Сенат • 25 Қазан, 2025

Сенаттағы салтанатты рәсім

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған палата депутаттары мен аппарат қызметкерлері қатысты.

Сенаттағы салтанатты рәсім

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев биыл Тәуелсіздікке жол ашқан және мем­лекеттік құры­­лымның маңызды қағи­дат­тарын бекіткен тарихи құжат – Егемен­­дік туралы декларацияның қабылданға­нына 35 жыл толып отырғанын айтып, Рес­пуб­лика күнінің маңызына назар аударды.

«Биыл Егемендік туралы декларация­ның қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл құжат еліміздің дербес мемлекет ретін­дегі саяси және құқықтық негізін бекітті. Қазақстан өзін территориясы бөлін­бей­тін біртұтас мемлекет ретінде жария­ла­ды. Сондықтан Республика күні ай­рық­ша тарихи маңызға ие. Ұлттық мере­кеміз – егемендігіміздің нышаны және ғасырлармен өлшенетін мемлекет­тілігіміздің қайта жандануының жарқын көрінісі. Бүгінде бұл күн жаңа маз­мұн­мен толығып, ұлттық бірегей­лікті нығай­та тү­сетін мерекеге айналды», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген реформаларды сапалы іске асыру­дың маңызды екенін айтып, палатаның осы бағыттағы жұмыс бағдарына тоқталып өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында цифр­лық күн тәртібін ілгерілетуге және жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға баса мән берді. Басты мақсат – жаңа технология­лар ар­қылы азаматтардың әл-ауқа­тын арттыру, олардың өмір сүру сапасын жақсарту және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайту. Бұл Әділет­ті Қазақстан құру жолындағы стратегиялық бағдардың логикалық жалғасы екені сөзсіз. Олардың сапалы әрі уақтылы орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолында Парламент Сенаты белсенді қызметін әрі қарай да жалғастыра береді», деп М.Әшімбаев әріптестерін Респуб­лика күні­мен құттықтады.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар сенатор мен аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсырды. Нақты айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлығымен сенаторлар Сүйіндік Алдашев, Жанна Асанова және Алтынбек Нухұлы «Парасат» орденімен марапатталды. Сенат депутаты Нұрлан Бекенов пен Сенат аппаратының бас консультанты Серік Қаражан «Құрмет» ордені­мен, Сенат аппаратының бөлім басшылары Алмас Данияров пен Елдос Сайлау­хан және Сенат аппаратының сектор мең­ге­рушілері Зәуре Уашова мен Рау­шан Базарова «Ерен еңбегі үшін» медалі­мен наградталды. Соны­мен қатар бірнеше депутатқа халық­аралық парламентаралық ұйым­дардың марапаттары табысталды.