатар келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз екіжақты ынтымақтастықты өрістетуде зор табысқа жетті.
– Халықтарымыздың достығы мен өзара қолдауының, жоғары деңгейдегі қарқынды саяси диалог пен үкіметтердің жүйелі жұмысының арқасында көпжоспарлы қазақ-әзербайжан ынтымақтастығы жаңа мазмұнмен толығып, өркендеп келеді. Осы келіссөздер қорытындысы – соның айқын дәлелі. Біз өзара сенім мен құрмет рухында екіжақты күн тәртібінің кең көлемдегі мәселелерін талқылап, сан қырлы ықпалдастығымыздың басым бағыттарын белгіледік. Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы жемісті өтті. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Екіжақты ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасы жоспарлы түрде атқарылып жатқаны қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшылары келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айналымын жақын арада еселеп, оны 1 млрд долларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауға уағдаласты.
– Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізіліп, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарын (немесе жол картасын) қабылдау тапсырылды. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстан – Әзербайжан тікелей инвестиция қорының қызметін жандандыруға келістік. Екі елдің іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Осы ретте сапар аясында өткен Қазақстан –Әзербайжан бизнес форумының маңызы зор, – деді Президент.
Бұған қоса Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылғанын жеткізді.
– Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызға жетті. Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақмерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Еліміз Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізіп жатыр. Шетелдік, соның ішінде қытайлық серіктестердің қатысуымен Алят портында салынып жатқан жүк терминалының келешегі зор. Келіссөз барысында жүк экспортына арналған жаңа Транскаспий паром жүйесін құру мүмкіндігін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да баса назар аударылды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.
– Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті 1,5 млн тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кәбілдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы ұстанымымызды күшейте түседі. Әзербайжан аумағы арқылы отандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастама мен жобаға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Мемлекет басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын да ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталды.
– Еліміз мемлекеттік қызметті цифрландыруда, ІТ технологияларды дамытуда тәжірибе жинақтады. Біз осы салада бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Келіссөздер барысында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдетудің маңызын атап өттік. Үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде әзірлеу жөнінде тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық та ерекше айтылды.
– Кейінгі жылдарда екі елде алма-кезек өткен Қазақстан мен Әзербайжанның Мәдениет күндері және Кино күндері айтулы оқиғаға айналды. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру үшін Мәдени ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауға уағдаластық. Білім мен ғылымды, жастар байланысын дамытудың перспективасы мол екеніне арнайы тоқталдық. Осы мақсатта Бакуде былтырдан бері Қазақстан – Әзербайжан ғылым және білім орталығы қызмет етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
– Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мәселесі бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екенін атап өттік. Көпжақты құрылымдар аясындағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән берілді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайындығымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жалпыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қорытындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін айқын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев те екіжақты байланыстардың жоғары деңгейін атап өтті.
– Халықтарымызды ортақ рухани-мәдени құндылықтарға арқа сүйеген, ғасырлардан тамыр тартатын достық пен бауырластық қатынастар байланыстырады. Бұл – біздің мемлекетаралық ынтымақтастығымыздың берік іргетасы. Кейінгі үш жылда бір-бірімізге оннан аса сапар ұйымдастырдық. Ықпалдастығымыздың қаншалықты қарқынды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрбір кездесу, әрбір талқылау түпкі нәтижені көздейді. Біз салалық министрліктердің есебі мен келешек жоспарларын тыңдадық. Жұмыс қорытындысына көңіл толады. Өйткені белгіленген міндеттердің бәрі орындалып жатыр. Мемлекетаралық кеңес аясында қол жеткізілген келісімдер халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді, – деді Әзербайжан Президенті.
Жасанды интеллект жобаларымен танысты
Бұдан соң мемлекет басшылары «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға мемлекеттік үдерістерді басқаруға және талдауға, сондай-ақ GovTech-шешімдер қабылдауға арналған «AI-Driven Government» ахуалдық орталығының тұжырымдамасы туралы баяндады.
Сонымен қатар мемлекет басшыларына «Smart City» технологиялары, роботты техника аймағы, түрлі салаға жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған «Samruk-Kazyna» жобалары көрсетілді.
Президенттер «Astana Hub» инновациялық кластерін де аралады. Орталықта 1 800-ден аса IT-компания мен стартап, оның ішінде шетелдің үлесі бар 460-тан аса компания тіркелген.
Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке халықаралық нарыққа шыққан отандық компаниялардың өнімдері жайында мәлімет берілді.