С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана директоры Шолпан Шахметованың бұл саладағы еңбек өтілі 40 жылға жуық. Сонау 1987 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын «Кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, еңбек жолын бірден қазіргі С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада библиограф ретінде бастаған. Мекемеде ақпараттық-библиографиялық бөлім меңгерушісі, кітапхана директорының орынбасары болып қызмет істеді. 2015 жылдан облыстық кітапханаға басшылыққа тағайындалып, бұл міндетті 10 жылдан астам уақыт жауапкершілікпен атқарып келе жатқанына әріптестері де, оқырмандар да куә.
«Қазіргі таңда қоғамның рухани және мәдени дамуының маңызды тіректерінің бірі – кітапхана. Осы орайда облыстық кітапхана басшысы Шолпан Баянқызы ұжымға жаңа серпін беріп, аймақ тұрғындарының мәдени өміріне елеулі үлес қосып келеді. Кітапхананың материалдық-техникалық базасын жаңарту, цифрландыру бағытында бірқатар жобаны жүзеге асырды. «Кitap24.кz» электронды кітапханасын жасап, оқырмандарға онлайн қызмет көрсету жүйесі енгізілді. Сондай-ақ қалалық, аудандық, ауылдық кітапханалармен байланыс нығайтылды. Кітапханамыз оқу орны ғана емес, мәдени-ағартушылық орталыққа айналды. Мұнда түрлі әдеби кештер, ақын-жазушылармен кездесулер, шығармашылық байқаулар өткізіліп, оқырман клубтары тұрақты жұмыс істеп тұр», дейді С.Торайғыров кітапханасында ұзақ жылдан бері еңбек ететін әріптесі Баршагүл Байжанова.
Жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында «Кітап және қаламгер», «Павлодарлықтар балаларға кітап оқиды», «Оқитын Павлодар», «Ертіс-Баян перзенттері», «Қаламгер», «Брайл қарпіндегі Павлодар кітабы», «Кітапхана – ауыл шамшырағы» сияқты жобалар жолға қойылды. Бұл іс-шаралар жас буынның рухани өсуі мен ұлттық құндылықтарға бет бұруына ықпал етеді.
Павлодар облысы