Қоғам • Бүгін, 09:40

Өндірістегі жарақат көрсеткіші төмендеді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел көлемінде өндірістегі жазатайым оқиғадан зардап шегу дерегі азайып келеді. Биылғы тоғыз айда оқыс жайттан 934 жұмыскер зардап шегіп, оның ішінде 133 адам қайтыс болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда өндірісте жарақат алу дерегі 3,4%-ға төмендеген.

Өндірістегі жарақат көрсеткіші төмендеді

Фото: Ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемле­кеттік еңбек инспекция­сы комитетінің дерегінше, жыл басынан бері өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққан­дағы жазатайым оқи­ғалар­дың жиілігі) 0,13 болды. Десе де, еліміздің өндірістік ай­мақтарында жұмыскерлердің жарақаттануы әлі де жоғары. Мәселен, Қарағанды облысында – 103, Шығыс Қазақстан облысында – 89, Павлодар облысында – 68, Ақтөбе облысында – 64, Атырау облысында – 48, Алматы қаласында 51 адам зардап шекті. Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия өнеркәсібін­де – 17,4 %, құрылыс саласында – 10,2%.

Жазатайым оқиғалар негізі-нен өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,2%), жәбірленушінің өрескел абайсыздығы (33,6%), еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін бұзу (8,5%), жол қозғалысы ережелерін бұзу (7,8%) салдарынан болған.

Еңбекті қорғауға қатысты құқық қорғау органдарына 730 материал жіберілді, со­ның негізінде 211 қылмыстық іс қозғалды. Қауіпсіз еңбек жағ­­дайын нығайту мен өнді­рістік жарақаттануды азайту – Үкімет пен Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің негізгі міндеттерінің бірі. Бес жылда мемлекеттік орган­дар мен жұмыс берушілердің еңбек­ті қорғауға қатысты қабыл­да­ған кешенді шараларының нә­тижесінде өндірістік жара­қаттану деңгейі 6,7%-ға төмен­деді. Профилактика мен бұзу­шылықтың алдын алу мақ­сатында 3 262 кәсіпорын қауіп­сіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 2019 жылдан бері «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасы 610 кәсіп­орында белсенді жұмыс атқарылып келеді.

Бұдан бөлек, «Онлайн еңбек консультанты» электрондық сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз етіп, еңбек заңнамасының тиімділі­гін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбек­ті қорғау талаптарының сақта­луын қарастырады. Іске қосыл­ғалы 50 125 жұмыс беруші игілі­гін көрді.

2024–2030 жылдарға арнал­ған қауіпсіз еңбек тұжырымда­масы негізгі 4 бағытты көздейді. Олар – тәуекелге бағдарлан­ған тәсіл негізінде еңбекті қорғау­дың ұлттық жүйесін жаңғыр­ту, жұмыс орындарында тәуекел­ді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттілік­тер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қор­ғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Тұжырымдама өндіріс­тік жарақаттану мен кәсіптік сыр­­қаттанушылық деңгейін төмен­детуге ықпал етеді.