
Форумның ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, іс-шараның мән-маңызы, әйелдердің қоғамдағы орны туралы айтты.
«Жалпы, еліміздегі әйел, қыз-келіншектер қашан да өзінің нәзік қалпымен отбасының шырақшысы болып келеді. Жарына сүйеу болатын да, бала тәрбиелеп, ана болатын да әйелдер. Сонымен қатар бүгінде әйелдер отбасы, ошақ қасында қала бермей, мемлекет ісіне араласып, экономиканың дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Қазірдің өзінде кәсіпкерлік саласында әйелдерді көп кездестіруге болады. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына жетекшілік ететін, тіпті ірі кәсіпорындарды басқаратын әйелдер бар. Олардың білімі мен біліктілігі ер азаматтардан бір мысқал да кем емес. Әйел басқарған ұжымда аналық мейірім сезіліп тұрады. Дала демократиясына сүйенген қазақ қоғамында әйелдің өзіндік құқығы мен еркіндігі болды. Соның бір дәлелі қазақ халқы қыз баласын қатты құрметтеген. Бұл салт бүгінгі заманға жетіп әлі күнге дейін сақталып келеді. Елімізде кәсіпкерлік, экономика саласынан бөлек, саясатта жүрген әйелдердің де қатары кейінгі уақытта артып келе жатқаны белгілі. Басқарушылық тізгін кімнің қолына тисе де, ең бастысы адалдық пен әділеттіліктің ақ жолынан адасып кетпеу маңызды. Теңдік пен еркіндік салтанат құрған қоғамда демократия қағидасымен бірге ережелер мен заңдар қатаң сақталатын құқықтық талаптар міндетті түрде орындалуға тиіс. Бұл – азаматтардың тегіне, жынысына қарамастан әрбір қоғам мүшесіне қойылатын міндеттер», деді С.Құранбек.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары бірқатар кәсіпкер әйелді марапаттап, Алғысхат табыстады. Олардың қатарында Алма Архабаева, Фарида Бакибаева, Жанна Байтелиева, Нилуфар Сайдуллаева, Меруерт Архабаева, Диляфруз Мадиева, Анна Зарубина, Жанат Кенжеқұлова, Таисия Дигай, Диана Карамановалар бар. Олар – кәсіп бастап, шағын және орта бизнес саласының өркендеуіне бір кісідей атсалысқан жандар. Бүгінде кәсіпкер әйелдер құрған компания елге пайдалы өнім өндіріп, отандық өндірістің өркендеуіне жол ашты. Одан бөлек жаңа кәсіпорындарда қаншама адам еңбек етіп, елдің әлеуметтік мәселесінің шешім табуына оң әсерін тигізіп келеді. Іскер әйелдер тәжірибеден бөлек оптимистік яки халыққа болсын деген жанашырлық көзқарасымен де дараланады. Осы қасиетінің арқасында бизнестегі қыз-келіншектер бүгінде абыройдың биігіне шығып, елдің алғысын арқалап жүр.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова іскер азаматтарға, оның ішінде қыз-келіншектерге көрсетіліп жатқан қызмет, қолдау туралы айтып берді.
«Кәсіпкерлер палатасы қаладағы кәсіпкерлікті дамыту жолында белсенді жұмыс атқарып келеді. «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірге палатада кәсіпкерлерге көпсалалы қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда заңды тұлғаларға қатысты 800-ге жуық мемлекеттік қызмет «бір терезе» қағидасы бойынша іске асырылады. Статистикаға жүгінсек, жыл басынан бері кәсіпкерлерге 9960 қызмет ұсынылды. Оның ішінде бухгалтерлік есеп жүргізу, статистикалық есепке алу сияқты қызмет түрлері басым. Сонымен қатар бизнес-жоспар түзу, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу, техникалық паспорт беру секілді қызметтер де көбірек сұранысқа ие. Бизнес-жоспар әзірлеу мен сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері жалпы сомасы 1 млрд 308 млн теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ жаңа жобалар іске асуының арқасында 50-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері «Бір ауыл – бір өнім» жобасын сәтті жүзеге асырып отыр. Шымкенттік шеберлердің ісін дамытып, жергілікті өнімдердің сапасын арттыруға, ілгерілетуге бағытталған бұл жобаға қатысушылар арасында іскер әйелдер көп. Олардың бастамалары тың жобаларды қолға алумен ерекше. Осылайша, әйел азаматтардың үлесінің нәтижесінде мегаполисте шағын және орта кәсіпкерлік қанат жайып келеді. Ол өте жақсы үрдіс. Себебі экономиканы алға сүйрейтін тап осы шағын және орта бизнестің өкілдері. Шетелде оның үлесі жалпы өңірлік өнім көлемінде өте жоғары. Біз де осындай көрсеткішке қол жеткізуіміз керек. Сондықтан іскер әйелдерден де күтер үмітіміз мол», деді С.Адамбекова.
Жиынға кәсіпкерлер палатасының шақыруымен арнайы қатысқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Думан Бажикей жиналған қауымға бизнеске қаржылай, сервистік қолдау көрсету бағдарламалары туралы түсіндіріп берді. Оның айтуынша, «Даму» қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемесіне субсидия бөлумен қатар кепілдік қолдау көрсетуге де баса назар аударып отыр.
Форум барысында әртүрлі сала өкілдері сөз алып, Іскер әйелдер қауымдастығының қыз-келіншектердің кәсіпкерлік бастамасын жүзеге асырудағы маңызын атап өтті. Мәселен, «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің ұлттық қауымдастығы төрайымы Ләззат Рамазанова қоғамдық ұйымның құрылу тарихына тоқталса, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова осындай ауқымды іс-шаралар жастардың қызығушылығын арттырып, жобаларды қалай сәтті жүзеге асыру тұрғысынан оларға үлгі-өнеге болатынын атап өтті.
Жиын барысында Шымкент қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева ұйымның даму тарихы мен жетістіктері жөнінде әңгімелеп, кәсіпкерлер палатасымен бірге қолға алынған сәтті жобалар туралы айтып берді. Сондай-ақ форумға еліміздің өзге өңірлерінен келген Іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері де сөз алып, әртүрлі кәдесыйлармен марапатталды. Одан өзге сән үлгілерінен дефиле көрсетіліп, жергілікті шеберлердің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды.