Оның айтуынша, цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің дамуы, «жасыл» технологиялар мен басқарудағы этикалық қағидаттар жаңа жаһандық білім беру күн тәртібін қалыптастыруда.
«Қазақстан мен Әзербайжан — Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық мемлекеттер. Олар ғылыми дипломатия мен академиялық өзара іс-қимылды дамыту арқылы аймақтық трансформацияның көшбасшысы болуға әлеуетті», — деді Эльчин Бабаев.
Ол БМУ-дің Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен, Есенов атындағы Каспий университетімен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен белсенді әріптестік орнатқанын айтты.
Ректордың сөзінше, БМУ жанынан ашылған Абай орталығы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және қазақ мәдениетін насихаттауға зор үлес қосып келеді.
Эльчин Бабаев Қазақстандық серіктестермен бірлесіп бірқатар жаңа бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Олардың қатарында бірлескен академиялық кеңес, ғылыми-зерттеу және инновациялық қор, сондай-ақ жас ғалымдар желісін құру жоспарланған. Бұл жобалар жастардың ғылыми-зерттеу қызметін, инновациялық әзірлемелерін және академиялық ұтқырлығын қолдауға бағытталған.
Сондай-ақ ол 2025 жылдың наурыз айында Бакуде өткен Study in Kazakhstan көрмесінің және осы аптада ұйымдастырылған жасанды интеллект этикасы жөніндегі бірлескен конференцияның табысты өткенін атап өтті. Ректордың айтуынша, Әзербайжан жастарының Қазақстанда білім алуға және ғылыми жобаларды іске асыруға деген қызығушылығы артып келеді.