 
                                        Жетісу облысында жеңіл жолмен баюды көздеген жеке сот орындаушысы басқа емес, балалардың қаржысына қол салып, қылмысты болғаны жаға ұстатып отыр. Алаяқтыққа бейімі бар сабазың алдымен отбасын тастап қашқандардан алимент өндіріп алу үшін атқарушылық құжат дайындап, борышкерлердің жалақыларынан қаржы ұстап қалу туралы қаулы шығарып, жұмыс берушілерге жіберген. Көп өтпей қазынасына қомақты қаражат түскен соң, оның көп бөлігін өзіне қалдырып, алимент өндіріп алушыларға тиын-тебен ғана ұстата салған.
Мысалы, бір жағдайға тоқталсақ. Жеке сот орындаушысы биыл сәуір айында борышкердің жалақысынан алимент өндіріп алуды бастайды. Оның жұмыс берушісі сәуірден маусымға дейін жеке сот орындаушысының шотына 570 мың теңге алимент қаржысын аударған. Ал бұл болса, ақшаның шын иелері – балаларға 170 мың теңгесін ғана жіберіп, қалғанын өз қалтасына басады.
Құқық қорғау қызметкерлері жеке сот орындаушысының қитұрқы әрекеттерін тексере келе, оның дәл осылай басқа да алимент қаражаттарын жымқырғанын, жалпы сомасы 2 млн теңгеден аса ақшаны қолды қылғанын дәлелдеді. Бүгінде Талдықорған қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 251-бабы бойынша өкілеттігін асыра пайдаланған жеке сот орындаушысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Ұлытау облысында да осыған ұқсас бір қылмыс орын алған болатын. Бұл жолы оқиғаның басты кейіпкері – кәдімгі мектеп есепшісі. Жезқазған қалалық сотының дерегінше, Сәтбаев қаласы білім бөліміне қарасты №2 балалар музыка мектебінің қаражатына жауапты қызметкері 28 млн теңгеден аса бюджет қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып отыр.
Белгілі болғандай, ісім із-түзсіз кетеді деп ойлады ма екен, мектеп есепшісі былтырдан бастап өзіне заңсыз түрде артық жалақы тағайындап отырыпты. Бірақ бұған да қанағаттанбаған ол мекемеде іс жүзінде жұмыс істемейтін «өлі жандарға» да жалақы төлеп келген. Ал бұл қаржының бәрі айналып келіп өзінің қалтасына түскені бесенеден белгілі.
Қылмысы бүге-шігесіне дейін дәлелденген соң, сот үкімімен оған 5 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және дәл осы мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бүгінде қоғамның қай саласында болмасын, бюджеттің де, бөтеннің де қаражатына қол салу оқиғалары тыйылмай тұр. Мәселен, Маңғыстау облысында мұнай-газ саласынан осындай бір шу шықты. Жергілікті прокуратура жүргізген тексерулер барысында «West Oil Software» ЖШС қызметінде заңға қайшы қылмыстық әрекеттер болып жатқаны анықталып, тергеу жұмыстары аясында басшылық лауазымдағы 3 адам қамаққа алынды.
Соттың мәліметіне қарағанда, олар бюджеттен бөлінген қаражатты қолды еткен. Біреуі 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылып, бұған қоса үшеуі бірлесіп 261 мың теңге көлеміндегі шығынды өтеп берді.
Ал Бас прокуратура өкілеттігін асыра пайдаланып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген айыппен ұсталған тағы бір лауазымды тұлғаның Түркиядан елге экстрадицияланғаны туралы мәлімет таратты. Ол – құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері. Тағылып отырған айып – трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқан, ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырған және билігін асыра пайдаланған.
Тарқатып айтсақ, күдікті 2015–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының бірінде басшылық қызметті атқара отырып, ойын бизнесі саласындағы заңсыз әрекеттерге «қамқорлық» жасағаны үшін жүйелі түрде ақшалай сыйақы алып отырыпты. Яғни өзі де сол заңсыз бизнестің гүлденуіне тікелей қолғабыс етіп, барынша атсалысқан. Алайда қылмысы ашыла бастағанын байқаған ол дереу шетелге тайып тұрады. Сол кезден бері 7 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрді. 2024 жылдың қаңтарында Түркия Республикасының Измир қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қылмыстық жауапқа тарту үшін елге жеткізіліп отыр. Қазіргі уақытта тергеу изоляторында.
Ал осы қылмыстық топтың басқа мүшелері бұған дейін ұсталып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылғанын айта кетейік. Тек араларындағы серкесі ғана ұстатпай келген еді. Егер тағылып отырған айыптар түгелдей расталған жағдайда, қылмыстық заңнамаға сай мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілмек.
Кез келген қылмыс уақыты келгенде ашылады. Заңға қайшы әрекет жасағандар жауапсыз қалмайды. Өмірдің заңы мен құқықтық мемлекеттің қағидаты – осындай. Біз баяндаған қылмыстық оқиғалар желісі – әр ісіміздің сұрауы болатынының айқын дәлелі.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                